Абайдың қара сөздері – өмір сүру қағидасы

0 269

(Жалғасы. Басы газетіміздің №85 санында )

Жетінші сөздің астары

Жетінші сөз – Абайдың жан туралы толғанысы. Адам жаны мен хайуан жаны туралы түсінік.
Бала жаны білімге құмар келеді.
Ересек болғанда неге сол баланың «білсем деген» құмарлық қасиетін сөндіріп аламыз?
Ол жанның тамағы еді.
Біз тән сұранысын қамдап жүріп, жан тамағы туралы неге ұмы­­тамыз? Біз сұранып, ізденіп ғылым тапқандардан үлгі алып жан тамағын неге қамдамаймыз?
Бұл сөз – кез келген адамның, кез келген мемлекеттің даму, жетілу бағдарламасы десе боларлық сөз.
…Көкіректе сәуле жоқ, көңілде сенім жоқ. Құр көзбенен көрген біздің хайуан малдан неміз артық?
Жанды тәнге билеткен жерде көкіректе сәуле сөнеді, көңілде сенім қалмайды дейді Абай данышпан.
Үш-ақ нәрсе адамның қасиеті:
Ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек…
Жанды тәнге билеткен жерде жүректегі «жылы жүрек» атты нәрсе оянбай қалатынын қазіргі заман адамдары дәлелдеп берді. Бұл қасиет, әсіресе, билік пен байлыққа қолы жеткендер жүрегінен тезірек жоғалатын секілді.
…Біз түк білмейміз, біз де білеміз деп надандығымызды білімділікке бермей таласқанда…
Жанды тәнге билетіп, наданды­ғымызды желсөзділікпен бүркемелегенде, жылы жүрек мұздайды, көкірек сәуле шашпайды, көңілде сенім қалмайды дейді данышпан Абай.
…Көкіректе сәуле жоқ, көңілде сенім жоқ. Құр көзбенен көрген біздің хайуан малдан неміз артық? Қайта, бала күнімізде жақсы екенбіз. …білсек екенбіз деген адамның баласы екенбіз. Енді осы күнде хайуаннан да жаманбыз. Хайуан білмейді, білемін деп таласпайды. Біз түк білмейміз, біз де білеміз деп надандығымызды білімділікке бермей таласқанда, өлер-тірілерімізді білмей, күре тамырымызды адырайтып кетеміз.

Сегізінші сөздің астары

Сегізінші сөз – ерекше қасиетті сөз!
Өйткені бұл сөздегі Абай сына­ған кейіпкерлерді барлық заман адамдары «бұлар – дәл біздің заман­дастарымыз» дейтініне сенімім мол.
…Осы ақылды кім үйренеді, насихатты кім тыңдайды?
Біреу – болыс, біреу – би. Олардың ақыл үйренейін, насихат тың­дайын деген ойы болса, ол орынға сайланып та жүрмес еді…
Абай бұ кісілер туралы тек қана қара сөздерінде емес, өлең сөздерімен де толғанған екен.
Ойға түстім толғандым,
Өз мінімді қолға алдым.
Мінезіме көз салдым,
Өзіме өзім жақпадым…
…Көрінгенге қызықтым,
Ғаділетті жүректің
Әділетін бұзыппын;
Ақыл менен білімнен
Әбден үміт үзіппін;
Айла менен амалды
Меруерттей тізіппін…
Өлеңдегі ой да, қара сөздегі ой да бір мақсатты.
Адам өміріне, қоғамға адамдық, ақыл, ғылым, білім секілді қасиет­тердің берерін байлар бойы­на сіңіру үшін оқып, тоқып жатпайды. Өйткені байлар әлгілерді байлығымен сатып алады дейді.
Абай сөзін шындыққа шығарар бұ заманда мысалдары да жеткілікті.
Баста білімі болмаса да, сатып алған дипломы бар. О да өзін инженермін дей алады. Жүргізушінің куәлігі бар, бірақ машина жайын ұқпайды. Ел құрметі жоқ болса мейлі, сатып алған «құрметті азамат» атағы бар. Ел басқара алмаса несі бар, жауап берер орынбасары бар.
Абай кейіпкерлерінде ақылды кім үйренбейді, насихатты кім тыңдамайды? Алғашқылары болып болыс пен би аттары аталыпты. Солардың соңына ұры-залым мен сұм-сұрқия тіркеліпті.
«Қой жүнді қоңыршалар күнін көре алмай жүр. Білім, ғылым кедейге керегі жоқтай-ақ» деп назыр­қайды.

Тоғызыншы сөздің астары

Абайдың тоғызыншы сөзін оқы­ғанда адам пенделерінің қылығына бола өкініштен Абайға жаның ашып кетеді. Бұл жерде Абай кісілігі бұл сөздегі торығу сөздері жалпы жерді екі аяқпен басып жүрген, саналы адам, Алланың өз қолымен жаратқан пенделеріне деген өкпеден туған.
Тек қана Абай адамдарды данышпандықпен, өз межесімен өлшеп, сонымен көргісі келеді. Абай дәрежесіне жете алмайтындар қалайша Абайша ойламақ?
Қалайша саналы тірліктен Абай өлшемімен өмір сүрмек?
Ол мүмкін емес…
Бірақ Абай адамдардан (тек қана қазақтардан емес) бұ жобасынан жоғарырақ тұғырда көргісі келеді.
Мен өзім тірі болсам да, анық тірі емеспін. Әншейін осылардың ызасынан ба, өзіме-өзім ыза болғанымнан ба, яки бөтен бір себептен бе? – еш білмеймін.
Абай тек қана қазақ басындағы кемшіліктерді емес, жалпы адамзат басындағы келеңсіздіктерді түгел білген, таныған. Абайдың И.Крылов еңбектерін түгелге жуық аударуы, Ескендір патшаның көзіне құм құюы, Онегинді жүрегі сөнген адамды өз халқына танытуы соны аңғартады. Абайдың ащы сөздері тек қана қазақ халқының емес, жалпы адамзаттың еншісі. Адам пендесінің діни кітаптардағы, мектеп оқулықтарындағы, жазушылардың жағымды кейіпкеріндегі қылықтарды таба алмай торығуы.
Осы жол авторы да сондай бір толғану кезінде «Адамды Құдай жаратты дегенге сенейін десем, Құдайды аяймын, адам маймылдан жаралды дегенге сенейін десем, адамды аяймын» деген екен…
Адамдардың адамға тек бет пішінімен емес, жан-дүниесімен де ұқсап тұрғанына не жетсін…
Абай ізденеді. Ол жақсы адам­дардың қандай болатынын көрмек болып, шет елдер мен жат жұрттарға сапар да етпек болады.
Бірақ ол өзінің ерекше жаратылған ақылымен жалпы адамзат проблемалары барлық жерде бірдей екенін байқаған да болар.
Содан барып сол ойды түсінікті ету үшін өлер кезде: «…әттеген-ай, сондай-сондай қызықтарым қалды-ау!» деп қайғылы болмай аттана алады.
Абайдың барлық жазғаны, қайғысы, азап шектірері өзінің не Тобықтының қайғысы емес. Ол әлемдік дәрежеде ойлана отырып, толғанады. Қайғы-қасірет туралы сөз жазып отырып, өз басындағы батпандаған ауыр қайғыны есіне алмауы, сатқындық туралы ой толғап отырып, өзіне опасыздық еткен жандар туралы сөз кірістірмеуі… соның дәлелі…

Оныншы сөздің астары

Оныншы сөз – нағыз ұстаздар сөзі. Адамдар ұрпақ өсіруге міндетті, мүдделі. Құдай солай жаратқан.
Енді Абайдың оныншы сөзінен үзінділер алсақ:
…Біреулер Құдайдан бала тілейді…
…Тірлікте өзің жақсылық қылған кісің көп болса, кім құран оқымайды?
…Қартайғанда асырасын десең, о да – бір бос сөз. Әуелі – өзің қаруың қайтарлық қартаюға жетемісің, жоқ па? Екінші – балаң мейірімді болып, асырарлық болып туа ма? Үшінші – малың болса, кім асырамайды?
…Баланың мал табарлық болары, мал шашарлық болары – о да екі талай.
…Хош, Құдай тағала бала берді, оны өзің жақсы асырай білесің бе?
…Әуелі, балаңды өзің алдайсың.
Абай бұл еңбегінде ата-ананың балаға үйретер жаман қылықтарының бәрін теріп шығады.
Ата-анасы баласына біреу сені сатып кетеді деп, сенімсіздікке үйретеді дейді. Баланы небір күнә­һарлыққа үйрететінін, қу бол, сұм бол деп, тіпті біреулерді боқтатып, тентектікке үйретіп жүретіндер әдетін сынға алады.
Сондай ойлыларға бала не үшін қажеттігін түсінбейді.
Бала атаның жаны десек, мал – адамның тәні. Бұл сөзінде де екеуі қабаттала айтылады.
Құдайдан мал тілейді, бергенін алмайды деп сөгеді. Мал табу үшін деннің саулығын берді, сананың ақылын берді. Осыларды орнына жұмсап, адал еңбек ету қажеттігін кім мал таппайды, кім бай болмайды дейді.
Ал мал тапқандарға, бай болғандаға өкпесі бөлек. Малдың арқасында неге ғылым іздемейсің? Өзің болмасаң, сол малды жұмсап неге балаңа ғылым білдірмейсің?

Он бірінші сөздің астары

Бұл сөз – ұрлық пен бұзақылық туралы. Он бірінші сөзді оқып отырып, біздің заман мен Абай заманының айырмасы жоқ па деп қаласың.
Абай замандастарының аңқаулығы мен біздің заманның сайлау­шыларында ешқандай айырма жоқ. Біз жай ғана сыпайы сынайтын болсақ, Абай батырыңқырап айтқан.
…Сонша ауыл-аймағыммен сойы­лыңды соғайын, дайыңды айтайын деп, қай көп бергенге пар­­тиялас боламын деп, Құдайға жазып, жатпай-тұрмай салып жүріп басын, ауылын, қатын-баласын сатып жүр…
Абайды осындайлар қатты қиналтады. Егер олар жоқ болса, бай малын бағып, кедей жоғын іздеп, талап пен тілеу үстінде бейбіт өмір сүрер ме еді дейді…
Ел осы екі бүліктер қылығымен әлекке түспек. Солардың дауымен өмір сүрмек.
Азамат анты мен сертінің, адам санасындағы адалдық атты қасиеттердің құнын сондай адамдар жоққа шығарып кете бермек пе?
Ұрыны да, бұзақыны да тыюға болар еді.
Соларға еретін байлар мен жоқ жерден байлық іздейтіндерді қалай тыюға болады? Бұл сұрақ шешімі табылмай келеді…
Абай, данышпан Абай сол сұрақ­қа жауап таба алмайды…

Он екінші сөздің астары

Әлемдік тіршілік пен күнделікті тұрмыс мәселелері – Абай ойларының негізгі арқауы. Дегенмен Абай адам жанының рухани сұраныстарын да қағыс қалдырмаған. Жаратылыс барын, Жаратушы барын және оған құлшылық ету, ғибадатты болу қажеттілігін мақұлдаған.
Абай: «Кімде-кім жақсы-жаман ғибадат қылып жүрсе, оны ол ғибадаттан тыюға аузымыз бармайды, әйтеуір жақсылыққа қылған ниеттің жамандығы жоқ қой дейміз» деп, шүкіршілік қылғандай болады. Бірақ Абай жүрекке жетпеген ғибадат пен біреуге еліктеген ғибадатшылыққа қарсы. Бұл сөзінде Абай ғибадат қылу мен ғибадатты болудың арасын анықтауға, халыққа түсінік беруге тырысқандай. Ғибадатты болу, ғибадатты болғанда да жүрекпен сезіне орындау қажеттілігін баса айтады. Әйт­песе оның хаққа жол еместігін түсіндірмекке ниеттенеді. Абай бұл тақырыпқа өз өлеңдерінде де көңіл бөлген екен.
Алла деген – сөз жеңіл,
Аллаға ауыз қол емес.
Ынталы жүрек, шын көңіл,
Өзгесі хаққа жол емес.
Хаққа сену, жаратушыға табыну тек қана таза ынта арқылы, шынайы көңіл арқылы іске асыруды уағыздайды.
Абай: «Күзетшісіз, ескерусіз иман тұрмайды, ықыласымен өзін-өзі аңдып, шын діни шыншылдап жаны ашып тұрмаса, салғырттың иманы бар деп болмайды» дейді.

Он үшінші сөздің астары

Он үшінші сөз мағынасына ой жүгірте отырып, біз Абайдың діни, адами болмысын байқағандай боламыз.
Абай имандылық жолындағы мұсылмандардың, адамгершілік жолындағы адамдардың өздері мойын ұсынған ақиқатына адалдығын талап етеді. Бұл қасиет­тердің оңайлықпен жүрекке орнамасы белгілі. Бұл қасиеттер жүрекке махаббат болып егіліп, көңілге сенім болып орныққанша, қаншама уақыт шығындау керек, қаншама өмір сүру керек. Көргендерден қаншама тәлім, оқыған білім, естігеннен ғибрат алмақ керек. Абай сондай қасиетті жоғалтпау қажеттігін, әр адам өз ақиқатын қорғай білуін арман етеді. Өлім қатері де сол жолдан айныта алмайтындай сенім мен наным керек екендігін ескертеді. Бұл – барлық адал адамдардың, мұсылмандар ішіндегі сүннеттердің ұстанымы.
Сенім – адам қасиетінің негізі. Абай «қылыш үстінде серт жоқ» деген қағидаға қарсы. Ол мақалдың мұсылмандар үшін, ақиқат жолындағы адамдар үшін жат қылық екенін ескертеді. Осындай мақалдардың жасанды мінезді, жалған қылықты жандарды өмірге әкелерін пайымдап, олардың «жүзі құрсын» деп жазғырады.
Бұл сөзде тек қана сенімнің иман бола алмайтыны, иманды ұстап тұру үшін білім мен ғылым қажеттілігі түсіндіріледі.

Сайын НАЗАРБЕКҰЛЫ,
Қазақстанның еңбек
сіңірген қайраткері

(Жалғасы бар)

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

17 − 4 =