Абайдың сатиралық әлемі

0 60

Ұлттық академиялық кітап­ханада қазақы әдепті әзілге өрілген әдемі бір кеш өтті. Оған ұйытқы болған Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, белгілі сатирик, қаламы жорға журналист Көпен Әмірбек. Кештің аты «Абай-Сатирик» деп аталды.Біз хакім атамыздың ойшыл ақын, кемеңгер философ екендігін білеміз. Ал ұлы тұлғаның сатиралық қырынан хабарымыз аз. Осы кемістікті Көпен ағамыз толтырғандай болды. Талантты қаламгер Абайдың сатиралық өлеңдері жайынды әдеби сыншыға тән әсерлі әңгіме қозғады.
–Абайды айтқанда – есімізге ұлт түседі. Абай дегенде – адамзаттың болмыс-бітімі тұрады. Абай дегенде көз алдыңызға толық адамның бейнесі келеді. Ақынның парасат-пайымы барлық шығармасында тұр. Бірақ жұртшылық онша біле бермейтін, және оған онша үңіле қоймайтын бір ақиқат бар. Ол – «Абай – Сатирик» деген. Абайдың сатирасы бүгінгі заманның да үстінен дөп түсіп тұр. Сондықтан бүгінгі кештің жастарға берер тәлімі мол, – деді Көпен Әмірбек.
Сондай-ақ ол хакімнің сатиралық қырын заңғар жазушы Мұхтар Әуезов өз шығармасында тамаша көрсетіп бергендігін айтты. Тағы бір ардақты азамат, белгілі ғалым Темірбек Қожекеев « Абай-Сатирик» деген үлкен ғылыми еңбек жазғандығын баяндады.
Сонымен қатар кеш барысында басқа да зиялы азаматтар сөз алып, кемеңгер туралы парасатты пікірлерін білдірді. Елордалық мектеп оқушылар ақынның өлеңдерін оқыса, тамаша дәстүрлі әнші, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ерлан Рысқали Абай әндерін тамылжытып орындады.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

9 − 6 =