Абайдың қара сөздері – өмір сүру қағидасы

0 1  446

Абай «қара сөздері» қырық бес сөзден тұрады екен… Неге аз? Жоғалғаны жоқ па екен?.. Неге қырық бес? Одан көп болуы мүмкін бе еді? Бұл сұрағымызға айтарлықтай дәлелді жауап таппадық. Бірақ олар туралы ойлар бар.Солардың бірі Абайдың қара сөздері қырық бес­тен көп те болуы мүмкін еді дейді. Абайдың ойлау дәрежесі осы сөздерде қамтылғандардан да басқа көптеген мәселелер жөнінде ой толғап, өз қорытындыларын қорытып шығаруға жететін еді. Бірақ не өзі қаламады, не ғұмыр қысқалығы мүмкіндік бермеді дейді.
Екінші бір ой – «Абайдан айтылмаған сөз қалмады» дейтін кейбір зерттеушілер ойын қуаттамақ болады. Олар адам (қазақ) баласының өміріне керекті ақыл мен ойды Абай сөздері мен өлеңдері түгендеп кеткен дейді. Бұл ойға да көңіл тоқтатуға болатын секілді. Өмірде кездесіп жататын кез келген құбылысқа, оқиғаға Абай сөзімен мысал келтіріп, Абай өлеңімен қос­тауға болатынына көзіміз жетіп келеді.
Осындай бір-біріне қарама-қарсы ой тұлпарларына мініп алып, біз де біраз саяхат жасап қайтсақ па дейміз…
Саяхат болғанда да Абай әлеміне, Абай ойларына, Абай өлеңдеріне саяхат…
Біз өзімізше, алдымен, Абай сөздеріне берілген сандық белгілер орнына мағыналық теңеу таңып байқамақ болдық. Содан барып төмендегідей тізім жасақтадық:
Бірінші сөз – адам міндетін анықтау;
Екінші сөз – еңбекке баулу;
Үшінші сөз – билік сыры;
Төртінші сөз – мастық пен күлкі;
Бесінші сөз – қалыптасу;
Алтыншы сөз – түсінік;
Жетінші сөз – талпыныс;
Сегізінші сөз – насихат;
Тоғызыншы сөз – ұлтжандылық;
Оныншы сөз – ұрпақ;
Он бірінші сөз – кәсіп;
Он екінші сөз – ғибадат;
Он үшінші сөз – иман;
Он төртінші сөз – жүрек;
Он бесінші сөз – ақыл;
Он алтыншы сөз – еліктеу;
Он жетінші сөз – бірлік;
Он сегізінші сөз – кербездік;
Он тоғызыншы сөз – естілік;
Жиырмасыншы сөз – жалығу;
Жиырма бірінші сөз – мақтан;
Жиырма екінші сөз – қадір тұту;
Жиырма үшінші сөз – қуаныш пен жұбаныш;
Жиырма төртінші сөз – күншілдік;
Жиырма бесінші сөз – құлшылық;
Жиырма алтыншы сөз – надандық;
Жиырма жетінші сөз – өсиет;
Жиырма сегізінші сөз – парыз;
Жиырма тоғызыншы сөз – сақтық;
Отызыншы сөз – ұят;
Отыз бірінші сөз – ойлылық;
Отыз екінші сөз – талап;
Отыз үшінші сөз – өнер;
Отыз төртінші сөз – бұ дүние;
Отыз бесінші сөз – о дүние;
Отыз алтыншы сөз – ұят пен иман;
Отыз жетінші сөз – уағыз;
Отыз сегізінші сөз – жаратылыс;
Отыз тоғызыншы сөз – намыс;
Қырықыншы сөз – мінез;
Қырық бірінші сөз – тәрбие;
Қырық екінші сөз – тіршілік қамы;
Қырық үшінші сөз – тән мен жан;
Қырық төртінші сөз – тазалық;
Қырық бесінші сөз – адам болмысы.
Біз осыдан кейін әр қара сөз мағынасына сәйкес деп таңдаған атаулар тізімін талдап қарадық. Бұдан байқағанымыз тек қана ұят (отызыншы, отыз алтыншы) және иман (он үшінші, отыз алтыншы) атаулары, солар туралы айтылар ой екі рет қайталанатынын байқадық. Басқа ешқандай ой да, сөз де қайталанбайды. Осыған қарап, біз Абайдың осы еңбегін жазуға кірісер алдында адам баласының тәрбиесіне, тіршілігіне қажетті деген насихат сөздерінің тақырыбын іріктеп, тізіп алып барып, сосын іске кіріскен бе деп ойлаймыз.
Абай ойларына, Абай әлеміне саяхат жасамақ болғандардың бір мойындауға тиісті ақиқаты болуға тиісті. Ол – Абайды түсінудің сан сатылы болатыны. Өйткені осындай саяхатқа шыққандар білімі мен зердесінің, табиғи болмысы мен тәрбиесінің жобасына байланысты тек қана өз дәрежесіне дейін көтеріле алмақ. Мысалға менің ойшылдығым мен білімпаздығым орташа ғана дәрежеде болса, онда менің тұжырымдарым атақты білгірлер сатысынан әлдеқайда төмен тұруы кәдік. Олардың мені жазғыруы да мүмкін. Бірақ мен оған мойымақ емеспін. Өйткені Абаймен сырласуға, Абай әлеміне саяхат жасауға әркімнің де қақысы бар. Абайдың өзі «болмасаң да ұқсап бақ» деген.
Сонымен Абайдың қара сөздері маған не дейді?
Жаратылысты, тіршілік ережелері туралы өмір қағидаларын қабылдау арқылы өзімнің білімім мен ақылымның жобасы Абай сөздерінен не ұға алды?
Біз, ең алдымен, Абай өз сөздерін қалай бастап, қалай аяқтады екен деген сұраққа жауап беруге тырыстық та, бірінші сөз бен соңғы сөз мағыналарына ой жүгіртпек болдық.
Абай бірінші сөзімен өзінің саналы тіршілік алға тартар көп нәрселер туралы ойланатын жан екенін танытады. Болашақ оқушыларымен әңгіме-дүкен құра отырып, өз ойларын, болашақ айтылмақ сөздерін, көздеген мақсатын соншалықты түсінікті, талас тудырмайтындай етіп, түсіндіріп береді.
Бірінші сөз, сөз жоқ, алғашқы сөз болуға лайық сөз деген қорытындыға келдік. Оның алдына салған кез келген сөз өз орнында тұрмаған болар еді.
Ал соңғы сөз – ол дәл соңғы сөз. Егер Абай тағы бір сөз қосқысы келсе, онда ол сөз соңғы болып тұра алмас еді, ортаға түсер еді.
Абай сөздерінің қорытындысы секілді қырық бесінші сөзінде шексіздікті, шексіз әлемді жаратушының бар екендігі айтылады. Бар әлем бір заңға бағынып, бір құдірет бұйрығын бұлжытпай орындап жатады. Абай тірілер жаратқанның адам пенделеріне, жан-жануарына берген сезімдері арқылы тіршілік заңдылықтарын мойындайды, өз тірліктерін жалғастыруға құштар болады дейді. Абай өз еркімен ешкім еш нәрсе жасай алмайтынын, тек қана Жаратқанның жаратқандарын жаратқан сыйлаған сезімдер арқылы сезе алатындығын әңгіме еткен. Егер ондай сезім аз болса, онда кісінің кісілігінің де жобасы төмендей бермек. Қырық бесінші сөз – соңғы сөз!..

Бірінші сөздің астары

Бірінші сөзден…
Бұл жасқа келгенше жақсы өткіздік пе, жаман өткіздік пе, әйтеуір бірталай өмірімізді өткіздік: алыс­тық, жұлыстық, айтыстық, тартыс­тық – әурешілікті көре-көре келдік.
Абай: өлшемі – шексіздік; мезгілі – мәңгілік; болмысы – ұлылық атты жаратылыс құдіреттеріне толық бағына, құрметтей сезіне бағалаған болса керек. Ол адам пендесіне тиісті «қамшы сабындай» қысқа ғұмырдан өзіне тиісті еншісін мол алмаққа тырысқан секілді…
Өзі тырыспаса сүрген ортасы мен өмір тартысы мәжбүрлеген.
Абай тек қана өмір сүрмеген, өмір туралы ойланған да.
Жауы да болған… Дауы да болған…
Жауы болғасын алысқан, жұлыс­қан. Күш көрсетіп жеңбекке тырысқан…
Дауы болғасын айтысқан, тартысқан. Айтысқасын ақыл салыстырады… Сөзбен тартысып сөзден сөз, ойдан ой асырмаққа тырысады…
Сүйе де білген, күйе де білген…
Ойлана да білген, толғана да білген…
Жоғарыда, өз шамамызша, Ұлы табиғатты оқушылар қиялына, ойына, көзіне елестетпек болып: өлшемі шексіздік, мезгілі мәңгілік, болмысы ұлылық деп атаған едік.
Абайдың шексіздік пен мәңгілікке қарсы қояры немесе өз үлесіне тигені – бар болғаны алпысқа жетпей үзілген қысқа ғұмыры.
Дегенмен Абай ойы, Абай мұралары әлгі шексіздік, мәңгілік, ұлылық атты өлшемдерді өз бойына өлшеп қарап, адамдардың «өледі, өшеді» деген өлшемдеріне талас тудырып тұр.
Алпыс жылдық ғұмырымен Абайдың ойы мен сөзі, өнері мен ақылы мәңгілік пен шексіздік атты жұтпаның өңешіне сиғысы келмей, амалсыз жұртшылық назарын өзіне аударуда.
Абай – әлем туралы білікке де, адам туралы танымға да өз көзқарасы болғанын, өз пайымын қалыптастырғанын дәлелдеген адам.
Абайдың бірінші сөзінен алынған келесі үзіндіні оқып қаралық…
…Енді жер ортасы жасқа келдік: қажыдық, жалықтық; қылып жүрген ісіміздің баянсызын, байлаусызын көрдік, бәрі қоршылық екенін білдік. Ал енді қалған өмірімізді қайтіп, не қылып өткіземіз? Соны таба алмай өзім де қайранмын…
Абай осы сөздерімен әлем жаратылысына қайрат көрсетпек болғандардың таласы мен тартысының нәтижесін анықтап береді. Уақыт кім-кімді де мансабына, байлығына, көкірегіне қарамай, ақыры, қажытады, жалықтырады. Ақылы жеткендердің әлгі талас пен тартыс істерінің түбінде қоршылық екендігін, адам пендесінің жаратылыстағы орны бір-бірінің жағасын жырту емес екендігін түсіндіреді.
Абай өмір сатыларын осылайша өткізіп алып, Жаратылыс ақиқатын іздейді.
…Ақыры, ойладым: Осы ойыма келген нәрселерді қағазға жаза берейін, ақ қағаз бен қара сияны ермек қылайын, кімде-кім ішінен керекті сөз тапса, жазып алсын, я оқысын, керегі жоқ десе, өз сөзім өзімдікі дедім де, ақыры, осыған байладым, енді мұнан басқа ешбір жұмысым жоқ…
Абай бірінші сөзін: «… дедім де, ақыры, осыған байладым, енді мұнан басқа ешбір жұмысым жоқ» деп, осылайша аяқтайды.
Әрине, әлем тыңдарлық асыл сөздер иесі Абайдың өмірден мүлдем алшақтап кетуі мүмкін емес. Абайдың еш нәрсеге енжар қарай алмайтыны, заманға да, адамға да немқұрайлы бола алмайтыны түсінікті. Бірақ Абай өзінің осы қара сөздерін ерекше таққа отырғызып кету үшін солай деп те отырған болар.
«…енді мұнан басқа ешбір жұмысым жоқ» дегенде, болашақ айтылмақ ойларынан күтері көп екендігін, барлық шаруасы мен шығармашылық еңбегінен болашақ жазылмақ ойларын ілгері орынға шығаратынын байқатқаны секілді…
Ой ойлау…
Ойды қағазға түсіру…
Ойым біреудің пайдасына асса деп дәмету…
Әрине, бұл қылықтар Абайдың ұстаз екендігіне дәлел. Ұстаз бол­ғанда да әлемдік дәрежедегі ұстаз.
Бірінші сөз: жеке жаратылыс­тың (ұлыларды ойлап отырмыз) ой ісінің нәтижесі жай адам пенделерінің қолмен тындырар істерінен қажеттірек екенін, ондай адамдардың табиғат сыйлаған ерекше дарынын жалпы адамзат үшін пайдаға асыру жолындағы еңбегінің құндырақ екенін дәлелдеп шыққан.
Абай өзінің ұлылығын байқаған болса керек. Содан барып ол кез келген пенде тындырып жатқан болымсыз нәрселермен, тіршілік тауқыметімен айналысудан бас тартқан болар, содан барып жалпы адамзат мүддесін қанағаттандырарлық ойларға берілген болар деген сенімге жетелейді…

Екінші сөздің астары

Бұ сөзінде Абай «қайран жұрты қазағына» қайран қалады. Жанындай жақсы көретін халқын басқалармен салыстырып қарап, өзгелердің өз жұртынан озық жерлерін мысал етеді. Қайран жұрты қазағының кей қылықтарын ызалана бетке баса отырып, өз жүрегін жарақаттай отырып жалпы жұртшылық санасына жеткізеді…
…Сонда мен ойлаушы едім: ей, Құдай-ай, бізден басқа халықтың бәрі антұрған, жаман келеді екен, ең тәуір халық біз екенбіз деп…
…Енді қарап тұрсам, сарттың екпеген егіні жоқ, шығармаған жемісі жоқ, саудагерінің жүрмеген жері жоқ, қылмаған шеберлігі жоқ…
…Ноғайға қарасам, солдаттыққа да шыдайды, кедейлікке де шыдайды, қазаға да шыдайды, молда, медресе сақтап, дін күтуге де шыдайды…
…Орысқа айтар сөз жоқ…
…Бағанағы мақтан, бағанағы қуанған, күлген сөздеріміз қайда?..
Абай – өз елінің төл тумасы. Ол өз елін де, өз жерін де мақтаныш тұтқан адам. Бұл ойға сенбейтіндерімізге айтарымыз олар Абайдың «Жазғытұры» атты өлеңінің әр сөзін, әр тынысын көкірек көзімен оқып қарасыншы. Бұл өлең Абайдың өзіне де ұнаған өлең екен. Қыз-келіншектердің сыңқылдағаны, құлын-тайдың бұлтылдағаны… даласы… өзен үні… даласын сүймеген, далалықтар қылығына сүйсінбеген жан сондай өлеңді жаза алар ма еді…
Абай – өз елін ерекше сүйіспен­шілікпен жақсы көре алған кісі. Сондықтан да өз жұртының кем­шіліктерін ұқыптылықпен іздес­тіріп, тізіп, жазып, айтып жүруді, жұрт аузына салып жарыққа шығаруды өз міндетім деп есептеген.
Абай өзіне соншалықты міндетті қалай жүктей алған?
Біздің пайымдауымызша, Абай – өзінің данышпандық болмысын түсіне алған тұлға. Сондықтан да «қайран жұрты қазағының» жа­ғым­сыз қылықтарын аяусыз әшкере еткен кезде замандастарына жағымсыз кейіпте көрінуге қорықпаған, қазақ атына жағымсыз сөз айтуға арланбаған кемеңгер, сүйікті жұртының кейбір адамдарына жағымсыз көрінуге шыдап, мыңмен жалғыз күреске шыққан қазақтың таусоғар алыбы. Абайдың бұл қылығына өз замандастары түгілі, екі жүз жылға жуық уақыт өткенде, бүгінгі ұрпақтарының ішінде де риза еместері толып жатыр.
Енді бұл сөз туралы екінші ой…
Екінші сөздегі «біздің қазақ» деген сөз орнына Абайды оқып отырған кез келген елдің ойшыл адамы өз жұртын ойлай отырып оқитыны сөзсіз.
Мысалы бір ағылшын жазушысы Абайды оқып отыр екен делік. Ол міндетті түрде жаман мінезді, жаман қылықты қазақты емес, жаман қылықты өз жұртын көз алдына елестетеді деп ойлаймыз… Адамдар бойындағы, өзі танитын ағылшын бойындағы әбес қылықтарды Абайдан оқыған ағылшын ойшылы Абайға риза болар еді. Қалай тауып айтқан, бұ кісілер бізде де толып жатыр емес пе дер еді.
Егер орыс ойшылы оқып отырған болса ойына бірден Гончаровтың Обломовы секілді өз қандастарын есіне түсірер еді деп ойлаймыз.
Екінші сөзде Абай өз қандастарының даңғой мінездерін, оғаш қылықтарын мысалға ала отырып, бұл сөзді адам пенделеріне жаны ашитындардың бәріне арнаған секілді.
Жанындай жақсы көрген «қайран жұртын, қазағын» Абай қандай қасиеттерімен көргісі келді?
Басында ми жоқ,
Өзінде ой жоқ,
Күлкішіл кердең наданның.
Көп айтса көнді,
Жұрт айтса болды –
Әдеті надан адамның.
Бойда қайрат, ойда көз,
Болмаған соң, айтпа сөз.
Міне көрдіңіз бе, Абай сөзін кімге арнап отыр. Абай сөзін «бойда қайрат, ойда көзі» бар, асыл қасиетті адамдарға арнайды. Олары болмаса оларға сөз айтпа деп отыр емес пе?
Тамағы тоқтық,
Жұмысы жоқтық,
Аздырар адам баласын.
Сол ой үстінде, халқына не жетпей жатқанын аңғартып, ойлыларының намысын қамшылау үшін жазылған ойлар деп есептейміз. Кейбір арзан ойлы айтқыштарымыз Абай қазақ халқын әлемге жаман етіп көрсетті деп, шамданғысы келеді. Біздің айтарымыз Абай қара сөзінде жазған асыл ойларын әлгіндей адамдарға арнамаған.
Абай сөздері тек қана ой түсінетін, ой толғай алатын жандарға арналады.
Бұл сөзді жазғанда Абай:
«Есер-есірік болмасаң,
Тіршіліктен пайда жоқ» деген сөзін арнаған адамдарды, рухани тірлікте шаруасы жоқ, мақсаты «ас ішіп, аяқ босату» қызметімен шектелетіндерді есепке алмаған…
Содан да болар, Абай менің сөздерім біреуге ұнамай қалады-ау, түсініксіз болады-ау деген ойлардан аулақ болған…
Атадан алтау,
Анадан төртеу,
Жалғыздық көрер жерім жоқ.
Ағайын бек көп,
Айтамын ептеп,
Сөзімді ұғар елім жоқ.
Моласындай бақсының
Жалғыз қалдым – тап шыным!
Абайдың атадан алпыс туса да, анадан қырық туса да жалғыз қалуы – заңды құбылыс. Абай ойлы. Ол ағайын іздеп отырған жоқ. Ол ойын түсінер адам іздеп отыр. Сондықтан да оны жалғыздық шошытады.
«Адасқанның алды – жөн, арты – соқпақ…» деп, адам пенделерінің күнделікті күйкі тіршілігін суреттей алады.
Абай өз жұртын қандай қасиеттерімен көргісі келеді? Бұл сұраққа жауап беру оңай деп ойлаймыз.
Абай өз жұртының бойынан өзі санап шыққан қасиетсіз қылықтардан арылтқысы келді. Ол барлық сөзінде адал еңбек пен мал табуды, әлемдегі озық жұрттар жетістігінен үлгі алуды үгіттеуден жалықпады.

Үшінші сөздің астары

…Қазақтың бірінің біріне қаскүнем болмағының, бірінің тілеуін бірі тілеспейтұғының, рас сөзі аз болатұғының, қызметке таласқыш болатұғының, өздерінің жалқау болатұғының себебі не?..
Абай осылай депті. Бұл сөздерді оқыған қазақ қандай күйде болмақ?
Қарындасқа қаны тартар кісінің намысы оянар, көңілін босатар, арлана көзге жас алдырар сөздер емес пе?
Абай солай дейді екен, қазақ не дейді? Қазақ не десін! Абай дұрыс айтады дейді. Абайдың солай дерін олар одан бұрын сезіп қойыпты.
Қазақ: «Дос жылатып айтады…» депті. Абай жылатып айтыпты. Халқының досы екенін дәлелдей түсіпті…
…«Қасым ханның қасқа жолын, Есім ханның ескі жолын», «Әз Тәуке ханның Күлтөбенің басындағы күнде кеңес болғанда, «Жеті Жарғысын» білмек керек» деп, қазақ мемлекеттерінің жақсы заңдарының болғанын, үлгі аларлық азаматтарының өткенін ескертеді.
Бірақ сол жақсылар сөзінен, сол тәуір замандар заңынан бұ заман құлқына сәйкес келмей жатары болса, одан да сақтандырады.
«…ескі сөздердің қайсысы заман өзгергендікпенен ескіріп, бұл жаңа заманға келіспейтұғын болса, оның орнына татымды толық билік шығарып…» түзету енгізу қажеттігін айтады.
Қазақпын дейтіндерді сонша тұқырта, жерге кіргізе даттарлық әлгі сөздер шыққан ауыздан, сол пәлелерден құтылу жолын, бағдарламасын да Абай өзі жасап беріп кетіпті.
Ұлы Абайдың қазақ жұртына ел болу, қазақтарға адам болу бағдарламасы (программасы) бір кітап та емес, бір тарау да емес, тіпті бір парақ бет те емес.
Бұл бағдарлама бар болғаны бір ауыз сөзге сыйдырылған.
Абайдың данышпандық куәлігі де, академиктік дипломы да – осы бір ауыз сөз.
Біріңді, қазақ, бірің дос,
Көрмесең, істің бәрі бос…
Абайдың бүкіл адамзат ұрпақтарына да айтары – сол. Абай тек қана қазақты дос көр демейді. Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп ақыл айтады.
Жаңа заманда жаңа қазақтар болу қажеттігін алдын ала болжайды.
Абай үшінші сөзіндегі әлгі қатал сөздерді жазғанда, Шыңғыс бөктеріндегі қолдан қолға ауып жататын жақсы жайлау мен қысқы қоныстармен қоса Троекуров пен Дубровский арасындағы дауды да ойға алып отырмады дейсің бе?..
Елін, халқын бар жанымен сүйе алған кісінің сөзі ғана осындай болатын болар… Абай да, Пушкин де өз елінің даңғойларын өлтіре сынаған. Тек қана бір айырмашылығы Пушкин жағымсыз кейіпкерлерін жеке кісілердің атағымен атаса, Абай кісі орнына жағымсыз қылықтарды тұтас ұлт еншісіне берген. Үлкен философтарға Абайдың бұл әрекетін зерттей түсуге боларлық әдіс деп ойлаймыз. Әрине, Абай бұл әдістің жанға ерекше батарын, қанды қыздыра түсерін сезінген.
Абай жалпы адам пенделерінің, әр түрлі ұлттардың барлығына да сәйкес кемшіліктерді тізіп отыр!.. Абайдың қазаққа теліген кеміс қасиеттерін әлем жазушылары өз ұлттарының бойынан тауып, әлдеқашан жазып тастаған. Мысалы, орыс деген сөз айтылмағанмен, бір мұжықтың екі генералды асырағандығы туралы әңгімеде генералдар болмысы қай ұлтқа да абырой әперер тұлға емес…
Абай сөздері тек қана қазақ баласына арналмаған, ол жалпы адам баласы ұрпақтары үшін жазылған деген ойды бұрын да айтқанбыз. Сол ойды осы саяхатымызда тағы да әлденеше рет қайталайтын болармыз.
Ұлы Абай ұлылығы жалпы адам үшін өте ауыр сөздермен адам пенделерінің бәрін ренжіткенше, тек қана өз жұртын өкпелетпек болған да болуы мүкін ғой…
Абай осы сөзден кейінгі келесі сөзінде (төртінші) «адам» деп бастап жалпы адам баласы туралы толғанысқа кетеді.

Төртінші сөздің астары

Төртінші сөздің арқалап тұрған жүгі өте ауыр. Бұл сөзде адам психологиясы мен ішкі дүниесі туралы, қайғы мен күлкі туралы ой қорытылады.
Әрбір байқаған адам білсе керек: Күлкі өзі бір мастық екенін…
…күлкіге салынған кісі не шаруадан, не ақылдан, не бір ұят келерлік істен құр, ғафил (бейқам, салақ, алаңғасар) көп өткізіп отырса керек.
Абай, әрине шаттық күлкінің болатынын жоққа шығармайды, күлкінің қажеттігін түсінеді. Сондықтан да «үнемі күлмей жүруге жан шыдай ма екен?» дейді.
Абай «күлкіге салынған кісі» дегенде нені айтып отыр? Абайдың осы зерделеу еңбегіндегі басты сөз осы болса керек.
Абайды алаңдатып отырған жалпы жай күлкі емес.
Абайға арнайы сөз арнатып, ой ойлатып отырғандар: арзан күлкіні өмір мағынасы етіп алушылар; жалған қызықты өмір мұраты етіп тірлік етушілер; күлкісіне арамза ойды нәр етушілер…
Абайды алаңдататын – сондай «антұрған күлкі». Сондай күлкінің адамды, адамшылықты аздырар күлкі екені Абайға анық.
Орынсыз күлкінің бір сыңары – шарасыздық. Істің ыңғайын таба алмай уайым мен қайғыны жолдас ететіндерді де Абай «антұрғандар» деп қатты сөгеді.
Біреудің кемшілігіне күлетіндер де сол топта…
…Адам баласы жылап туады, кейіп өледі. Екі ортада, бұ дүниенің рахатының қайда екенін білмей, бірін-бірін аңдып, біріне бірі мақтанып, есіл өмірді ескерусіз, босқа, жарамсыз қылықпен, қор етіп өткізеді де, таусылған күнде бір күндік өмірді бар малына сатып алуға таба алмайды.
Көпшілік осыны аңғармай өмірден өтеді де кетеді.
Төртінші сөз – ырқылдап өтірік күлетіндерді, сол өтірік күлкі арқасында басқалар көзіне көңілді, көпшіл, қылықты кісі боп көрінуге тырысатындарды да сақтандыруға тиіс. Өйткені кез келген саналы жан күлкі болмысын түсініп тұрады. Өтірік күліп тұрсың ғой деп айтуға тәрбиесі жібермейді.
Абай біреудің жетістігіне қуана күлуді, рахат табуды уағыздайды.
Төртінші сөз өтірік күліп өзгеден дәметпе, еңбек ет, еңбек өз иесін жерге қаратпайды деп уағыз етеді.

Бесінші сөздің астары

Абай бесінші сөзінде әрекетсіздік пен талапсыздықты мойындатар, қулық пен айлаға алдандырар біраз қазақ мақалдарын іріктеп алып, сол сөздердің ел тәрбиесіне қаншалықты теріс әсерін тигізіп тұрғаны туралы ойлану қажеттігін дәлелдейді. Сол мақалдардағы айтылғандарды пайдасына асырмақ болып пайдаланатын кісілер туралы ашына толғайды. Осы мақалдарды сынау арқылы еңбек етуді (мал табуды) уағыздайды.
Абай қазақтың біраз мақалдарын тізіп келтіреді де, сол мақалдардағы сұрампаздық, қайыршылық сарындарын табады. Сол мақалдарды келтіре отырып, Абай өз өкінішін білдіреді. Абай өкініші осы мақалдарда қазақ «…тыныштық үшін, ғылым үшін, білім үшін, әділет үшін…» неге қам жемейді, қазақ мақалдары соларды іздеу жолында неге туындамайдыға соғады.
«Бұлардың жас баладан ақылының несі артық? Бірақ жас бала қызыл ошақтан қорқушы еді, бұлар тозақтан да қорықпайды екен. Жас бала ұялса, жерге ене жаздаушы еді, бұлар неден болса да ұялмайды екен. Сол ма артылғаны? Қолымыздағыны үлестіріп талатпасақ, біз де өзіндей болмасақ, безеді екен. Іздеген еліміз сол ма?» дейді.
Абай бұл сөзінде адамдар қы­лы­ғын зерделеу арқылы жаратылыс пен Жаратушы туралы пікірін аңғартқан. Абайдың Жаратушы Алла туралы, о дүниенің бары туралы ойлану қажеттігін, адамның әр іс-әрекеті, ойы мен сөзі бүгінгі күнгі ұят пен ертеңгі күнгі тозақ деген түсінікті есте ұстау керектігін түсіндіре алған.

Алтыншы сөздің астары

Абай – қандастарының, бауырларының, жалпы айтқанда, елінің адамгершілік қасиеттері мен ұяты мол болғанын арман еткен адам.
Абай бұл сөзінде «Өнер алды – бірлік, ырыс алды – тірлік» атты қазақ мақалының көлеңкелі жағына қатты шүйіледі. Абай түсінігінде бәрін ортаға салу бірлік емес.
…Ас ортақ, киім ортақ, дәулет ортақ… Олай болғанда байлықтан не пайда, кедейліктен не залал?
«Ырыс алды – тірлік» дейді, ол қай тірлік?..
Сөз түсінетін адамға «Жан итте де бар» деген қандай ауыр сөз!
Тек қана тірлікті қымбат санаудың адамның адамдық қасиеттерінен бездірер нәрсе екенін, адамдық принциптерден алшақтатар нәрсе екенін ескертеді.
…Ондай тірлікті қымбат көріп, бұлдаған адам өлімді жау көріп, ахиретке дұшпан болады.
Бұ заманда адамның әр іс-әрекетіне «ұят» деген кісілік көрсеткіші араласып, өз дауысын толық пайдаға асырушы, о заманда «тозақ» деген азап барын мойындап одан қорқа өмір сүруші Абай іздеген «толық адам» қасиеттерін бойына сіңірген адам болса керек.
Абайдың бұл сөзде марксизм мен коммунизм негіздерін жоққа шығара отырып, сана жоғары болу қажеттігін ескертеді.
Бұл сөзде адамдардың рухани бірлікке шақырар ортақ азығы болу қажеттілігі анықталады. Көкірегі тірі, көңілі ояу боп өмір сүруді уағыздайды.
Жаны аяулы жақсыға қосамын деп,
Әркім бір ит сақтап жүр ырылдатып… деген сөзді Абай тектен-тек ойдан шығарған жоқ. Ондай адамдар бұ заманда да жетерлік.
…Кеселді, жалқау, қылжақбас,
Әзір тамақ, әзір ас,
Сыртың – пысық, ішің – нас,
Артын ойлап ұялмас, –
болып жүріп, тірімін деме, онан да Алла жіберген ақ бұйрықты өлімнің өзі артық…
Абайдың жағымсыз кейіпкерлері осындай тұрпатты адамдар. Қандай қорқынышты кісілер. Олар тек қана өзінің емес, басқалар өмірін ластауға да ұялмайтын адамдар.
Ең қорқыныштысы – солар қолына тиген билік. Әлгі қасиеттерімен ел басына жіберілетін «құрметті қайраткерлер», ішінің настығын байқатпай, пысықсынып ел сөзін сөйлегенсіп, алып қал, жұлып қал принципімен өз ісінің артын ойлап жатпай, адам мен табиғат сұранысы деген негізгі тірлік қағидаларынан аулақ өмір сүреді.
Әйтпесе тірімін деме, одан да өлімнің өзі артық деп, әлгіндей тірілерге өте ауыр салмақ артады.
Абай: «Күллі адам баласын қор қылатын үш нәрсе бар. Надандық… Еріншектік… Залымдық» дейді.
Абай білім-ғылымның жоқтығы адамдарды надан етеді, қор етеді дей келіп, оны хайуандыққа теңейді.
Еріншектік – күллі дүниедегі өнердің дұшпаны. Талапсыздық, жігерсіздік, ұятсыздық, кедейлік – бәрі осыдан шығады.
Залымдық – адам баласының дұшпаны.

Сайын НАЗАРБЕКҰЛЫ,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері

(Жалғасы бар)

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

12 − 5 =