АБАЙҒА ТАҒЗЫМ АЛАСАРМАЙДЫ

0 122

Абай Құнанбайұлының ескерткіші алдында «Жүректің сөзін сөйле, тіл!» атты әдеби-музыкалық кеш өтті. Ел арасында «Абай оқулары» деп аталып кеткен шара Қазақстан халқы тілдерінің XIV фестивалі аясында ұйымдастырылды. Оған 70-ке жуық азамат қатысуға ниет білдіріпті. Олардың ішінен 15 жас ақын іріктеліп, халық алдында ұлы Абайдың өлеңдерін оқуға мүмкіндік алды. Әдеби-музыкалық кеште елордалық зиялы қауым өкілдері мен тұрғындар Абай Құнанбайұлының ескерткішіне тағзым етіп, гүл шоқтарын қойды. Артынан «Армысың, Абай әлемі» атты кітап көрмесі ұйымдастырылды.

Мұндай басқосулардан көбіне әскерилерді кездестіре қою қиындау. Ал көпшіліктің назарын өзіне бірден аударған подполковник Манарбек Ибраһим бір топ әріптестерін бастап келіпті. Басқосу соңында онымен аз-кем тілдесудің сәті түсті.

Мұнда қайдан келе қалдыңыз десем, ыңғайсыздау болар?.. Бірақ, әдеби шаралардан форма кигендерді кездестіреміз деп ой­ламаппыз…

– Иә, рас айтасың. Мен қорғаныс саласында қызмет атқарамын. Дәлірек айтқанда, Құрлық әскерлері Бас қолбасшысының мемлекеттік тілді дамыту бөлімінің бастығымын. Ал, Абайға келер болсақ, Абайдың рухын, Абайдың мұңын, Абайдың жырын сезінбеген жауынгер Отанын да қорғай алмайды. Мен жас жауынгерлерге ең алдымен Абайды насихаттаймын, Абайды танытамын. Сондықтан, таңдана қоюдың қажеті жоқ деп ойлаймын.

Сіздің тегіңіз де Ибраһим екен. Абайдың да шын есімі Ибраһим екенін білетін боларсыз?..

– Әлбетте. Мен өзімнің тегіммен де мақтанамын. Қазақтың ұлы ақынының есімі менің атаммен аттас болғанына қуанамын. Сол бабаларымның атына кір келтірмеу үшін де тер төгемін, аянбаймын.

Осы орайда, бір нәрсені айта кеткім келеді. Абайдың шын есімі – Ибраһим. Ал, Абай деп, әжесі еркелетіп қана айтқан. Біз неге Абай деуіміз ке­рек? Енді ұлы ақынымыздың есімін өзіне қайтаратын уақыт жетті. Елдің көзі ашық, көкірегі ояу. Абайды Ибраһим деп, азан шақырып қойған атымен атағанымыз жөн.

Енді, Ибраһимнің шығармаларын жатқа білесіз бе?

– Жатқа білгенім былай тұрсын, оның пәлсапалық ойларын, қара сөздеріндегі тағылымды жолдарын бала тәрбиесінде де қолданамын. Ал әндерін сүйіп тыңдаймын әрі ай­тамын. Бір ғажабы, Ибраһим әндері ешқандай музыкалық аспаптың сүйемелдеуінсіз-ақ,тыңдарманының «құлағынан кіріп, бойын алады» ғой. Кең тыныста орындалуымен айналасының бәрін елітіп, еліктіріп әкетеді.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

12 + 12 =