Абайды Абай еткен Мұхтар ғана, Мұхтарды Мұхтар еткен Абай дана…

0 189

Қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбаев пен заманымыздың заңғар жазушысы Мұхтар Әуезов арасындағы байланыс қазақ әдебиетінде ерекше орын алатыны сөзсіз. Абайдың Мұхтар өміріне берген тәлімі, Мұхтардың Абайды бүкіл халықтың танып-білуіне қосқан үлесі екі бөлек әңгіме. Мұхтар Әуезов Абайдың тағдырын, шығармашылығын зерттеуде өмірінің көп бөлігін жұмсады. Тіпті ұлы тұлғаға арнап жазған еңбектері аз емес. Ал дәл сол еңбектерінде Абай бейнесін, іс-әрекетін, ой тереңдігін жазушы онымен бетпе-бет көріскендей шебер бейнелейді.Абай да, Мұхтар да – екі бөлек ғасыр тұлғалары. Алайда қалайша ол Абайдың бар өмірін соншалықты ғажап жинақтап жеткізе алды? Бұл жазушы шеберлігі ме? Әрине, жазушы шеберлігі де зор септігін тигізді. Ал осының барлығы үшін Мұхтар Әуезовтің атқарған жұмысы – мүлде бөлек әңгіме. Әуезов жасы ұлғайған Абайды бес жастағы кезінде бір ғана көріп, ол кезде оның кім екендігін біліп, түсіне алмаса да, кейінірек сол ортада, Абайды көрген, білген, өлеңдерін естіген, сөздеріне әбден қанық адамдардың ортасында өсіп, ер жетті.
Мұхтар Әуезовтің Абайдың өлеңдерін, қалдырған өнегесін осындай ортада жүріп қабылдап, жасынан көңіліне құйып өскені, олардың арасында рухани жалғас­тық тууына жағдай жасағанын толық ескеру қажет. Өзгені былай қойғанда, «Абай жолы» роман-эпопеясында Абай заманы, дәуірі, халықтың тағдыры аса мол, терең бейнеленетінін ескерсек, осы мәселелерге Абайдың көзқарасы Мұхтар Әуезовтің көзқарасы, ұғым-түсініктері арасындағы үндестіктер бар екені анық аңғарылады. «Абай жолы» роман-эпопеясы үлкен ізденісті қажет еткені сөзсіз. Абайдың әдебиеттегі орнын тұңғыш рет бағалап, ақынның әдеби мұрасы туралы құнды деректер берген Кәкітай Құнанбайұлы мен Әлихан Бөкейханов мақалаларына қоса, Ахмет Байтұрсыновтың және Міржақып Дулатовтың құнды пікірлері ұлы ақын шығармашылығын дұрыс танып-бағалауға жол ашқанын, мұның абайтану ғылымына тірек боларлық алғашқы қадамдар екенін айтуымыз керек. Абайтануды дербес ғылым дәрежесіне көтерген Мұхтар Әуезов болды. Оның Абай жөніндегі зерттеулері осы ғылым саласының мызғымас негізі болып табылады. Абай шығармаларының 1933 жылғы жинағын баспаға дайындау барысында Мұхтар Әуезов ақынның жас кезінде шығарған, ел арасында ауызша айтылып жүрген бір топ өлеңдерін жазып алып, сол жинаққа енгізді, «Әзім» поэмасы да алғаш осы жинақта жарық көрді. Мұхтар Әуезов осы кезден бастап 1957 жылға дейін ақын шығармаларын жариялауда, олардың ғылыми басылымын жасауда орасан зор еңбек етті. 1957 жылы «Ғылым» баспасында жарық көрген, Әуезовтің басшылығымен және тікелей қатысуымен дайындалған Абай шығармаларының екі томдық толық жинағының абайтану ғылымындағы елеулі табыс болғанын атап айту қажет. Өйткені сол жылғы жинаққа Мұхтар Әуезов жай әншейін сыртта жүріп редактор бола салмады, текстологиялық жұмыстың барысында қолжазбалар мен бұрынғы басылымдар салыстырылып тексерілгенде, алты ай бойы үзбей басы-қасында болды. Мұхтар Әуезов Академияға, өзі қызмет еткен сол кездегі Тіл және әдебиет институтына бейсенбі сайын таңертеңгі 9-да келіп жүрді.
Мұхтар Әуезов «Абай жолын» оңай жаза салған жоқ. Талай мұрағат ақтарылды, қаншама адамдармен әңгімелесті. Қаншама тер төгілді, небір ұйқысыз түндер өтті. Роман жарық көргеннен кейін де қайта-қайта қудаланды. Бірақ жазушы еш мойымады. Оны мойытпаған Абайға, Абай әлеміне деген махаббат еді. Халық Абай мен Әуезов атын қатар айтады. Әуезов әлемге Абайды таныту арқылы өзін де танытты.

Дариға ДАРЫН,
№ 22 мектеп-лицейдің
11-сынып оқушысы

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

nineteen − eighteen =