«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Абайлаңыз, автобус!

0 128

Сейсенбі күні елордада болған қайғылы оқиға қоғамды дүр сілкіндірді. Күндізгі 14.30 шамасында №40 автобустың жүргізушісі көрсетілмеген жерден жолды қиып өтіп бара жатқан 15 жасар қызды қағып өлтірді. Астанадағы сауда-экономикалық колледжінің студенті жаяу жүргіншілер өткелінен небәрі 80 метрден жолды қиыпты. Ал жол-көлік оқиғасы болған кезде автобус 53 км/сағат жылдамдықпен жүйткіп келе жатқан. Рұқсат етілген жылдамдық көлемі – 50 км/сағат.

Қоғамдық көлікте 9 жыл еңбек өтілі бер жүргізуші бұған дейін ешқандай жол жүру ережелерін бұзбаған, басшылығынан да ескерту алмаған. «Тергеу жүргізуге байланысты автобустың жүргізушісі жұмысынан босатылды. Жол-көлік оқиғаларына себепші болған автобустардың жүргізушілері жедел жұмыстан қуылып, «қара тізімге» енгізіледі. Демек, олар қоғамдық көлікте жұмыс істей алмайды» деп мәлімдеді брифингте «Астана LRT» ЖШС басқарма төрағасының орынбасары Бейбіт Есжанов. Компания басшылығы қайғылы жағдайдан қаза тапқан қыздың туған-туыстарына көңіл айтты.
Қайғылы жағдайдан ешкім қор­ғалмаған. Десек те, автобус тізгіндеген жандардың адамның өміріне шыбын құрлы қарамайтыны қынжылтады. Еліміздегі әрбір екінші жол-көлік оқиғасы – жаяу адамды басып кеткен жүргізушілерге тие­сілі. Жуырда ІІМ-нің Әкімшілік полициясы комитетінің ресми өкілі Ирина Лукьянина жыл басынан бері елімізде 540 адамды көлік қағу оқиғалары тіркелгенін хабарлады. Жаяу жүргіншілердің кінәсінен болған қайғылы жағдайларда 115 адам көз жұмып, 450 адам әртүрлі жарақат алған. Ауа райының қолайсыздығы кезінде көрсетілмеген жерден жолды қиып өту аса қауіпті. Мұны балалар мен жасөспірімдерге күнде ескертуіміз керек.
Бұл жерде желіккен жүргізуші­лерді де сүттен ақ, судан таза дей алмаймыз. Қазір Астанада «қара тізімге» енген 143 жүргізуші мен 85 кондуктор бар екен. Айтпақшы, 1 қазаннан бастап елордалық жүргізушілерге айыппұл төлеу жүйесі енгізілді. Сол уақыттан бері 600-ден аса жүргізуші ереже бұзып, айыппұл төлепті. 18-20 қазан аралығында бас қалада «Автобус» атты жедел алдын алу іс-шаралары өткізілген. Жаға ұстатарлығы, осы шараның бір күнінде ғана жол жүру ережелерінің 160-тан аса бұзылғаны анықталған. Ал ендеше! 16 жүргізуші ауаны лас­тайтын автокөліктер мен жылжымалы құралдарды пайдаланған, 14-і автобус рөлінде отырып ұялы телефонмен сөйлесіпті, 12-сі маневр жасау ережесін бұзған, 10-ы техникалық тексерістен өтпеген автобус­тарды пайдаланған, 10-ға жуығы жылдамдықты асырған.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды