©2020 Астана Ақшамы
Абайлаңыз, электронды алаяқ!
Қоғамның бүгінгі келбетіне қарап, қазақтың «Біреудің ала жібін аттама» дейтін тәрбиелі сөзінің аяқасты болғанына көзіміз жеткендей. Алаяқтықтың түрлі әдіс-тәсілдері пайда болды.
«Кезексіз пәтер алып беремін», «банктен үлкен сомада несие алуға көмектесемін», «жер алуға жәрдемдесемін» деген секілді уәдені үйіп-төгетін алаяқтар қарапайым азаматтарды оңай қақпанға түсіреді. Онсыз да үй алуға кезегі жетпей жүрген кейбір жандар мұндай ұсыныстан қалай бас тартсын?! Кейбірі еш ойланбастан әлгі алаяқтардың сөзіне сеніп, қолына сұраған қаражатын ұстата салады. Олардан еш құжат та талап етпейді. Ал олардың алаяқ екендігін тек соңғы сәтте ғана ұғынып, құқық қорғау орындарынан көмек сұрап жатады. Алаяқтық кезінде алдау ауызша да, жазбаша да болуы мүмкін. Алаяқтық кезінде жалған құжаттарды пайдалану алдаудың бір түрі болып табылады. Алаяқтық кезінде сенімді асыра пайдалану жолымен кінәлі өзі мен меншік иесі немесе мүліктің өзге де иесі арасындағы сенімділік қатынастарды пайдалана отырып, оны алдайды не адастырады. Ел азаматтарын алдап соғу деректерінің тағы бірі – криптовалютаға қатысты алаяқтықтың пайда болуы.
Мәселен, Астана қаласында Б. есімді азамат 2017 жылы нарықтағы бағадан арзан бағамен орталықсыздандырылған виртуалды валюта – биткойн сатамын деп интернет желісіне хабарландыру берген. Ал мұндай мүмкіндікті қалт жібермеуге тырысқан екі азамат өздері танымайтын азаматқа сұраған ақшасын беруге келіскен. Өзінің іс-әрекетін әшкерелемеу мақсатында алаяқ азамат өзінің ноутбугы арқылы биткойн криптовалютасын олардың интернет әмиянына аударғанын алдап көрсетіп, ақшалай қаражаттарын жымқырып алған.
Алаяқ адам алдау үшін түрлі айла-тәсілдер ойлап табады. Ығына жығылған кез келген кісінің қолындағысын қағып кетуге дайын тұрады. Әдетте, алаяқтар адамдардың жеңіл пайда табу, бір нәрсеге оңай әрі тез қол жеткізуді көздейтін қасиеттерін пайдаланады. Ал азаматтар мұндай алаяқтарға алданбаймын десе де, ондай алаяқтардың қармағына қалай түсіп қалғандарын байқамай қалады. Қалай десек те, қазір қоғамда алаяқтардың жолы болып-ақ тұр. Сондықтан азаматтардың алаяқтардың арбауына түспей, қырағылық таныта білуі маңызды. Осыған байланысты төмендегі кеңестерді ескере жүру қажет: Жылжымайтын мүлікті сату және сатып алу кезінде барлық іс-шараларды, сондай-ақ ақшалай қаражаттарды қарызға алуды тек нотариус арқылы рәсімдеу қажет. Келісімшарттың барлық тармақтарын мұқият оқу керек. Келісімнің барлық ережелерімен келіскенше және түсінікті болғанша, ешқайда қол қоймай, түсініксіз болса түсіндіруді өтініп, егер келісімшарттың қандай да бір тармағы жазбаша көрсетілмесе, тек ауызша болса, онда сол тармақты жазбаша ендіруін сұрау, әрқашанда адамдар мен заңды тұлғалардың мекенжайын, телефонын және басқа да байланыс түрлерін нақтылау, ол туралы интернет ресурстары арқылы анықтама алу қажет.
Алаяқтың арбауына түсіп, жиған дүние-мүлкіңізден бір күннің ішінде айырылып қалғыңыз келмесе, өздеріңіздің әрекеттеріңізге жауапты болғандарыңыз абзал.
Қанат ТОБАҒАЛИҰЛЫ,
Есіл ауданы №2 аудандық сотының судьясы