Абайдың ақылын алсақ…

0 64

Жалпы, өмірдің қай саласында да Абайдың ақылын ­алсақ, айтқанын істесек, ел ретінде еңселенеміз, мемлекет ретінде мұратқа жетеміз.

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың
«Абай және XXI ғасырдағы Қазақстан»мақаласынан

2020 жыл ұлт санасында жер жаһанды жайлаған әлемдік пандемиямен қатар, ұстаз Әбу ­Насыр әл-Фараби бабамыздың туғанына 1150 және қазақтың айнасы, адамзаттың бауыры Абай Құнанбайұлының туғанына 175 жыл толуымен есте қалатыны белгілі.

Жыл басында Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Абай және XXI ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласы жарық көрді. Мемлекет басшысының хакім Абайды қазақтың құт-берекесіне теңеуін Қазақ елі жылы қабылдады. Мақалада: «Абайдың мол мұрасы қазақ ұлтының жаңа сапасын қалыптастыруға қызмет етеді. Оның шығармаларындағы ой-тұжырымдар әрбір жас­тың бойында халқына, елі мен жеріне деген патриот­тық сезімді орнықтырады. Сондықтан хакім Абай еңбектерінің нәрін өскелең ұрпақтың санасына сіңіру және өмірлік азығына айналдыру – ұлтты жаңғыртуға жол ашатын маңызды қадамның бірі» деп бағамдаған болатын. Осы жыл тұтас бір Абай мұрасына арналатынын сөз еткен Мемлекет басшысы «басты мақсатымыз бүкіл халықтың ұлт ұстазы алдындағы өзіндік бір есеп беруі іспеттес болуы тиіс деп білемін» деген болатын.
Қалың ел қазақтың бас ақынының алдындағы бір ізгі ісі есепке алынды десек те болады. Тәуелсіз Қазақстанның күнтізбесінде 10 тамыз Абай күні деп белгіленді. Бұл күн жылдың 364 күнінде қылған харекетіміздің бір күндік есеп күніне айналады деген сенімдеміз. Абай әруағы қабыл еткей!
Ел ордасында хакім Абай рухына тағзым етіліп, ескерткішіне қызыл раушаннан гүл шоқтары қойылды. Мұндай шара еліміздің барлық қалаларында жалғасын тапқан-ды.
Қаламыздағы шара Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаев мырзаның қатысуымен жүзеге асты. Пандемияның жағдайында қатаң хаттамалық ережеге сәйкес ұйымдастырылды. Елге елеулі тұлғалардан тек академик Ғарифолла Есім қатысты.
Ғарифолла Есім – ғалым, қоғам қайраткері. Ол – алты жыл сенаторлық қызметте болған академик, абайтанушы. Жазушы Абай Құнанбайұлының туғанына 150 жыл толуы қарсаңында, 1994 жылы «Абай дүниетанымындағы Алла мен адам болмысы» тақырыбында докторлық диссертациясын қорғаған. Ғалымның «Хакім Абай» еңбегі пәлсапалық герменевтиканың жоғарғы шеберлік бағамына ие. Абайдың ойшылдығын пәлсапа деп дәлелдеген алғашқы ғалым. Абай философия дегенді қолданбаған, ол философияны атеистік ілім деп қабылдаған.
Әрине, біздің айтайын дегеніміз, бір қазақтың назарында болса, басқа біреуінің түйсігіне жете қоймаған ақпараттың көзі болмақшы. Сондықтан тарихқа айналып үлгерген мәнді сәттерге қайта бір үңілейікші.
2012 жылы Қазақстан Республикасы Сенатының сенаторы, әлеуметтік- мәдени даму комитетінің мүшесі болған Ғарифолла Есім өзі білім алып, өсіп-өнген қасиетті шаһар Семей қаласынан кіндік қаны тамған жері Аққулыға қоладан Абай бейнесін орнатады.
Аққулы – киелі мекен. Мекеннің киелілігіне арнап академик «Ақ өлең – аққулы мекен» деген роман-эссесін де арнаған-ды. Роман-эссе қазақ жерін Ресейдің отаршылдық саясатын жүргізген заманында ел тағдырының басынан өткерген қиын-қыс­тау жағдай сөз етіледі. Орыс отаршылары әп-әсем болып жайқалған көл айналасындағы елдің берекесін қашырып, бақ-құтына қол сұққандығы айтылады. Сөйтіп автордың өзі айтқанындай, Аққулы мекеннің ырғағы қалып, ұйқасы кеткен жағдайға душар болады. Оны кітаптың эпиграф бөлімінде ғалым: «Өмір деген – ақ өлең, ырғағы бар, ұйқасы жоқ» деген метафорамен жеткізген-ді. Ақ өлеңнің ұйқассыз болуы – жанр шарты. Ал Аққулы халқының күнделікті өмір тіршілігінің ырғағына қалайша ұйқастық әкеле аламын деген ғалымның басты мақсатына айналған-ды. Бір мәселенің сегіз шешімінің бар екендігін білетін ғалым ол сұрақтың дұрыс шешімін тапқанға ұқсайды. Ол Аққулыға Абай мүсінін орнату керек дегенді жөн санайды. Мәселе мүсінде емес қой. Ғалымның негізгі ой-ұшы хакім Абайдың рухымен Аққулы мекенін рухтандырып, Аққулының құт-берекесін қайтару еді. Ғалым бір сөзінде «Абайдың хакімдігі өзінің қара сөздерімен ойға өріс берген» десе, онысы Абайдың өзі қазақтың құт-берекесі дегені емес пе? Өсіп-өнемін деген кісі сол өрістен қана керегін ала алады дегенге саяды демекпіз. Бұл дегеніңіз екі қасиетті мекен – Аққулы мен Семей өңірінің өмірлерін ұйқастыққа келтіру еді. Өйткені екі киелі мекен ғалымның өмір жолы, шығармашылық өрісінің өзегіне айналған-ды.
Аққулыда Абай мүсінінің тікейтілуін бұқаралық ақпарат құралдары жарыса жазды. Соның біріне тоқталайық. Baq.kz деп аталатын ғаламтор бетінде (15 тамыз 2012 жылғы шығарылым) «Аққулыда Абай мүсіні» деген тақырыппен жарық көрген мақала көзге түседі. Онда «Өткен жұма күні көршілес Павлодар облысының Лебяжі ауданының орталығы Аққу ауылында хакім ақынның туған күніне орай Абай күні өткізілді. Оған басты себепші болған да, осы бір игілікті істі ақырына жеткізіп, нүктесін қойған да сенатор-академик» делінген. Шараға сол кездегі Павлодар облысының әкімі Ерлан Арын, сенатор Сәрсенбай Еңсегенов, Астана қаласындағы Суретшілер одағы басқармасының төрағасы Қоңыр Мұхамедиев, Семей қаласының әкімі Айбек Кәрімов, т. б. беделді тұлғалар қатысты. Шараны тап-тұйнақтай етіп өткізген – сол кездегі аудан әкімі Айзада ханым. Ескерткіштің ашылу сән-салтанатында терең ойға ерік беріп, «мына жер ертеректе Аққулы атанған, ендеше кешегі айдын шалқар көлімізді қалпына келтіріп, оған киелі аққудың оралуына мүмкіндік жасай білсек, жерге құт, елге бақ келеді» деген ғалым Ғарифолла Есім Аққулы жеріндегі Абай бейнесінің бой көтерілуін құт-берекеге балап, осы күн, Абайдың туған күні (10 тамыз), «Абай күні» деп белгіленсе екен деп, өз ұсынысын жеткізе отыра, асқақ арманының қуатшыл екендігін көрсетті. Расын айтқанда, міне, араға 8 жыл салынып, Үкімет қаулысымен «10 тамыз – Абай күні» болып бекітіліп, тәуелсіз Қазақстанның күнтізбесінен ойып тұрып оймақтай орынға иеленді. «Құтты болсын!» деп дүйім қалың қазақты шын жүректен құттықтаймыз дегіміз келеді.
***
10 тамыз 2020 жыл. Аздаған күңірейген бұлт болмаса, күн шуағы нұрын еріксіз төккелі тұр. Сары­арқаның самал желі бұл мекенге әбден сіңісіп кеткен. Желсіз елорданы елестету мүмкін емес-ті. Дегенмен табиғатқа мін таға алмаспыз. Әттең, «Қорғансыздың күні» шығармасындағы кемеңгер Мұхтар Әуезовтің шеберлікпен табиғатты суреттеуіне не жетсін деп таңғалғаннан басқа амалымыз қалмас.
Елорда. Есілдің сол жағалауы. Бір-біріне ұқсамайтын зәулім-зәулім ғимараттар ортасы. Ұстаз үйінің алдында бір топ шәкірттер болып күтудеміз. Келісілген уақыт – 11.00. Ұстаз уақытқа өте жауапты қарайды. «Уақытпен есептеспеген адам – кедей адам» деп талай рет қайталайтын. Бізді де соған баулиды. Міне, өзі де шығып келеді. Қолында бірнеше сый-кәделік қорапшалары бар. Алдынан жүгіріп шығып алақандарымызды кеуде жағымызға тигізе сәлемдесіп, қорапшаларды өз қолдарымызға алдық. Ішінде ұстазымыздың қап-қалың болып тұрған «Ғұлама-наме» трилогия­сы. Әр кітаптың бұрыш жақ бөлігіне кісі есімдері жазылған. Түсінікті. Бұл – Абай күнінде сыйлануы керекті сый-кәде. Абай күнінде жақсы кітаптан асқан сый болмас.
«Ғұлама-наме» трилогия­сы хақында бірер сөз айтсақ. Трилогия 640 беттік үш бөлімнен тұрады. Бірінші – хакім Абайға, екінші – данышпан Шәкәрімнің «Ар біліміне», соңғы бөлім кемеңгер Мұхтарға арналған. «Абай, Шәкәрім, Мұхтар – қазақтың төл мәдениеті тарихындағы «бір сөйлем секілді» құбылыс. Абай сөйлем бастауышы болса, Мұхтар мұрасы – баян­дауыш, Шәкәрімнің «Ар білімі» – сөйлемдегі ойдың анықтаушысы. Біртұтас ғажап әлем – қазақтың ғұламалық әлемі» дейді академик Ғарифолла Есім.
Әне-міне дегенше Есілдің оң жағалауына да келіп жеттік. Хакім Абайдың еңселі ескерткішінің бір жаны – қала болыстарының мекені, бір жаны – Мемлекеттік басқару академиясы. Осы екі аралықта алыстан-ақ Абай бейнесі аспанмен таласып тұрғанын көру қиын емес. Кәміл мұсылман харекетін оң қылыққа балаған хакімге де орын оң жақтан бұйырған екен деп қаласың. Көліктен түсе сала хакім тұрған орынға қарай бет алдық. Ұстаздың жүрісі баяу, ойы тереңге сүңгуде. Харекеті бір толғаныстың барына меңзейді. Түсінікті жайт. Толғаныс Абайға терең бойлағаннан шығып жатыр. Хакім Абай:
Қаны қара бір жанмын,
жаны жара
Жүрегімнің түбіне терең
бойла,
Мен бір жұмбақ адаммын,
оны да ойла.
Соқтықпалы, соқпақсыз
жерде өстім,
Мыңмен жалғыз алыс­тым, кінә қойма! – деп еді ғой. Міне, бүгінде сол мың миллион болып, тағзым етіліп, қазақтың құт-берекесінің ұйытқысына айналды.
«Бауырлар тектен-текке қан төкпейді, жауықпайды. Мәселе – хакім Абайды таңдауда, Абай жолына түсуде! Абай жолы – қазақ болу жолы! Абай жолы – немеренің немересі қазақ болып, Абай тілінде, яғни қазақ тілінде сөйлесіп, ұғысып, Ұлы далаға иелік ету жолы! Абай жолы – еркін ер қазақтың жолы!» деп, 30 жылдан аса ғұмырын хакім Абай даналығына арнаған ғалымның толғанысында терең өмірлік мән, хакім алдындағы адалдық, асқақ арман жатқандығы аян. Ендеше хакім Абайды ұлықтаған ұлы күн – Абай күні қазақтың сана-болмысында сақталған құтты күн болсын демекпіз!

Жылбек ЖАҢАБАЙ

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

14 − eight =