АБАЙДЫ ТАНЫП БОЛДЫҚ ПА?

0 301

ҚАЗАҚ ӘДЕБИЕТІНІҢ ІРГЕЛІ САЛАСЫНЫҢ БІРІ – АБАЙТАНУ ҒЫЛЫМЫ БҮГІНГІ ТАҢДА ЖАҢА ПАЙЫМДАУЛАР ТҰРҒЫСЫНАН ЖАН-ЖАҚТЫ ЗЕРТТЕУЛЕРГЕ ЗӘРУ. ӘРИНЕ, ҚАЗАҚ МЕМЛЕКЕТІ ӨЗ ТӘУЕЛСІЗДІГІН АЛҒАН КҮНДЕРДЕН БАСТАП, АБАЙТАНУ ҒЫЛЫМЫ ДА ТӘУЕЛСІЗ ОЙЛАРҒА ТОЛЫ БІРАЗ ЕҢБЕКТЕРМЕН ТОЛЫҚТЫ. ДЕГЕНМЕН, БҰЛ ТӘУЕЛСІЗ ӘДЕБИЕТТІҢ КЕЙІНГІ ОН-ОН БЕС ЖЫЛДАҒЫ АЛҒАШҚЫ ҚАДАМДАРЫ ҒАНА ДЕУГЕ БОЛАДЫ. 

 Абайтану ғылымындағы бүгінде көкейкесті бо­лып отырған мәселелер не деген кезде, кеңес заманын­да өз дәрежесінде айтылмай, ғалымдарымыз айта алмай келген дүниелерге барып тірелетіні анық. Абайды танудағы сондай өзекті мәселелердің бірі ол – кемеңгер ақынның ортасы, әдеби айналасы туралы сөз. Төл әдебиетіміздің тарихын жаңаша зерделеуге мүмкіндік туған бүгінгі тәуелсіз көзқарастар тынысы қандай да бір сөз зергерін оның әдеби ор­тасымен, айналасымен байла­ныста қарауға жол ашып отыр. Абайдың әдеби ортасы дегенде оны ақындық өнерге баулыған, рухани өсу жолында темірқазық бағдар бола білген ақын-жырауларды, би-шешендерді, кейіннен нағыз ақындық кемеліне жеткен тұлғаның өнеріне сусындап, әдебиеттегі дәстүрін жалғастырған ақын шәкірттерін, оның мұрасын халыққа насихаттаған өнерпаз бу­ынды айтамыз. Әдеби орта ұғымын мейлінше кең тұрғыда алу да бар. Ол өлшемге салсақ, ақынға әсер еткен рухани қайнар көздерге ұласатын алғышарттарды есепке аламыз. Бұл тұрғыда әдеби ортаны абай­танушы ғалымдар атап көрсететін ақынға әсер еткен шығыс, ба­тыс және қазақтың төл әдебиеті сияқты рухани қайнар көздерімен байланыста қарауға болады. Осы­лайша әдеби ортаның құлашын кеңейтіп, ақын сусындаған әдеби дереккөздерге қатыстылығын ескерсек, Абайдың кітапханасы деген тақырыптың да әдеби ор­тамен бөлінбес бірлікте екенін аңғару қиын емес. Әдеби орта тек өзіне ықпал еткен ілгерідегі әдебиетпен ғана шектелмейді, енді ақынның өзгеге берген нәрі деген тұста қазақ әдебиетіндегі үлкен арна – Абайдың әдебиеттегі дәстүрі мәселесін қоса қамтиды. Шартты түрде осындай кең ауқымды қамтитын Абайдың әдеби ортасын нақтылап, тарылтып ақынның айналасы, яғни Абаймен тікелей қарым-қатынаста, әдеби байланыста болған аға буын, замандас сөз зергерлері – ақын-жыраулар, би-шешендер және кейінгі ақынның тікелей тәрбиесін көрген ақын шәкірттерімен шектеп, шеңберлеп қарастыру абайтану ғылымының көкейкесті мәселелерінің бірінен саналмақ. Бұл М.Әуезов сөзімен айтқанда «бергілер және дәл ай­наласы».

Дәл осы тұрғыдан алғанда, әдеби орта ұғымы кез келген әдебиет өкілінің, оның шығармашылық жолының қалыптасуында айтарлықтай рөл атқаратын өскен орта, яғни туған жер, туған өлке де­ген ұғымдармен де аса жақын келетінін ескерген жөн. Туған топырақтың қасиеті қаламгер атаулының кіндігін өзінен бір сәт ажыратпай, оның шығармашылық жолына табиғи бояуын сіңдірер үзілмес желі боп тартылады. Кіндік қаны тамған туған жер адам болмысының қалыптасуына өз әсерін тигізері анық болса, рухани дүниеге ұмтылысы ерекше өнерге жақын жандардың табиғаты сол туған топырақтың құнарына да тәуелді.

Абай өмір сүрген дәуірдегі әлі де жазба поэзиясы қалыпты жолға түсе қоймаған көшпелі елдің әдебиетін сөз еткенде, айшықты мәселенің бірі ретінде белгілі бір аймақтың әдебиетін, ондағы әдеби ортаның рөлін баса көрсетсек, ең алдымен ұлттық әдебиетіміздің сол уақыттағы даму жолдарын айқындауға септігін тигізері анық. Ақынды қоршаған әдеби орта, оның ішінде тікелей қарым-қатынаста болған айнала­сы туралы айтқанда батыс, орыс әдебиеттану ғылымы «контактные отношения» деген мәселеге көңіл қойған. Мағынасын қазақшаласақ – бір-біріне жолығып, түйісіп барып әдеби байланысқа түсу. Ф.Достоевский мен В.Соловьев, Л.Толстой мен Д.Мамин-Сибиряк сынды жазушылар арасындағы әдеби байланысты осы тұрғыдан қарастырған еңбектер де бар. Бұл тұрғыдан Н.Пруцковтың «Исто­рико-сравнительный анализ про­изведений художественной ли­тературы» (Ленинград, 1974) деген еңбегін атауға болады. Де­мек, әдеби орта дегенде ақынның туып-өскен ортасы, аймағы де­ген мәселені ең бірінші орынға қоюымыз керек. Ақындыққа көтерілу жолында өз ауылының, өлкесінің әдебиет өкілдерінен құнар жинаса, толысып, кемеліне келген шақта да алдымен өз ай­наласына рухани нәрін септі. Сол себепті де Абайдың әдеби ортасы туралы сөздің бісмилләсі оның айналасынан басталуы заңды. А.Құнанбайұлы Ертіс бойындағы Семей шаһары мен Шыңғыстау аралығында ғұмыр кешті. Ес біліп, ақыл тоқтатқан шаққа дейін өлең-сөздің, ақындықтың әліппесін Абай өз әулетінен, маңайындағы үлкенді-кішілі ақындар мен би-шешендерден үйренді. Дәл осы Шыңғыстаудың бауырынан шықпай отырып, қазақ өлеңін шырқау биікке аспандатса, сол өлең-сөзге алғаш баулыған әдеби ортаның орны айрықша. Кейіннен ақынның маңайына сөз ұғарлық өнерлі топ үйірілсе, олар да сол өңірдің жас өрендері-тін. Демек, қазақ әдебиетінде кеңінен қанат жайған Абай дәстүрінің бұлақ көзі алдымен осы ақын айналасына шоғырланған ақындардан бастау алады. Ал, Абайдың әдебиеттегі дәстүрінің қазақ даласында кеңінен сипат алуы ақын дүниеден өткеннен кейін барып жүзеге асты. Жасыратыны жоқ, көзі тірісінде Абайды жаңағы өзі өмір сүрген өлкесінен басқа алыстың қазағы танымады. «Біздің жұрт әлі күнге шейін мәдениет басқышының ең төменіне аяқ баса алмай тұр. Қазақ әдебиетінің атасы хакімінде тарихта аты алтынмен жазыларлық Абай Шыңғыс тауында 60 жылдық өмірін өткізіп, сол Шыңғыс тау­ында өлді. Туғанын, жасағанын, өлгенін өз елі Тобықтыдан басқа қалың қазақтың көп жері білмей де қалды», -деп қынжыла жазған М.Дулатовтың сөзі – ащы шындық. Дәл осындай пікірді Шәкәрім де білдірген болатын.

Кеңестік кезеңде абайтану саласының «қоғамға жат» саналған саласының бірі – Абай мектебі. «Абайдың ақындық мектебі» кон­цепциясын М.Әуезов ұсынды. Әлем әдебиеті бойынша әдебиеттану ғылымында «мектеп» термині бар. Нақты «әдеби мектептің» анықтамасы болмағанмен, бұл ұғым батыс пен орыс әдебиетінде әдеби ағым, әдеби үйірме, әдеби топ дегендермен алмастырыла айтыла береді. Әсілі, әдеби мектеп – бір көзқарастағы, бір бағытта шығармалар жазатын, арман-мұраттары ортақ қаламгерлердің басын құрайтын ұғым. Көбінің бастаушысы, яғни сол мектепті құрушы ұстазы болып, қалғаны шәкірт саналады. Бірақ, батыс әдебиеттануындағы мектеп атаулының қай-қайсысында да ұстаз бен шәкірт арасындағы байланыс нақты айтылмайды да, әдебиеттегі ағымға қарай ауып кетеді.

Ал, Абай дәстүрі – біз сөз етіп отырған ақындық мектепті де ішіне сыйғызып жіберетін кең ұғым. Абай дәстүрі оның қасында жүрген шәкірттерімен шектелмейді. Қазақ әдебиетіндегі Абайдан кейінгі көрнекті тұлғалардың барлығы дәстүр жалғастырушылар десек, С.Торайғыров, М.Жұмабаев, А.Байтұрсынов, М.Дулатов, С.Сейфуллин, І.Жансүгіров, Б.Майлин сынды әдебиет қайраткерлері осы лектің алдыңғы толқыны ғана. Де­мек, кең мағынада алғанда дәстүр жалғастырушылардың бәрі дерлік Абайдың ақындық мектебінің өкілдері болып табылады. Алай­да, Абайдың ақындық мектебі деген ұғымды нақтылап, оның маңайындағы ақын шәкірттерімен байланысын алып қарастырғанда, ақындық дәстүрден де басқа, ұстаз бен шәкірт арасындағы күнделікті қарым-қатынастардың нақтылы көріністері бой көрсетеді. Яғни, Абай поэзиясының кейінгіге әсер-ықпалы деген мәселеден басқа, Абайдың тікелей тәрбиесі, ұстаздық ұлағаты, тіпті оның өлең жазуға баулу, үйрету қарекеттері айқындалды.

1950 жылдардағы «Абайда мек­теп болған ба, жоқ па?» деген даудың тууына ақындық мектеп мәселесіне қатысты нақты меженің жоқтығы да себеп болды. Соның салдары­нан біреулері Абай мектебін тар мағынада, яғни айналасындағы ақын шәкірттерімен шектесе, екінші зерттеушілер тобы мектеп мағынасын кеңейтіп, оның аясы­на дәстүр жалғастырушылардың барлығын кіргізді. Абайдың тікелей тәрбиесін көрген маңайындағы ақын шәкірттердің бәрі дерлік кеңестік идеологияның жаласы­на ұшырап, әдебиет тарихынан аластатылғаннан кейін, Абай шәкірттері, Абай мектебі деген ұғымдар дәстүр жалғастырушылар деген тақырыптың аясына сіңіп кетті. Негізінен, Абайдың ақындық мектебі мәселесін сөз еткенде Абай мен оның тікелей тәрбиесінде болған ақын шәкірттер арасындағы байланыс бір бөлек,

кемеңгер ақынның әдебиеттегі дәстүрі, яғни Абай дәстүрін жалғастырушылар жеке тақырып ретінде қарастырылғанда ғана Абайдың ұстаздық қарекеті мен жалпы ақындық өнерінің кейінгі әдебиетке әсері деген мәселелерді ажыратуға мүмкіндік туады.

Кеңестік саясаттың салдарынан абайтану ғылымында еріксіз назар­дан тыс қалып, тіпті күшпен басы­лып, еркін зерттелу мүмкіндігінен айырылған сала Абайдың ортасы десек, «социалистік» деп аталатын қоғамда ақынды өз ортасы­нан, әдеби айналасынан ажыратып алу мақсатты түрде іске асы­рылды. Алдымен Абайдың өзі «шынжыр балақ, шұбар төс» Құнанбай баласы болғаны үшін ғана кеңестік әдебиетке жақпады. «Бай баласының» ақындық құдіретінен мін таппаған таптық идеология, оның жеке басынан сырғып, айналасын бопсалауға көшті. Ақынның өмір сүрген ор­тасы – «ескішіл», әкесі – бай-шонжар, маңайындағы ақын-жыраулар мұрасы «социалистік талаптардан ада» болған себепті, Абай мақсатты түрде әдеби ор­тасынан жырақталып, оқшаулана берді. Ақынның әдеби мұрасы «әдебиеттің таптығы» деген қалыпқа ыңғайланып, «кедейшіл», керек десеңіз «большевик» Абай өз ортасына қарсы қойыла танылды. Абайға ерекше ықпал еткен шығыс әдебиеті туралы аса аз айтылып, ақынның «шығысым батыс боп кетті» деген сөзі же­леу етіліп, «оның елден асырып дана қылған орыстың зиялылары» деген түсінік санамызға сіңірілді. Орыс зиялылары, оның ішінде Е.Михаэлис, Н.Долгополов сияқты замандастарының Абайға, оның орыс әдебиетін меңгеруге тигізген қолғабысын жоққа шығаруға болмайды. Сол сияқты орыс әдебиетінің, оның көрнекті өкілдерінің де Абайға бергені өте мол. Әйтсе де, Абайға әсер еткен қорды санамалағанда төл әдебиет, оның ішінде ақынмен тікелей қарым-қатынаста болып, жанаса әсер еткен ортаның рөлін екінші қатарға ысыра беруге келмес. Абайдың заманынан асып туған кемелдігі ең алдымен, әкенің қаны, ананың сүтімен бойға дарыған құт, туған топырақтың қасиетінен. Екінші, тал бесіктен әженің әлдиімен, атаның әлқиссасымен жадыға жатталған қазақтың асыл сөзі, домбыраның күйі, қобыздың үнімен жүрекке тұнған төл өнер «қазақта қара сөзге дес бермеген» Абайды ақын етіп қалыптастырды. Кезінде М.Әуезов атап көрсететін Абайдың алған қорының ішіндегі ең молы – қазақтың халық әдебиеті екендігін ескерсек, осы бір сала – заманның қақпақылына түсіп, абайтанудың зерттелмей жатқан ең бір осал тұсы боп қалды.

Кеңестік жүйенің абайтануға кесірі тиген көлеңкелі тұсының болғанын ескерсек, сол кезде Абайдың төл әдебиетке, қазақтың ақыны мен жырауына, тіпті бүкіл қазақ халқына қарсы қойылғанын бүгін жоққа шығара алмаймыз. Ақынның ащы сөзінің астарына үңілмей, Бұхар, Шортанбай, Ду­латтарды Абай сөзімен тұқыртып, «ескі би» мен «ескі ақындардың» мұрасын керексіз еткеніміз кешегімен кетті. Жаңаша поэзияға құлаш ұрып, эстетикалық талғам тұрғысынан өркешті деген өлең иелерін сынаған Абай мен оның өзіне дейінгі әдебиет арасына сол тұста сына қағылды. Соның сал­дарынан Абайға дейінгі әдебиет жоқтың қасы есебінде болып, тіпті «қазақтың әдеби тілі Абайдан басталады» деген пікірлерге дейін айтылды.

Абайдың алдындағы әдебиет осылайша бір ыңғайлы болғаннан соң, абайтануға кезекті бір әдеби шабуыл басталды. Әлем әдебиетінде жалпы ағым-бағыттың аясында қолданылатын «мек­теп» ұғымының бір ғана адамға қатысты айтылуы кеңестік қазақ әдебиеттануында үлкен дау туғызды. Нәтижесінде, маңайына ақын, әнші, музыкант, ертегіші сияқты алуан өнерді үйренуге құлшыныс білдірген жастарды жиып, баулыған ұстаз Абайдың тағлымдық, тәрбиелік қарекеті тұмшаланып, ақын шәкірттері шетінен «кертартпа», «ескішіл» деп танылып әдебиеттен аласта­тылды, көзі тірілері «халық жауы» болып қуғындалды.

Абайдың айналасындағы әдебиет өкілдері туралы біраз зерттеу­лер жазылды, ақын шәкірттердің мұралары жинақ болып шықты де­сек, ендігі міндет – сол еңбектерден әдеби орта тақырыбының жігін табу. Мәселен, Құнанбайды ақтап алу аз, енді оның Абайға ықпалын, әке мен бала арасындағы рухани байланыстардың көзін аршу міндеті тұр. Сол сияқты Абайдың алдындағы аға буын ақындардың байланысы, қарым-қатынасы, жас Абайға көрсеткен өнегесі турасын­да толайым пікір айту да – бүгінгі зерттеулердің міндеті.

Абай дәстүрі деген зор арнаның мәнді саласы – Абай мектебін сөз еткенде, ұстаз бен оның шәкірттері арасындағы байла­нысты тек олардың поэзиядағы сабақтастығымен шектеп қою аз. Бұл мәселеде тұрмыстық қатынастардан бастап, өлең үйрену қағидалары, тақырып таңдау, өмірге келген шығармаларды әдеби ортада сыннан өткізу сияқты қарекеттермен жалғасып, одан туын­дайтын ұжымдық әдеби процесс сияқты құбылыстардың сырына үңілгенде ғана әдеби мектептің мәні айқындала түспек. Ақындық мектеп дегенде, ең алдымен, сол мектепті қалыптастырушы Абайдың рөлін, ұстаздық қарекетін айқындап көрсету шарт. Оның әдебиеттегі жолын жалғастырушы ақын шәкірттердің әдеби мұрасына үңіле отырып, әр қырынан та­нып, олардың Абай дәстүрін жалғастырушы ғана емес, сол дәстүрді өздерінше дамыта білген даралық сипаттарын саралағанда барып Абай мектебінің қазақ әдебиетіндегі орны айқындала түспек. Тек қана ақын емес, әнші, музыкант, ертегіші, дойбышы сияқты сегіз қырлы өнерпаздарды қасына жиған Абайдың айналасына қазақ мәдениеті мен өнеріне қосқан үлесі тұрғысынан баға берілген уақытта Абай ортасының анық деңгейі анықталмақ.

Елуінші жылдары «Абайдың әдеби мектебі» концепциясының зиянды деп танылып, әдебиет тарихынан аластатылуының бір себебі «мектеп» деген ұғымның өзі әртүрлі мағынада қарастырылғандығында жатыр. Қ.Мұхамедханұлы диссертациясының тақырыбы ғана емес, жалпы «Абай мектебі» деген атау түп-тамырымен өзгертіліп, Абайдың ұстаздық қыры көлегейленді.

Саяси қысымның салдарынан Абайдың шәкірттерінің мұрасын ғылымда қорғауына мүмкіндік ала алмаған Қ.Мұхамедханұлы 1959 жылы диссертациясының атын ғана емес, идеясын өзгертуге тура келді. Абай шәкірттері деген ұғым еріксіз ақынның төңірегіндегі ақындар деп ауыстырыл­ды. 1951 және 1959 жылғы екі диссертацияның құрылымында айтарлықтай өзгешеліктер бар. Саяси сынның салдарынан кейінгі еңбек біраз қысқарған. Алдыңғысында Тұрағұлдың аты аталмаса да бірнеше өлеңдері мен аудармаларына шолу жасалса, кейінгі диссертацияда ол жоқ. 1951 жылғы еңбектегі даудың үлкені Көкбай Жанатайұлына, оның «атышулы» «Сабалақ» даста­нына байланысты болғандықтан, Абайдың қасында 25 жыл дос болған, талантты ақын Көкбай да кейінгі еңбегіне енбей қалды. Сөйтіп, Шәкәрімсіз, Көкбай мен Тұрағұлсыз, ал бар ақындардың өзі тек «советтік шеңберге» сиятын шығармалары арқылы танылып, бір сөзбен айтқанда, құйрық-жалы күзеліп, Абай мектебі ғылымда қорғалып шықты.

Абай мектебімен қоса М.Әуезовтің 1950 жылы жарияланған «Ақын аға» романы да сынға ұшырап, жарыққа шықпай жатып жойылды. Абай мектебі тақырыбы «Ақын аға» романының негізгі арқауы болғандығын сол кездегі қырағы цензура қалт жібермеді. «Ақын ағаның» бар кінәсі Абайдың ұстаздық құдіретін паш етіп, ақын шәкірттерінің бейнесін шындыққа жанасым­ды бейнелеуінде. «Ақын аға» тәркіленгенмен ұлы эпопеяның аяқсыз қалуы М.Әуезов үшін де, қазақ әдебиеті үшін де үлкен қасірет еді. Әуезовке тағы амалдауға, дәлірек айтқанда «соцреализмнің» ыңғайына бойсұнуға тура келді. Кейінгі шыққан «Абай жолының» төртінші кітабында сәтті толықтырулар болды дегенімізбен, «Ақын ағадағы» негізгі идея – Абайдың ақындық мектебі көмескіленіп қалды. Мәселен, романға арқау болатын Көкбайдың, Әріптің өлеңдері еріксіз енбей қалды. Әсіресе, Көкбай бейнесі қатты зардап шекті.

Басқасын былай қойғанда Абайдың ең көрнекті ақын шәкірті, әрі туысы Шәкәрімсіз Абай туралы роман жазу – жоқтан бар жасаумен бара-бар еді. Шұбар – Шәкәрім – Дәрмен. Бұл үштік Әуезовтің саяси талапқа қарсы жасаған ай­ласы еді. Көкірегі ояу оқырман Дәрменнен Шәкәрімді тапты. Ал, саяси танымның қажеттілігі үшін Шұбардың прототипі – Шәкәрім. Әуезовке осылай амалдауға тура келді. Өмірде Құнанбай туыстарының ішінде Шұбар деген адамның болғаны да рас. Абай елінің шежірешісі Б.Исабаевтың айту­ынша: «Өскенбайдың өр тоқалы Таңшолпаннан Шұбар, Елеусіз, Тілеуберді туады» (Ұлылар мекені. – Новосибирск, 2001). Әйтсе де, Әуезовтің сомдағаны бұл Шұбар емес. Эпопеядағы Шұбар бейнесі – тағы да қайталаймыз, Әуезовтің саясатқа тосқан қалқаны.

Романда Абайдың ақын балалары Мағауия, Ақылбай, Тұрағұлдардың бейнелері саяси сынның уысынан шыға алмады. Әйгерімнің көңіл-күйіне ғана қатысты аты аталып қана қалған омыраудағы екі жасар Тұрағұлды құбыжық көріп, «кеңес өкіметіне қарсы табанды түрде күрескен, аса ірі феодал, халық жауы Тұраш сүйсіне суреттеледі» деген сорақы сын Тұрағұлдың атын «Абай жолынан» мүлдем сызғызып тастады. Бір сөзбен айтқанда ұлы жазушының дәуірнамалық туынды­сында ең негізгі тақырыпқа айнала­тын, айналуға тиіс болған Абайдың ақындық мектебі тоталитарлық жүйенің құрбандығына шалынды. Ең бастысы Абай бейнесі арқылы ұлы эпопеяны дүниеге әкелу үшін Әуезов көп тарихи тұлғалармен қатар Абай шәкірттерін де құрбандыққа шалды. Шәкәрім, Көкбай, Әріп ақындарды кеңестік саясат қажетсінген межеден ғана көрсете алды. Сөйтсе де, жазушы өз шеберлігін саяси сынның қылбұрауына тосқауыл ете білді. Романда Абайдың ақындық мектебі туралы сөз болмағанымен, шығармаға үңілсеңіз ақындық мектеп идеясы бар. Бұдан кеңестік идеологияның Абай мектебіне деген қарсылығы тек ғылыми еңбектерге ғана емес, М.Әуезовтің көркем шығармасына да қаншалықты қасірет әкелгенін байқауға болады.

Бауыржан ЕРДЕМБЕКОВ, ф.ғ.д., профессор,С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінің проректоры

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

eleven − 7 =