Абайдай айқын, Жамбылдай жақын кімің бар?

0 150

Тәуелсіздіктің бәрінен қымбат екендігін ұғындырған Мемлекет басшысы осы құндылық жолында өмірін, қайратын, еңбегін, білім-ғылымын, шығармашылығын сарп еткен тұлғаларымызды ұлықтауға қоғамның назарын аударды. Айталық, ғаламдық пандемия жағдайына қарамастан былтыр ұлт руханиятының темірқазығы, данышпан Абай ілімін, мұрасын тану ісі белгілі бір дәрежеде жаңа сапаға көтерілді. Шығармаларының түпнұсқаларын қайта қарап, зерттеу, зерделеу, түрлі жинақ шығару, челлендж ұйымдастыру, тағы басқа шаралар өз жемісін берді деп ойлаймыз.Қазақтың маңдайына біткен екі дүлдүлі, екі ұлы перзенті бірін-бірі танығанын да тарихтан білеміз. Әсіресе, Алматыда Абайдың ұлы Әбдірахманның қайтыс болғанын естіген Жамбыл өлеңмен:
Сәлем айт барсаң Абайға,
Кеңесі кеткен талайға.
Ауруды жеңген қара жер,
Сабырлы болсын қалай да!
Бір жұтқан судай дүниесін,
Ащысын тастап күймесін.
Жапанға біткен бәйтерек,
Жалғызбын деп жүрмесін.
Кемелге келген асыл-ай!
Нар көтерген ауырға,
Арқасын тоссын жасымай, – деп көңіл айтып, жұбатуы саналы адамды пендешіліктен жоғары болуға үндейді. Өлеңнің әр жолы есті қазақты тебірентеді.
Даналар да шоқжұлдыздай іркес-тіркес өмірге келеді.
Биыл – жыр алыбы Жамбылдың 175 жылдығы. Айтулы дата екенін Президент жыл басында Үкімет пен жауапты орындардың есіне де салды. Алайда жыл ортасына ауды, соған қарамастан бүкіл елімізді қамтитын арнайы оқулар, жыр сайысы, көрмелер, басқа да мерейтойға арналған ауқымды, танымдық-насихаттық іс-шаралар байқалмай тұр. Ниет бар, бірақ әрекет көрінбейді.
Қазір Қазақстанды әлемге таныту қолға алынып, тиісті қаражат бөлініп жатыр. Өткен ғасырдың қым-қуыт, күрделі кезеңінде осындай міндетті Жамбыл бабамыздың жалғыз өзі абыроймен орындағанын халық та, әлем де біледі. Білмесе кейінгі жастар білмеуі мүмкін. Пандемия түгілі, Екінші дүниежүзілік соғыс жүріп жатқан кездің өзінде, яғни 1941-1943 жылдары Отан қорғаушыларға рух берген, жеңіске жігерлендірген, тарихи миссиясы бар «Ленинградтық өренім» жыры секілді аңызға бергісіз туындыларды нөсердей төккен ақынның рухани ізбасарлары неге үнсіз? Одақтас республика халықтарының барлық тіліне аударылған сол жыр сан мың қазақ жауынгерлерінің кеудесіне бабамыздың өзі таққан қаһармандық ордендей болғанын ешкім жоққа шығара алмайды. Сол кездегі Ленинград, бүгінде Санкт-Петербург қаласы тұрғындарының құрметі Еуразия экономика одағы елдері өкілдерімен бірге лайықты атап өтуге орайлы себеп емес пе? Осындайда «тиісті мемлекетаралық құрылымдардың лайықты бастама көтеруіне не кедергі?» деген ой келеді.
Батыр бабаларымыздың әруағы қолдап, өткен ғасырда қазақтың даңқын әлемге танытқан палуан бабамыз – Қажымұқан, әнші бабамыз – Әміре болса, жыршы бабамыз – Жамбыл екені ақиқат.
Бір Жамбыл қазақтың мың жылдық суырып салма – импровизация өнерінің рәмізіне айналғанын дүние жүзі білген жоқ па?
Өнермен бірге қасиет қонған жыршының бір ғасыр жасағаны Жаратқанның сыйы десе болады. «Қазақтың Гомері» атанған бабамыздың әуелі қобыз тартып, «Сұрмерген», «Ыңғайтөк», Байсерке батырдан жеткен «Ұран» сияқты күйлерді Рамазан Елебаев насихаттаған.
«Асқан бұлбұл Пушкинге» әнін шығарғанын көпшілік біле бермес. Сондықтан ән-күйден тұратын жарыс өткізуден өзге бұрынғы кітаптарына кезінде енбей қалған, ел аузында жатталып қалған туындыларын, соның ішінде нақылият болар ұтқыр сөздерін қамтитын жаңа жинақтар әзірлеуге, бабамыздың әр кезеңдегі кескіндеме суретінен, сахна, кинодағы бейнесінен немесе құжатты фотосуреттерінен көшпелі көрме ұйымдастырып, виртуалды нұсқасын елімізден тысқары жерлерде таныстыруға мүмкіндік мол. Ал әзірге «Абай» телеарнасында қолға алынған «Күміс көмей» сәтті хабары ғана көңілге медеу болып тұр. Әлемге бұрыннан мәшһүр есімді тәуелсіз Қазақстанның мақтанышы ретінде қайтадан жарқырата көрсету – елдің борышы.
Жасырып не керек, қайсыбіреу­лер кеңес заманының көп қиындығын, 30-40-жылдардағы замана дүрбелеңін дәуірдің айнасы болған жыр алыбы Жамбылдың бір басына аудара салуға пейілді. Бұл – өнер табиғатының, ғылым парасатының танымына қайшы, аса кемшін көзқарас. Тоқсандағы абыз, қария ақын әлеуметтік теңдікке, ұлттың жарқын күнге жеткеніне тілекші болып, батасын беріп жүрді. Ал оның атынан шығарылған Кремль қайраткерлері, социалистік жеңіс, зауыт-фабрика, «халық жауы» туралы өлеңдер идеологиялық машинаның, «ақынның аузына сөз салған» қаумалаған әдеби хатшылардың маңдай тері екенін көзі ашық адам біз айтпай да біледі. Есесіне біз бес уақыт намазын қаза қылмаған иманды ақынды, Кремль қайраткерлерінің әрбірін оңдырмай сипаттаған («жез мұрт», «теке сақал», «қу жақ», «жер кене», «көзі көкшиген», «сумақай», «басын таз жалаған», т. б.) бейнелерді шынайы естеліктерден енді оқып жатырмыз…
Ұлт сөз өнерінің қайталанбас жанры – айтыста Жамбыл бабамыздың ұсақ-түйекті ілуден, сынап-мінеуден бойды аулақ ұстауды меңзеп:
Адамдықты айт,
ерлікті айт, батырлықты айт,
Ел бірлігін сақтаған татулықты айт! – деген әйгілі сөзі – бүгінгі және келешек ұрпаққа ұлағат әрі өсиет. Сондықтан жыр алыбының мерейтойы адамдықты, ел бірлігін сақтайтын татулықты дәріптейтін жылды айшықтаса деген тілегіміз бар.

Дархан МЫҢБАЙ,
Мәжіліс депутаты,
Nur Otan партиясы
фракциясының мүшесі

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

fourteen − 9 =