Абайтану мұражайы – мұрағат ошағы

0 69

Адам өмірі еңбегімен өлшенеді десек, мұражайдың негізін жылдар бойы жинақталып сақталған жәдігерлер қалайды. Дана данышпандарын, қоғам қайраткерлерін мәңгі есте сақтау үшін олардан қалған ұлағат – мұраны көздің қарашығындай сақтап, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізетін қасиетті орын мұражай.

Ұлы ақынның 175 жылдық мерейтойы қарсаңында елордада тұңғыш ашылған Абай атындағы №87 мектеп-гимназиясы алғашқы күннен бастап Абай шығармашылығын кеңінен насихаттау мақсатындағы елеулі жұмысын бастады. М.Әуезовтің алдын көрген абайтанушы ғалым Мекемтас Мырзахметовпен кеңес құрып, мектеп бағдарламасына абайтану курсын бастауыш сыныптардан бастап үш сатыға бөліп, толық оқытуды қолға алды. Осы мақсатта мектеп жанынан Абайдың өсу жолынан бастап, «Толық адам» іліміне дейінгі кезеңді қамтитын «Абайтану» ғылыми-танымдық орталығының экспозициялық нұсқасын қалыптастырды. «Абайтану» ғылыми-танымдық орталығы Ұлы ақынның балалық шағынан бастап, даналыққа дейінгі өсу жолын қамти отырып, абайтану ғылымын да үш кезеңге бөліп қарастырады. Аталған орталыққа қажет тарихи-әдеби фотоматериалдар мен Абай шығармашылығының үш кезеңін қамтитын жәдігерлер жинақталды. Абай шығармашылығына байланысты 14 тарихи деректі фильмдер, 2000-ға таяу тарихи фото-құжаттар, ғалымдардың мерзімдік ғылыми-талдау мақалалары мен зерттеу еңбектері, 30-ға жуық музыкалық мұралары, әлем тілдеріне аударылған еңбектері жиналды.
Абайтану ғылыми-танымдық орталығы «Бала Абай», «Ақын Абай», «Хакім Абай» тақырыптары бойынша абайтану ілімін сатылай зерттейді.
Абайтану ілімін мектеп бағдарламасына жүйелі түрде енгізу, тәуелсіз еліміздің Абай тереңіне үңіле отырып, ұрпақ тәрбиесін тереңдетуіне мән береді.
Мектеп бағдарламасына сәйкес құрылған абайтану бағдарламасы ақынның өсу жолы мен шығармаларын әр тақырыпқа бөліп, жүйелеп оқытуды талап етеді. Бағдарлама абайтану ғылымының үш кезеңін қамтиды:
– «Бала Абай» – 1-4-сыныптарға;
– «Ақын Абай» – 5-8-сыныптарға;
– «Хакім Абай» – 9-11-сыныптарға арналған.
Абайтану бағдарламасы Ұлы ақынның балалық шағынан бастап, даналыққа дейінгі өсу жолын қамти отырып, абайтану ғылымын да үш кезеңге бөліп қарастырады:
– Абай дәуіріндегі абайтану;
– Кеңес өкіметі дәуіріндегі абайтану;
– Бүгінгі абайтану ғылымы.
Кезең-кезеңге бөліп оқыту бағдарламасының ерекшелігі – республика бо­йынша мектеп бағдарламасына сәйкес оқытылатын абайтану бағдарламасында бұрын-соңды назардан тыс қалып келе жатқан Абайдың сатылай өсу жолдарын негізге ала отырып, балалардың жас ерекшелігіне қарай оқытылады. Абайдың өмір жолы мен шығармашылық кезеңдерін тақырыпқа бөліп, шығармаларын топтастыру арқылы тақырыпқа сәйкес оқытушының шектеусіз шығармашылық ізденісіне жол ашылады.
Әр адамның іздегенін табатын, оны өміріне тірек ете алатын, бағыт-бағдарын айқындай алатын қуат күші Абай шығармаларының тұрақты әдістемелік нұсқасын қалыптастыру мақсатында Абайды тану, оның шығармаларын меңгеру арқылы өмірде өз қажетіне сай оқып-үйрену, жан-жақты талдап, жас ұрпақты адамгершілікке баулу болып табылады. Абайдың өмірі мен шығармашылығын, әдеби мұраларының мәні мен маңызын тану, мектеп бағдарламасына сай абайтану оқулығын қалыптастыру – мектептің басты мақсаты. Абайтану ілімін әлемдік деңгейдегі ойшылдардың қатарына жеткізу біз тәрбиелеп отырған жас ұрпақтың еншісінде болмақ. Осыған орай, мектеп ішінде ашылған «Абайтану» ғылыми-танымдық орталығы бағдарламаға сәйкес үш бөлімді қамтиды.
«Бала Абай» бөлімінде бала Абайдың ата-тегі, дүниеге келуі, есімінің азан шақырылып қойылуы, әкесі Құнанбай тұлғасы, әжесі Зеренің мейірімі мен немере тәрбиесіндегі орны, анасы Ұлжанның сөзге шешендігі, бала тәрбиесіндегі ықпалы жайлы тақырыптары қамтылады. Семейдегі Ахмет-Риза медресесінде оқуы, «Абай жолы» роман-эпопеясындағы бала Абайдың образы талданады.
«Ақын Абай» бөлімінде жасөспірім Абайдың әкесі Құнанбайдың ықпалымен Семейге оралуы, Абай мен әкесі Құнанбайдың байланысы, Қарқаралы тарихы, Қарқаралыдағы Абай түскен үй, Абайдың заңгерлігі, саяси жер аударылып келген орыс достармен байланысы, көзі ашық оқымыстылармен пікірлес болуы жіктеле қамтылады.
«Хакім Абай» бөлімінде абайтанудың негізін ақынның көзін көрген Кәкітай мен Тұрағұлдан бастап, Мұхтар Әуезовтің өзі қалап берді. Бұл ғылымның алғашқы кезеңінде Әлихан Бөкейханұлы, Ахмет Байтұрсынұлы, Мағжан Жұмабаев және басқа Алаш қайраткерлері де ерекше үлес қосты. Абайтанудың үш кезеңін қамтитын «Абай заманындағы абайтану», «Кеңес дәуіріндегі абайтану», «Бүгінгі абайтану» салалары бойынша тақырыптарға бөліп зерттеу бойынша экспозицияға қойылған жәдігерлердің құндылығы арта түседі. Тағылымды да тәрбиелік сипаты терең экспозициялық залдың негізі әрі қарай «Толық адам» дәрістерімен жалғасады.
М.Әуезов – Абай шығармаларын жинаушы әрі текстологы ретінде жазушының еңбектері мен шәкірті Қайым Мұхамедхановтың еңбектері көрсетілген.
Абайтану орталығы ұрпақ тәрбие­сінде рухани міндетімізге айналған «Толық адам» ілімі бойынша абайтану тарихында бұл алға қойылған міндетті мектептегі оқыту жүйесіне толық енгізуге бағыт береді.
Абайтану саласында бүгінгі таңда атқарылып отырған жұмыстар аз емес. Ел ішіндегі төтенше жағдайға байланысты кезеңдерде де Абай атындағы мектеп өз жұмысын тоқтатқан емес. Мектеп ұстаздары мен оқушыларды қатыстыра отырып, жоспар бойынша халықаралық, республикалық онлайн конференциялар өткізіп, оларға арнайы абайтанушы ғалымдар қатыстырылды. Ұлттық академиялық кітапханамен бірлесе отырып, «Абайдың рухани мұрасы» атты халықаралық конференция өтті. Оған Түркия, Қытай, Ресей, Венгрия, т. б. елдердің абайтанушы ғалымдары қатысты. Елорда кітапханалары мен республикалық «Білім айнасы» журналының қатысуымен «Абайтануды мектеп бағдарламасында оқыту» тақырыбында бағдарламаның авторы ретінде баяндама жасадым. Әлеуметтік желінің көмегімен Алматы облысы Жетісу өлкетану мұражайымен кездесу өткізіп, Абай туралы сирек мәліметтер жөнінде пікір алмастық. Мектеп басшылығының ұйымдастыруымен ұлылар еліндегі Абай мұражайымен «Абай музейіне саяхат» онлайн экскурсиялық саяхат ұйымдастырып, қала мектептерінің ұстаздары мен жалпы көрермендерді қатыстырдық. Шымкент қалалық Білім басқармасымен бірге «Абайдың балалық шағы», Түркістан облыстық Мәдениет басқармасының ұйымдастыруымен «Абай және қазақ мәдениеті» атты онлайн кездесулер өтті. Семейдің Абай атындағы кітап­ханасы, Шығыс Қазақстан облысы Үржар ауданы Білім басқармасы Абай шығармашылығы туралы кездесу өткізіп, мағлұматтар алынды.
Алдағы уақытта Қазақстан бойынша өтініштер қабылдап, Абай шығармашылығына байланысты тақырыптық онлайн кездесулер мен «Ұлылар еліне саяхат» бағдарламасына сәйкес Семей жеріне сапарға шығуды жоспарлап отырмыз.
Олай болса Абай – ұлылықтың сөнбейтін шамшырағы, Абай – бүгін мен болашақтың алтын діңгегі екенін мақтан тұтамыз!

Алмахан МҰХАМЕТҚАЛИҚЫЗЫ,
Абай Құнанбайұлы атындағы
№ 87 мектеп-гимназиясы
«Абайтану» ғылыми-танымдық
орталығының жетекшісі

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

five × one =