Абайдың қара сөздері – өмір сүру қағидасы

0 333

(Жалғасы. Басы газетіміздің № 85-86, 90-93 сандарында)

Отыз сегізінші сөздің астары

Абай жаратылыс пен тіршілік танымдық, Алла мен адам танымдық ой толғамдарын отыз сегізінші қара сөзінде ежіктей түсіндіреді және жалпы «қара сөздер» атты еңбектерін не үшін жазып жүргенін жария етеді.«Ей, жүрегімнің қуаты, перзенттерім! Сіздерге адам ұлының мінездері туралы біраз сөз жазып ескерткіш қалдырайын. Ықыласпен оқып, ұғып алыңыз­дар, оның үшін махаббаттың төлеуі – махаббат.
Әуелі адамның адамдығы: ақыл, ғылым деген нәрселермен. Мұның табылмақтығына себептер: әуелі өзіңе тән мінез-құлық пен денсаулық. Бұлар туысыңнан болады» деп басталатын сөз – Абай қара сөздерінің ішіндегі ең көлемдісі. Абай бұл сөзінде өз еңбектерінде (қара сөздерінде) жиі кездесе беретін, мысал үшін алынып отырған «қазақ» сөзі онша кездесе қоймайды.
Абай көкіректе жатқан елі мен жеріне, ұлы мен ұрпағына деген ұлы сүйіспеншілік сезімді қағазға түсіргенде, жанындай жақсы көретін өз ұлты мен «жүрегінің қуаты» сол ұлттың болашақ ұрпақтары көз алдында тұрғаны сезіліп-ақ тұр. Абайды солардың болашағы қатты толғандырады.
Отыз сегізінші сөзбен танысқаннан кейін, жалпы Абай қара сөздері туралы ерекше сезімге бөленесің.
Бұл сөздердің тек қана қазақ халқын емес, тұтас адамзат әулетін кісілік пен имандылыққа талпындыру жолында атқарып тұрған қызметін түсінгендей болған шақта, Алла Тағаланың Абайдай құлын қазақ топырағынан жаратқанына мың рақметіңді айтасың.
Абайдың гуманистігі мен адамсүйгіштігін, діні мен ділін, жаны мен сырын толық ұғынғандай боласың.
Біз төменде келтірілген Абайдың үш ауыз ой түйінін бұрын да атап өткенбіз, бұл жолы тағы да естеріңізге сала кеткіміз келіп отыр.
Біріңді, қазақ, бірің дос көрмесең, істің бәрі бос…
Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп…
Алланың өзі де рас, сөзі де рас…
Осы сөздер – саналы адамдардың өмір сүру ақиқаты!
Бізден дәл бір ғасыр бұрын Абай бүкіл әлемдік ең күрделі мәселелердің түйінді жерін дөп басып, жауабын тауып айта алған!
Өйткені ол – ұлы! Ұлылар барлық уақытта басқалардан ғасырлап алда жүреді!
Ұлы Абай – ұлы елдің ұлы!
Қазақ екеніңе қалай мақтанбассың!
Абай қара сөздері – адамгершілік әліппесі!
Абай қара сөздері – кісілік қасиеттер мен ұлт болмысы туралы анықтауыш!
Абай қара сөздері – адамның жағымсыз қылықтары мен жаман қасиеттері туралы энциклопедия­лық сөздік!
Абай біраз сөздерінде мысал үшін қазақ халқын алады да, біраз сөздерінде жалпы адам баласы атағына тағылар қасиеттерді түгендейді. Тек соларды түгендеп қоймайды, олардан аулақ болу жөніндегі ой қорытындыларын келтіреді.
Абайдың осы сөзі – жаратылыс туралы трактат.
Трактат жастарға жаратылыс туралы толық түсінік береді. Адам бойындағы қасиеттердің қасиеттісі – «Құдай жолы» екенін түсіндіреді. Өзін сүю – айнаға қарап, суретке табыну деп суреттейді. Ең оңбаған қасиет ретінде Абай өзімшілік деген оңбаған қасиетті осылайша жек көрінішті етеді. Өзімшілдердің ақылының өспейтінін ескертеді, өкінеді.
«Ақыл өссе, ол түпсіз терең жақсылыққа құмарлықпен, жаратылысқа деген махаббатпен өсер» дейді Абай.
Жаратылыс бәрін адам үшін жаратқан, бәрі адам баласына таусылмас азық дейді.
«Хайуандарды асырау үшін еті ауырмайтын» жансыздар жаратылды деп, өсімдіктерге бұрын ешкім айтпаған жаңа баға береді.
«Түпсіз терең жақсылық» деген өз сөзіне Абайдың қандай мағына бергенін кім білсін?
Бірақ ол сөздің астарында адамдардың ақылды болғысы келсе, ақылын арттыра түскісі келсе, істеген ісін, ойлаған ойын, сөйлеген сөзін ұлы махаббатқа бағындыра істеу керектігін ескертіп тұрған секілді. Абай махаббаты – ерекше зерттеуді қажет ететін түсінік.
Абай махаббаты – Аллаға деген бағынышты құлшылық болса, адамдардың бір-біріне деген бауырмалдық сезімі.
Бұл сөзде өзімшілдік, қаскүнемдік, надандық, еріншектік, залымдық секілді зиянды қасиеттер туралы анықтамалар беріліп және соларды болдырмаудың, болса құтылудың жолдарын көрсеткен.
Мұсылмандар намазының, дұрыс ниеттеніп оқылар намаздағы әр намазханның рухани тазалығы туралы ежіктей айтылады.
Абай осы сөзіне салған ойларын болашақ «перзенттеріне» ерекше махаббат сезімін бастан кешіре отырып жазған секілді.
Бұл сөз – түгелімен жас ұрпаққа арналған сөз.
Қазақ халқының болашақ перзенттеріне, мұсылман бауырларына, адам пенделерінің болашағына арналған сөз.
Абай өз елінің болашағын, жастарын «жүрегімнің қуаты» деп атайды. Сол теңеу арқылы ол өзінің қазақ халқына деген зор махаббатын бейнелей алған.
Егер жас адам талпыныс жасаса, туысы жақсылық, содан соң жақсы орта мен жақсы ұстаз оларды ғылым-білімге, Алланы тануға, ізгілік пен рақымшыл болуға махаббаттандырмақ екен. Бірақ жас бала өзінен-өзі оқу мен оқығанын тоқуға бейім­деліп кетпейтін секілді. Есін толық өзі игергенше оларды не алдап үйретіп, не зорлап үйретіп жақсылыққа үйір ету қажет дейді.
Дін оқулары жас өскінді Алла жолына салып, Алланы мадақтатады екен. Алла сол мадаққа мұқтаж емес дейді Абай. Ұстаздар сол арқылы жас жүрекке ­махаббат сезімін егеді. Содан барып жас жүрегі жақсы көргенін шексіз сүйіспеншілікпен сүюді үйренеді екен.
Байлық пен мансап – істеген еңбегіне, ізгі істері мен рахым қылықтарына бола адамды өзі іздеп табатын секілді. «Егер адам мал-мүлкін абырой мен атақ алу үшін жұмсап, өзі сондай мақсатқа табына жүріп еңбек етсе, іздесе адамның адамдығы жоғалады» дейді Абай.
…Әрбір ғалым хакім емес, әрбір хакім – ғалым.
Ол жүректің жалынын басар бірақ,
Өлсе, көрде бастырған су топырақ.
Өзі сүйіп, өзгеден сүю іздеп,
Таппаған сорлы адамнан сөнер шырақ.
(М. Ю. Лермонтовтан Абай аудармасы)
Біз Абайдың төменде келтірілген бір-екі ауыз сөзін тағы да қайталай отырып, өзіміздің Абайға деген сүйіспеншілік сезімімізді сіздерге сездірмек болып отырмыз. Мүмкін, құнарлы топыраққа өсіп-өнер дән түсер!
Ықыласпен оқып, ұғып алыңыз­дар! Махаббаттың төлеуі – ма­хаббат.

Отыз тоғызыншы сөздің астары

Абай бағзы бір заманда, қазақ халқының бақыты басында, бірлік-берекесі елінде тұрған заманда, үлгілі істері мен қылықтары аңыз боп арттағы ұрпақтарына жеткен бабалар үрдісін еске түсіреді.
Сол заман туралы Абай ел көшінің ноқтасы білімді мен жақсысында болғанын, береке мен бірлігі халықтың ниетінде болғанын ерекше ықыласпен еске алады.
Абай сөзінен оның сол бір ерекше замандар туралы ойланғаны, сондай заманды сағынғаны байқалады. Сондай замандарда елде ерекше екі қасиет болыпты дейді Абай.
Біріншісі – ол заманда ел билейтін ел басы болушы еді. Ел соның айтқанын орындаушы еді. Ел қамын да, жұрт дауын да сол шешуші еді. Олар шешімін ел талқыға салмай қабылдаушы еді. Сондықтан халық дау-жанжалға араласпай аман жүретін, әркім өзіне тиісті шаруасын атқаратын. Содан барып елдің бірлігі, берекесі арта түсіпті дейді.
«Бас-басыңа би болсаң, манар тауға сыймассың, басалқыңыз бар болса, жанған отқа күймессің» деп мақал айтып, тілеу тілеп, екі тізгін, бір шылбырды бердік саған, берген соң қайтіп бұзылмақ түгіл, жетпегеніңді жетілтемін деп, жамандығын жасырып, жақсылығын асырамын деп тырысады екен дейді.
Өзін зор тұтып, басына хан көтергесін жақсылары да азбайды екен дейді Абай.
Осындай ғажап заман халқымыздың басында болды ма, болмады ма, оны бір Құдай біледі. Бірақ Абайдың сондай заманды арман етіп отырғаны ақиқат.
Екіншісі – ел намысты болыпты. Ел қамымен аталар аты аталып, аруақ шақырылған кезде күнделікті тіршіліктегі өкпе мен реніш ұмытылады екен. Ел – ел намысын, ер ұранын өз басының қамынан, өз намысынан жоғары қояды екен.
Абай соларды сағынышпен еске ала отырып, солар мінезін, қылығын өз замандастарымен салыстырады. Салыстырады да, қайда елдің сол қасиеттері деп өзіне-өзі, сол арқылы қалың жұрты қазағына наз артады. Салыстырады да, өз өкінішін білдіреді. Өкінішінің себебін де ашып айтады. Өз жұртының қазіргі замандастары өз жұртының сол ерекше екі қасиетін жоғалтуға айналғанына өкінеді.
Жат жұрттан жұқты ма, әлде басқа түскесін, сол кезде елді бастар серкелерден айырылғасын ба, әйтеуір тұтас бір мінезді халық «тұрымтай тұсына, балапан басына» дейтіндей халге жетеді. Мінезі де, қылығы да өзгерді дейді Абай.
«Ендігілердің достығы – пейіл емес, алдау, дұшпандығы – кейіс емес, не күндестік, не тыныш отыра алмағандық» деп, халық болмысының өзгеріп бара жатқанын болжайды.
Біздің мына «жаһандану» атты дәуірімізде, алты миллиардтық бүкіләлемдік тұтастыққа бет алған нөпірге он-ақ миллион боп араласқан еліміз өзінің, қазақ халқының мәрттік, бір сөзділік, ізгілік, кешірімшілдік атты әлем мойындаған қасиеттерінің қайсысын жоғалтып тынарын, қайсысын аман алып шығарын?
Бәрін де аман алып шыға алса ғой, шіркін…

Қырықыншы сөздің астары

Абай бұл сөзінде адам мен адам арасындағы кісілік қарым-қатынаста кездесер барлық келеңсіз қылықтарды тізіп шығады.
…Сендерден бір сұрайын деп жүрген ісім бар – деп оқушы ниетін өзіне аударып алады да, – осы, біздің қазақтың өлген кісісінде жаманы жоқ, тірі кісісінің жамандаудан аманы жоқ болатұғыны қалай? – деген сұрау қойып алып, барлығы 21 сұрақты тізіп шығады.
Бұл сұрақтарға кісі өз қасиетін бағалай отырып, жауап беріп байқаса…
Оқушы қауымда бұл сұрақтарды қайта-қайта оқып, мағынасына ой жүгіртіп, ақыл елегінен өткізіп пайымдауға жететін төзім болса…
Әр сұрақтың арқалап тұрған жүгіне жетер зерде болса…
Абай атамыздың осы сұрақтарды тізіп шығу үшін өз таныстары мен тумаластарының іс-әрекеттерінен, мінездерінен, әр танысының бойынан осы қылықтарды байқап, қағазға түсірген болар. Сол жағымсыз қасиеттер өз бауырларының қылығында, өз қандастарының бойында барлығына жан қиналысын сезіне алсақ…
Біздің заманымызда бұл сұ­рақтар әркімнің өз кісілігінің деңгейін анықтайтын анықтауыш, осы заманның тілімен айтқанда – «тест».
Бірінші сұрақ – жалпы сұрақ.
Қалған жиырма сұраққа мектептегі бағалау үлгісімен өзіңе баға қойып (алдына қосу немесе алу таңбаларымен) өзіңді сынап қара… Өзін тестіден өткізген кісі өз жобасын шамалап қалар…
Тест қорытындысымен 100 деген бағаны қосу таңбасымен алып шықсаң, онда сен періштесің.
Егер оны алу таңбасымен алып шықсаң, онда сен сайтанның да сайтанысың…

Қырық бірінші сөздің астары

Қырықыншы сөзді оқыған қазақ баласы Абай ызасын сезініп ширыға түспесе, жігерін жасытып алуы да кәдік секілді.
Бұл сөзді оймен оқымай, көзбен шолып шыққан шала қазақ, Абай тізіп шыққан кемшіліктер арқылы өз қылықтарын ақтап, қазақтықтығынан безіп кетуге де сылтау табар.
Бұл сұрақтар кез келген адам пендесі басында кездесер барлық жағымсыз қасиеттерді түгендеп берген.
Қырықыншы сөздегі (Абайдың жарым жасын құртқан да осы сұрақтарға жауап іздеу болған болар) жиырма сұрақтан кейін қырық бірінші сөздегі: «Қазақты түзеймін деген адамға не істеу керек?» деп қойылған жалғыз сұрақ бұл мәселені асқынта түскендей.
Бұрын тәрбиеге түзелмейтін пенде жоқ дегеннің тілін кеспек болған Абай енді сол тұжырымынан айнығаны ма?
Әлде қазақ намысын қайрай түсудің жаңа бір амалы ма? Біз солай деп ойлаймыз.
Қазақты түзеймін деп қам жеген адамға Абай тұжырымы бо­йынша зор билік пен мол байлық керек екен.
Абай заманында қазақ басында ондай кісі болуы мүмкін емес еді. Билік те, байлық та жат қолында болатын. Сол мәселені анық түсінген Абай: «Іш қазандай қайнайды, күресерге дәрмен жоқ» кейпін киеді. Содан барып:
– Енді не қылдық, не болдық! – деп торыққандай болады.
Бұл – Абай сұрағы, Абай – қорқынышы.
Дегенмен Абай біздерге не істеу керек екенін бұрынғы сөздерінде жауап қайтарып үлгерген болатын. Біз түсінген болатынбыз.
Біз не істеуші едік, Абай ата, өзіңіз айтып кеткен надандықтан құтылу қамын жасау қажет болар. Қазақтар бойында бар деп сіз санап шыққан жағымсыз қылықтарға жеткізген надандық екен, демек, әуелі, надандықпен күресу қажет деген сөз.
Надандықтың екі түрі бар секілді. Біріншісі – оқу мен білім жетіспегеннен туындар надандық. Бұл надандық қазір жоққа жуық. Бұ заман қазақтары шетінен оқыған, білімді. Екіншісі – адамның рухани надандығы. Мұндай надандық жай қойшы басында да, атақты академик басында да кездесе береді екен.
Бұл істі өзіңіз айтқандай, қолында шексіз билігі мен байлығы бар адам іске асыра алмақ. Ол үшін ұзақ жылдарға созылар ұлттық тәрбие жұмысы қажет. Сіздің заманыңызда, Абай ата, тұтас ұлт түгіл, ру басын біріктіру мүмкін емес еді. Қолда билік жоқ еді.
Бір-бірімізді дос көре алмадық. Басымызда бостандық та жоқ еді.
Қазір мүмкіндік бар. Байлық та, билік те қазақ қолында.
Бізге жетіспейтіні тек қана сіздің даналығыңыз, сол кезде анықтап кеткен ақиқатты біздің санамызға сіңістіру – қазақтарға бірін-бірі дос көру ғана қалды.
Бұл ең оңай орындалар іс болғанмен, біраз уақытты қажет ете ме деген қаупім болып отыр.

Қырық екінші сөздің астары

Қырық екінші сөз: «Қазақтың жаманшылыққа үйір бола беретінінің бір себебі – жұмысының жоқтығы» деп басталып, адамзат баласының (қазақ деп алынған) жұмыссыздық, кедейшілік қырсығынан туындар қулықтары мен сұмдықтары туралы айта келіп, «Ендігі жұрттың ақылы да, тілеуі де, харекеті де – осы» деп аяқталады.
Абай заманы басқаға тә­уелділік заманы еді. Бұрынғы көшпелі елдің өз тағдыры, өз заңы, өз адамгершілік құндылықтары бұрмаланып, басқа ел ыңғайына көндіріле бастаған, халқымыз соған әлі бейімделіп болмаған заман еді. Сондай өздеріне түсініксіз заманға бейімделіп кете алмай жатқан адамдар сан түрлі жолмен «қарын қамын» қамдаған болар. Абай секілді ойшылдар со заманда, зар заманда қазақ халқының бұрынғы құндылықтарын жоқтап, «жатып қалған тайлағының жардай атан болғанына» мақтанып, «жоғалған тоқтысының бір отар қой болатынына» сеніп, сол кездегі қазақтың адамгершілік құндылықтарын еске алған сандаған сөздері қалған. Абай әлем данышпандарын білмеді деуге кімнің ары барады. Фирдауси мен Низами сөздерін мысалға келтіріп, Сократ пен Аристотель ойларын дастанға айналдырған Абай кездесіп отырған заманына назырқап әлгі сөзді айтыпты. Абай өз заманындағы билеушілер құлқы мен заман озбырлығы туралы, қазақ басына туындаған өгей заң мен қысым туралы сөз қозғамайды.
Абай бұл туралы ойланбады деймісіз, әрине, ойланды. Ойланбақ түгілі, ертең не боларын сезіп те кетті.Біз Жидебайда «Абай-Шәкәрім» кесенесін салып жүрген кезімізде Жидебайдағы Абай мұражайының меңгерушісі ақсақалдан естіген Абай өмірінен бір мысал келтіре кетелік.
…Абай бір топ серіктерімен келе жатып, шөбі аздау жерден шөп шауып, өнімсіз еңбек етіп жүрген бір танысына кездесіп, өз жерінен қыстық шөп жинап алуға рұқсат береді. Абайдың бұл шешімінен хабарсыз Еркежан әлгілерді қудырып тастайды. Сонда Абай Еркежанға: «Әй, Еркежан! Ертең-ақ орыстар келіп тегіңді тергер, жеріңді мерлер, тартып алар, сонда жаның шығып кетер ме?» деген екен. Бұл бір естелік әңгімеден біз қазақтың сол кездегі орыспен қарым-қатынасы емес, болашағын да анық болжаған Абайды танимыз.
Абай «ендігі жұрт» дегенде, бұрынғы жұртын ойламай отыр­ды деуге болмас. Оған қазақ халқының бұрынғы бостандық заманын, елінің еңселі кезін жұрт есіне салғаннан пайда жоғын, қайта қазіргі қателерді көзге шұқып, қалай жөндеу қажеттілігі керектеу болған болуы керек.
Абай заманының суреттері, алдау мен арбау, барымта мен зорлық толқыны кеше ғана, Кеңес өкіметі құлап, Қазақстан Республикасы аяққа тұрып кеткенше басымызға қара бұлттай түнермеді ме? Оны ешкім де өтірікке шығара алмайды.
Демек, «ендігі жұрт» аталып отырғандар – басына заман тау­қыметі түскен адамдар. Зорлықпен өз ғасырлар бойы өз тіршілігімен, өз тәжірибесімен елін ел етіп келгендер біреуге бодан болған кезде, жаңаға бейімделіп кетуге де ғасырлар керек болған болар. Сол кездің ел үшін соншалықты қасірет әкелерін сезген Абай дана елін бейімдеуге тырысқан болар…

Қырық үшінші сөздің астары

«Адам ұғылы екі нәрседен: бірі – тән, бірі – жан» деп басталады Абайдың қырық үшінші сөзі.
Абай бұл сөзінде адам баласының қалай ақыл жинақтайтыны, қалай өнерлі болатыны туралы сөз етеді. Бұ сөзді оқыған адам баланың, адамның қай қасиеті туған бойда болады, қай қасиеті үйренгеннен, көргеннен бойға сіңеді, осы сұрақтар туралы жауап табады.
Кімде-кім естігеннен ғибрат, көргеннен өнеге ала білсе, сол адам ақыл жинақтайды дейді. «Құдай тағала өзі ақыл бермеген соң қайтейік?» дейтіндерді қатты сынап, олардың орынсыз Құдай тағалаға жала жабатынын, сол арқылы өзінің жалқаулығын жасырмақ болатынын мінейді.
Абай жанның да, тәннің де ­қуатының әу баста әлсіздеу болатынын ескертеді. Екеуі де жан мен тән иесінің жетілдіруі арқылы жетісетінін түсіндіреді. Тән қуатын жетілдіре күшті боласың. Жан қуатын жетілдіре жүріп өнерлі боласың. Бірақ бар нәрсенің өлшемі бар. Өлшемсіз кетсең өзің жобадан асып кетесің де, қара басың қалың топтан орын таппайтын дәрежеге жетесің. Тән мен жанды жетілдіру қажет екені әңгіме етіледі де, бірақ оларды жетілдіру, пайдалану көпшілік қабылдаған жобамен жүргені дұрыс дейді.
Кейбір жандардың құмарпаз болып кететіні, бір нәрсеге салынып, содан бой тарта алмайтыны, «өз мүмкіндігін» бағалай алмай, қолы көтерместі беліне қыстырмаққа құмар болатыны, осының бәрі адамдардың шама деген ұғымды мойындамауынан болатынын түсіндірмекке ұмтылады.
Абайдың біраз сөзін өз күйінде келтіре кетелік.
«Және әрбір жақсы нәрсенің өлшеуі бар, өлшеуінен асса – жарамайды. Өлшеуін білмек-бір үлкен керек іс. Ойланбақ жақсы, іске тіпті салынып кеткен кісі ойын байлай алмай, қияли болып та кететіні болады. Ішпек, жемек, кимек, күлмек, көңіл көтермек, құшпақ, сүймек, мал жимақ, мансап іздемек, айлалы болмақ, алданбастық – бұл нәрселердің бәрінің де өлшеуі бар. Өлшеуінен асырса, боғы шығады»…

Қырық төртінші сөздің астары

Егер «Адамгершілік» атты дәрежеге көтерілер баспалдақ бар екен деп келіссек, Абай – сол баспалдақтың ең жоғарғы тұғырына көтеріле алған тұлға. Абай: «Адам баласының ең жаманы – талапсыздық» деп баға береді. Абай талаптының бәрін бірдей кісілік тұлпарына мінгізе қоймайды. Ер атанбаққа, қажеке атанбаққа, молдеке атанбаққа, тіпті қу еді, сұм еді атанбаққа талаптанып жүретіндерді, солардың әлгідей жолға қалай түсетінін, тіпті мақсатына жету үшін «көкіректі тым тазалаймын деме, оны кім көріп жатыр» дейтіндердің де болатынын дәлелдеп береді.
Абайдың осы ойларымен таныса отырып көзіміз қара сөз әріптерінде ажыратып отырған шақта біздің көз алдымыздан кейбір кісілікті келеке етушілер мен діндар жандарды кемтар жандар қатарына қосушылар елестеп отыр.
Абайдың «көкірек тазалығы» деп атаған кісілік қасиетке қатты көңіл бөлген адам екені әр сөзінен көрініп тұр. Жалған діндарлық пен жасанды қылықтыларды имансыздар дейді. Өз байлығы мен билігін көбейту, абыройы мен атағын ұлықтату жолында дінді пайдаланушыларды Абай нағыз залымдар қатарына қосқан.
Ол дін жолындағы фанатизм­мен бұрмалаушылықтан сақтандырудан жалықпайды.
Абай қырық төртінші сөзінде «Адам баласының ең жаманы – талапсыздық» дей отырып, талаптылар ішінен көкірегі таза емес талаптыларға қатты шүйлігеді.
Олар ісіне: «…Бірақ адамдыққа, ақылға қарағанда, қазақ түгіл, көңіл жиіркенетұғын іс» деп қорытындылайды.
Абай қалай болғанда да, адал еңбек, көкірек тазалығы, соларды уағыздайтын сөз­дерді, демек адамды адам етер қылықтарды әр сөзінде ұлықтау­мен болады.
Біз осы сөздің астарын «Абай «Адамгершілік» атты дәрежеге көтерілер баспалдақ бар екен деп келіссек, сол баспалдақтың ең жоғарғы тұғырына көтеріле алған тұлға» деп бастаған едік, сол сөзімізбен аяқтағалы отырмыз.

Қырық бесінші сөздің астары

Құдай табарака уаттағаланың барлығының үлкен дәлелі – неше мың жылдан бері әркім әр түрлі қылып сөйлесе де, бәрі де бір үлкен Құдай бар деп келгендігі, уа һәм неше мың түрлі діннің бәрі де ғаделет, махаббат Құдайға ла­йықты дегендігі.
…Біз жанымыздан ғылым шығара алмаймыз, жаралып, жасалып қойған нәрселерді сезбекпіз, көзбен көріп, ақылмен біліп.
Сонымен Абай бәрімізден ­бір-ақ нәрсе сұрайды:
Мұны жазған кісінің
Атын білме, сөзін біл.
Осы жалған дүниеден
Шешен де өткен не бұлбұл,
Көсем де өткен не дүлдүл, – дейді.
Осы сөз арқылы біз Абай өзінің ерекше жаратылысын сезген, мойындағанын байқаймыз. Жаратылыстың сол сыйын адам (қазақ) пенделерінің пайдасына дұрыс атқарып кетуді парыз санаған. Содан барып:
Ғылым таппай мақтанба,
Орын таппай баптанба.
Өсек, өтірік, мақтаншақ,
Еріншек бекер мал шашпақ –
Бес дұшпаның білсеңіз.
Талап, еңбек, терең ой,
Қанағат, рахым ойлап қой –
Бес асыл іс, көнсеңіз, – дейді.
Бұл сөздер адамға қалай өмір сүрудің, іс-әрекетінде жақсы адам, толық адам атану үшін қандай асыл қасиеттерді бо­йына жұқтыруға тырысу, қанда­йынан қашық жүру, өзіңе-өзіңнің көңілің толып жүру бағдарламасы.
…Осы біздің қазақтың өлген кісісінде жаманы жоқ, тірі кісісінің жамандаудан аманы жоқ болатұғыны қалай?
Әрине, Абай бұ сөздерді негізінен жеке адамдарға емес, тұтас қоғамға арнаған болар.
Абай тек қана осы бір сөйлем арқылы барлық адам пенделеріне соншалықты моральді-этикалық жүк арқалатып отыр. Аса салмақты осы философиялық ойды оқып алып: «Мен де сондаймын ба?» деп, өзінен-өзі сынақ ала алатын кісі Абай үмітін ақтап шыға алмақ…
Абайдың қара сөздері:
Адам баласының саналы жаратылыс ретінде қолынан келер барлық іс-әрекеттерінің сипаттамасы;
Адамды адам етіп қалыптастыру бағдарламасы;
Адам баласының өмір сүру ережесі.
Абай қара сөздерінде:
Айтылмай қалған ой жоқ;
Қамтылмай қалған қылық жоқ;
Сыналмай қалған мінез жоқ.
Абай әлеміне жасаған алғашқы сапарымыз аяқталған секілді. Алда ғұмыр, бойда қуат болып жатса, денде саулық, жанда ой болып жатса мүмкін тағы да мұндай сапарға ниеттенерміз.
Не таптық? Бұрын біз қажылық сапарға жеті рет, он рет барып қайтатындарға түсіне бермеуші едік. Біз Абай әлеміне сапар жасап қайтқалы қасиетті жерге, ой ордасына қаншама рет барып қайтсаң да артық емес екеніне көз жеткізіп қайттық.
Не алып қайттық? Өзіміздің бағытымыздың, өмірге көзқарасымыздың Абай маңдай түзеген бағытта екеніне сеніп қайттық.
Не байқадық?
Не байқадық деген сұраққа бірден жауап бере алатын секілдіміз. Абай барлық сөзінде де кісі жаны адамгершілік сезімге бағынуын, тәні еңбек пен мал табу жолына бейімделуін, рухы Алла деп тұруын насихаттайды.
Абай о заман сұраныстарын еске сала отырып, адамдарға мал табу қажеттігін (тіршілік қамын қамдауды), малды адал еңбекпен тапқандардың жаны мен сезімі өмір бойы бостандықта болатынына көз жеткізіп береді.
Адал еңбек етіп, көкірек тазалығына қол жеткізе алғандар адамдық рухын асқақтата алады екен. Соны түсіндік.
Біз Абай әлеміне саяхат жасау – кісілік пен адамгершілік, рухани тазарыс пен сана бостандығы жолындағы ерекше бұлқыныс сапар бола алатынына көз жеткіздік.
Екі жылға созылған осы сапарымыз таза діндар мұсылманның қажылық сапармен Меккеге барып көкірегі мен рухын тазартып, сенімін нығайтып келуінен кем дәрежелі сапар емес екен-ау деп бағаларлықтай дәрежеге жеттік.

Сайын НАЗАРБЕКҰЛЫ,
Қазақстанның еңбек
сіңірген қайраткері

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

eleven − 11 =