Абайды терең бойлап, таныдық па?

0 75

Қазақ халқының бағдаршамы, ұстанар темірқазығы – ғұлама Абай және оның ілімі. Он тоғызыншы ғасырда дүниеге келіп, өмір кешкеніне қарамастан, оның артында қалдырған әдеби мұрасының жиырма бірінші ғасырда ерекше өзектілік сипатқа ие болып, одан әрі келесі ұрпаққа жеткізудің жолында бүкіл тұтас бір мемлекеттің күш салуының құпиясы неде?Хакім Абай философиялық трактат жазған жоқ, ғылыми еңбек те қалдырмады. Ал сонда оның феномені неде деген сұрақ туындауы заңды. Өйткені ол бүкіл адамзатқа тиесілі адами құндылықты айтып кетті. Қазақтың болмысын өзіне танытты. Оның өлеңдері мен ғақлияларын оқи не ести отырып, қынжыласың, ренжисің, бірақ мойындайсың, өйткені онда ащы шындық пен өмір ақиқаты жатыр. Бір халықтың өзіне ғана тән болмысы болады, сол болмыс уақыт тезіне төтеп беріп, ғасырдан-ғасырға жалғасып кете барады екен. Міне, Абай осыны көре білді және соны басқаға көрсете білді. Сонымен қатар бір Жер ғаламшарында өмір сүріп жатқандықтан, бүкіл адамзатқа тұтастай ортақ қасиет­тер де болары хақ. Абай оны да тани білді.
Әрбір тұлға өзін таныту үшін, мойындату үшін, адам деген абзал атқа иелік ету үшін адамзаттың бәріне ортақ құндылықтарды меңгергісі келеді екен.
Қытай ойшылы Конфуцийдің ойынша, құрмет, мейірімділік, кеңпейілділік сияқты қасиеттер қоршаған ортамен тепе-теңдікте болуға мүмкіндік береді. Адам өзін еркін сезінуге, өзгені де құрметтеп, өзі де құрметке бөленуге ықпалы зор.
Енді осы ойды жиырма екінші ғақлиясында ғұлама Абай біраз сөз ете келе, «Жігіттер, ойын арзан, күлкі қымбат» өлеңінде:
Біріңді бірің ғиззәт, құрмет етіс,
Тұрғандай бейне қорқып, жаның шошып.
Жолдастық, сұхбаттастық –
бір үлкен іс,
Оның қадірін жетесіз адам білмес,
– дейді.
Немесе:
Кемді күн қызық дәурен тату
өткіз,
Жетпесе біріңдікін бірің жеткіз.
Күншілдіксіз тату боп шын
көңілмен,
Қиянатшыл болмақты
естен кеткіз.
Негізі құрмет – рухани құндылықтарды қастерлеу. Елге, жерге, тілге, адамзатқа, ұлтқа қатысты мәдени-тарихи құндылықтарды жоғары бағалайтын эстетикалық және этикалық көзқарастар жиынтығы. Адамды құрметтей білудің белгілері – адамға физикалық, моральдық зиян келтірмеу. Жас мөлшері, материалдық жағдайы, қандай дін ұстанатыны, жынысына қарамай, оған ізет көрсету құрметтің белгісі екен. Бұл Абайдың «толық адам» қағидатына да сәйкес келеді.
Адамзаттың қауіпсіз, емін-еркін өмір сүруі және қоғамның толыққанды мүшесі болу үшін қажетті категорияның бірі және әдеп пен мораль нормаларының ажырамас бөлігі – әділдік. Ертеде философтар қоғамның жағдайын бағамдау мақсатында әділдікті негізгі санатқа жатқызған.
Бұл мәселе хакім Абайдың «Алланың өзі де рас, сөзі де рас» деген өлеңінде:
Махаббатпен жаратқан
адамзатты,
Сен де сүй ол Алланы жаннан
тәтті.
Адамзаттың бәрін сүй
«бауырым» деп,
Және «Хақ жолы осы» деп әділетті, – дейді. Бүгін естіп, біліп жүргеніміздей, қазақ халқының бас ақынына дейін «Адамзаттың бәрін сүй «бауырым» деп сүю және оған үндеу ешбір философ, ешбір ақын, ғұлама данышпандар да кездеспепті. Бұл жерде ойды тұжырымды жеткізу, бүкіл адамзат моралін жасап беру деген ұлылықтың белгісі болар.
Ал қырық бесінші қара сөзінде: «Бұлардың (махаббат пен әділеттің) керек емес жері жоқ, кіріспейтұғын да жері жоқ. Ол – жаратқан Тәңірінің ісі» дей отырып, адамзат тіршілік етіп жатқан ғаламның махаббат және әділет заңы арқылы басқарылып, реттелетінін айтады. Махаббат деген ұғым саналы тіршілік иесі – адамзат өмірінің ажырамас құрамдас бөлігі, мәні терең, мағынасы ауқымды философиялық ұғым. Оны екі адам арасындағы қарым-қатынасты реттеуші сезім деп қана қарау тым таяздықты танытады. Ол – адамның табиғатпен жарасымды өмір кешуінің кепілі. Махаббат та әділдікке жүгінеді.
Одан әрі адамдар арасындағы қарым-қатынасты реттейтін, сол арқылы қоғамдық келелі мәселелер жүзеге асырылатын адалдық туралы да сөз еткен. Он бірінші қара сөзінде: «Ұлықтар пәлі-пәлі, бұл табылған ақыл деп, мен сені бүйтіп сүйеймін деп, ананы жеп, сені бүйтіп сүйеймін деп, мынаны жеп жүр. Қара халық менің сонша үйім бар, сонша ауыл-аймағыммен сойылыңды соғайын, дауыңды айтайын деп, қай көп бергенге партиялас боламын деп, құдайға жазып, жатпай-тұрмай салып жүріп басын, ауылын, қатын-баласын сатып жүр. Осы бір ұры, бұзақы жоғалса, жұртқа ой да түсер еді, шаруа да қылар еді. Бай барын бағып, кедей жоғын іздеп, ел секілденіп талапқа, тілеуге кірісер еді. Енді жұрттың бәрі осы екі бүлік іске ортақ, мұны кім түзейді? Анттың, серттің, адалдықтың, ұяттың бір тоқтаусыз кеткені ме? Ұрыны тыю да оңай болар еді, бірақ осы бұзақының тіліне еретұғын, азатұғын байларды кім тыяды» десе, қырқыншы қара сөзінде: «Біреудің ағайыны торқалы той, топырақты өлімде, адалдық берекеде алысуға табылмай, барымта алалық, ұрлалық десе, табыла қоятыны қалай? Бәйгеге ат қоссаң, атыңды тартыспайтұғын ағайын, атың келсе, бәйгесіне өкпелейтұғыны қалай?» деп түйеді ойын. Осы ғақлия сөздерінде адалдық ұғымы ойшыл Абайдың өмір сүрген дәуірінде барымта, ұрлық пен қарлыққа қатысты айтылғанмен, одан кейінгі кезде түрі өзгерсе де, мазмұны, философиялық мәні сол қалпында қалып отыр. Ғұлама ойшылдың айтқан «мал табу», «ұрлық пен қарлық» деген мәні терең, оны тура мағынасында қабылдамау қажет.
Міне, осы сияқты жалғыз қазақ қана емес, бүкіл адамзат үшін маңызы ерекше мінез-құлық қасиеттерді санамалап талдап берген. Айтқан ойы күні бүгінге дейін өзекті. Олай болса қазақ халқының данышпан ойшылы, сұңғыла ақыны, халыққа жол көрсетуші шамшырағы – Абайдың ғақлия сөздері мен «Іші алтын, сырты күміс сөз жақсысын» келістіріп жазған поэзиясын органикалық тұтастықта ала отырып, ақын ілімі ретінде қарастырған жөн сияқты. Сонымен қатар:
«Ынсап-ұят, ар-намыс, сабыр,
талап –
Бұларды керек қылмас
ешкім қалап.
Терең ой, терең ғылым
іздемейді,
Өтірік пен өсекті жүндей сабап» жүрген қазақ қоғамының мораль мен этика нормасын жасап кеткен хакімнің ойлары мемлекеттік ­идеология мен ұлттық құндылыққа да өзінен-өзі сұранып тұр.
Адамзаттың бәрін сүй
бауырым деп,
Және хақ жолы осы деп әділетті, – деген дана Абайдың артына қалдырған осы сөзі тек бір ғана қазақ ұлты үшін емес, бүкіл адамзаттың ұстанар темірқазығы, алтын арқауы іспеттес.
Ақын мұрасын оның мерейтойы жылдарында ғана кеңінен насихаттап, келесі бес жылдыққа дейін жылы жауып қою немесе есеп беру үшін үзіп-жұлып іс-шара өткізумен шектелу, ғұламаның болмысына терең бойлауға аздық етеді. Біздің заманымызға дейінгі 551 жылдары дүниеге келіп, өмір сүрген қытай халқының ойшылы Конфуцийдің айтқан ғұлама ойларын күні бүгінге дейін өз халқы идеология құралына айналдырып отыр. Ал қазақ ойшылы – Абай Құнанбайұлының айтып кеткен келелі ойлары одан бірде-бір кем емес десек, артық болмас. Тек насихатталуы жетіспей жатыр. Оның өлеңдері немесе ғақлияларын жаттап алып, челлендж ұйымдастыру да дұрыс шығыр. Дегенмен онда айтылған ойды терең түсіну, түсіндіру ісі жолға қойылуы керек. Абайға терең бойлау үшін оның айтқандарын мен орындап отырмын ба, ол сынаған мінездер менің бойымда бар ма, одан қалай арыламын деп ойланған жөн болар. Сонымен қатар оның ғұлама ойларын дипломатиялық салада басқа елге барып, еліміздің келелі мәселелерін шешуде дәйексөз ретінде қолданып отыратындай деңгейге жеткізсек қана бүкіл әлемге таныта аламыз және сол арқылы тани да аламыз. Тағы бір айта кететін жайт, жатқа айтылып жүрген ақын өлеңдері санаулы ғана, ол үрдіспен біз оны жақсы танып, терең бойлай алмаймыз. Оның көптеген күрделі, тамаша өлеңдері, сол шығармалардағы терең ойлар назардан тыс қалып жатыр. Сол себептен де «Абайды таныдым ба?» деген сұрақ әрқайсымыздың көкейімізде тұруы керек.

Сәлима ОРАЛХАНҚЫЗЫ,
филология ғылымдарының кандидаты

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

17 − nine =