Абайға жақындау – өркениетке жақындау

0 89

Қазақстан Республикасының Ұлттық музейінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» мақаласына үн қосу мақсатында дөңгелек үстел мәжілісі өтті. Отырысқа қатысқан танымал ғалымдар мен белгілі өнерпаздар ұлы ақынның әдеби және музыкалық мұрасы туралы ой бөлісті.Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Журналистика және саясаттану факультетінің деканы, алаштанушы ғалым Қайрат Сақ биылғы әл-Фарабидің 1150, Абайдың 175 жылдық мерейтойлары арқылы қазақты бүкіл әлемге танытуға болатынын айта келе, Президент өз мақаласында атап өткендей, осы жыл той тойлайтын емес, ой ойлайтын жылға айналса деген пікірін жеткізді.
Абайтанудың бастауында Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы секілді Алаш қайраткерлері тұрғанын еске салып, арада бір ғасыр уақыт өтсе де, ұлы тұлғаны әлі де танып болмағанымызды айтты.
– Абайды толық тануымыз үшін хакім оқыған кітаптардың бәрін сүзіп шығуымыз керек. Сонда Абай сол білімге, сол ілімге, сол ақыл-ойға қалай жетті деген сұраққа жауап береміз. Абайдың қазақты сүйгені сонша, ол өз ұлтын өркениетті, интеллектуалды ұлттардың қатарына қосқысы келді. Қара сөздері арқылы қазақтың мінін сынады, кемшіліктерінен арылуға шақырды. Бірақ әлі түзеліп болған жоқпыз. Мұхтар Әуезов әйгілі шығармасын «Абай жолы» деп неге атады? Онда ол қазақтың ендігі жолы – Абайдың жолы – ілім-білімнің, өнердің жолы болу керектігін меңзеді. Қазір әрқайсымыз Абайдың жолымен жүрміз бе, сол жолдан адасып кеткен жоқпыз ба деп ойлануымыз керек. Бұл күндері байлықтың жолына түсіп кеттік. Рухани байлық қалды, материалдық байлықты бірінші орынға қойып отырмыз. Ал Абай сонау заманда рухани байлық арқылы толық адам болатынымызды айтып кетті. Абайға жақындау – өркениетке жақындау, – деді Қ.Сақ.
Қазір Абайдың көсемсөзін зерттеуіміз керектігін айтқан ғалым қара сөздері дәл осы жанрға жататыны жайлы пікірін жеткізді. «Ахмет Байтұрсынұлының «Әдебиет танытқышында» көсемсөзге әлеуметке басшылық жасау мақсатында жазылған мақала деген анықтама беріледі. Бұл – қазір публицистика деп жүргеніміздің баламасы. Ахмет Байтұрсынұлы – көсемсөздің теориясын, яғни анықтамасын берген тұңғыш адам. Абайдың қара сөздері – сол көсемсөз. Ол ұлтқа бағыт-бағдар беру, дұрыс жол көрсету мақсатында жазылды» деді алаштанушы.
Осыдан бір жарым ай бұрын Мемлекет басшысының тапсырмасымен Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті жанынан «Абай академиясы» ғылыми-зерттеу институты ашылды. Осы институт директорының орынбасары Жанбота Кәріпбаев оның жұмысымен таныстырды. Қазіргі кезде институт он бестен аса ғылыми жобамен айналысып жатыр. Бұл – Абайдың тұлғасы, Абайдың текстологиясы және Абайдың философиясы сияқты үш бағытта жүргізіліп отыр. Оған 12 ғылыми қызметкер тартылды. Сондай-ақ, осы жұмысқа Түркия, Татарстан ғалымдары атсалысып жатыр.
«Кеңестік заманда Абайдың «Толық адам», «Кәміл мұсылман» секілді үлкен концептуалдық идеялары идеологиялық тұрғыдан қарастырылмаған, зерттелмеген. Абайдың текстологиясы бүгінге дейін бір ізге түсірілген жоқ. Әлі де даулы, әлі де шешімін табу керек мәселелер баршылық. Біз өз деңгейімізде Абай мұрасын жеткізуге үлес қосуға ниеттеніп отырмыз» деді Ж.Кәріпбаев.
Ұлы Абайдың ән мұрасы туралы Қазақ ұлттық өнер университетінің оқытушысы, Қазақстанның мәдениет қайраткері Толғанбай Сембаев пен «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымының солисі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Құмарбек Қалқатаев ой өрбітіп, хакімнің әндерін салды. Қазір ақынның «Тор жорға», «Май түні», «Абайдың желдірмесі» және «Майдақоңыр» атты төрт күйі белгілі. Тұлғаның күйлеріне тоқталған Күйшілер одағының төрағасы Рүстем Нүркенов Абайдың айналасында үш шекті домбыраны меңгерген өнерпаздар да болғанын айта келе, осы аспаптың қасиеті туралы ой қозғап, күй тартты.
Абай өз заманында Семей қаласындағы тұңғыш өлкетану музейінің ашылуына атсалысты. 1885 жылы, яғни осыдан 130 жыл бұрын музейге киіз үй бастатқан 60-тан астам жәдігер тапсырды. Қазір Ұлттық музей қорында соның бірі – Абайдың құтысы сақталып тұр. Шара аясында ұйымдастырылған көрмеге осы құнды жәдігермен қатар ақынның 150 жылдығы кезінде белгілі әнші, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Кенжеғали Мыржықбайға сыйға тартылған сағат, басқа да жәдігерлер, Абайдың кітаптары, хакім жайлы еңбектер мен ол туралы абайтану алыбы Қайым Мұхамедханұлының қолжазбасы қойылды.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

1 × 2 =