«Абай жолы» толғандырды ма?

0 346

2020 жыл «Еріктілер жылы» деп аталғанмен, шын мәнінде, жұрт жүрегінде «Абай жылы» ретінде есте қалды. Себебі ұлы Абайдың 175 жылдығына арналған шараларға мектеп табалдырығын енді аттаған оқушыларды тартып, Президентімізге дейін үн қосып, Абайды алтын арқау еткен әртүрлі мәдени шаралар өткізілді. Абай өмірінен сыр шертетін бір емес, бірнеше фильм де түсірілді. Соның бірі өткен жылдың соңында «Қазақстан» телеарнасынан таратылған «Абай» фильмі болса, екіншісі – «Хабар» арнасының «Абай жолы». Көрермендерге жол тартқан бұл фильмдер туралы жұрт та әртүрлі пікір айтып жүр. «Абай жолы» телехикаясы туралы ұлт зиялылары не дейді? Тыңдап көрейік.Нұрлан ОРАЗАЛИН,
ақын, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты:

ШУАҒЫ МЕН МЕЙІРІМІ МОЛ

– Абай – Алаштың заңғар кемеңгері, есімі алты құрлықты аралап кеткен данышпанымыз, қазақты әлемдік ой биігіне көтерер ұлы көпіріміз. Сондықтан Абай туралы жаңа шығарма жазу да, фильм қою да, тіпті мақала жазу да оңай емес.
Ұлы хакімнің 175 жылдық мерекесі тұсында өткен шаралар өте көп болды. Кітаптар жазылды. Мақалаларда есеп жоқ. Жаңа спектакльдер өмірге келді. Живопись өнері де Абайды айналып өткен жоқ. Біз көрген «Абай жолы» ұлттық танымымызды тереңдетер, кеңейтер көркем туындылардың қатарын толықтырды. Өзіндік үлгісімен өзгеше толықтырды. Фильмді түсірген азаматтар осыған дейін ат ізі түсе қоймаған Әуезовтің ұлы эпопеясындағы көркемдік өмір ақиқаттарын деректі, танымдық материалдармен қабыстыра отырып, іргелі тақырыптың жаратылысын жаңа қырынан ашуға ұмтылған.
Авторлар құрамы кіл жастар екен. Сол жастықтарына қарамай, абайтану, әуезов­тану дейтін әлемге батыл құлаш ұрғандары байқалады. Фильмнің авторлары Абай мен Әуезов арасындағы өмір, тағдыр ұқсастықтарын жарыстыра, шендестіре өре отырып, өз мақсаттарын жүзеге асыруға күш салған. Сонымен бірге фильмде Абай мен Мұхтарды қатар зерттеген екі ұлымыздың туған топырағынан шыққан, қазақ әдебиеттану ғылымында өз орны бар Қайым Мұхамедханов та өз деңгейінде сомдалған. Мұхамедхановтың өмірі мен Әуезов тағдырын байланыстыра суреттеу арқылы фильм авторлары кешегі халқымызды қан қақсатқан тоталитарлық жүйенің арқа шымырлатар азапты, мехнатты сәттерін де шыншыл көрсетеді. Әуезов өмір сүрген жиырмасыншы ғасырдың отызыншы, қырқыншы, елуінші жылдарындағы идеологияшыл қоғам ақиқатымен қайыра жүздескендей боламыз. Абай дәуірінің шындығы мен Әуезов заманының ақиқаты қатар үйлесе дамиды. Алтау араз болған қандықасап заманның да берекесіздігін көре отырып, Алаш арыстарына жасалған қиянаттың қаншама ауыр болғанын сезінеміз. «Абай жолы» атты танымдық-көркем деректі сипаттағы кинолентадағы осы айтқандарымыз шын, нанымды өрнектеледі. Осы тұрғыдан алғанда, режиссер Мұрат Есжан, Ұларбек Нұрғалым, Мақпал Мадиярова бастаған фильм қоюшыларға ризашылығымды білдіргім келеді. Актер – театрдың да, сахнаның да көркі, қозғаушы күші.
Аталмыш фильмде бұрын не сахнадан, не киноленталардан көрмеген Сәкен Қалымовты жаңа қырынан таныдым. Сәкен бейнелеген Мұхтар Әуезов образы жүрегімнің төріне қонақтағандай болды. Елге белгілі, атақты әншіні жаңа қырынан танып, қуандым. Ол сомдаған Әуезов ойлы, интеллектуалды, халқының қасіретін арқалап жүрген образ биігіне көтерілген. Жаңылмасам, осыған дейін Әуезов туралы көркем бейнелі фильмнің болғаны есімде жоқ. Бұл фильмде ұлы суреткер Әуезов те, Әуезовтің шәкірті, көрнекті әдебиет зерттеушісі Қайым Мұхамедханов та тартымды шыққан. Сәкеннің Мұхтары мен Еркебұланның Қайымы жүрекке жылылық ұялатады.
Абай образы қазақтың театрында да, киносында да, бейнелеу өнерінде де аз сомдалып жүрген жоқ. Ұлы Қаллеки Қуанышбаевтан бастап кешегі Болат Әбділмановқа дейін Абай бейнесін сомдаушылар, Құдайға шүкір, мол. Солардың ішінде Айдостың да Абайы өзіне лайықты, көркем биіктен көрінеді. Айдос Бектемір сомдаған Абай бұрынғы Абайлардан гөрі көкірегімізде өмірдің сәулесі мен нұрын көбірек себуге ұмтылатын мейірі мен шуағы мол образ боп өрілген. Алты сериядан тұратын аталмыш телехикаяға, әрине, күллі Абай дәуірі мен өмір сүрген ортаны сыйғызу мүмкін емес. Дегенмен режиссер Мұрат Есжанның кәсіби қолтаңбасын жинақтау бағытындағы, оқиғалардың басын қосып өру бағытындағы жүзеге асырған тапқыр­лығына сүйсіндім. Ел санасында мықтап бекіген Оразбай мен Абайдың арақатынасын сан-саққа жүгіртушілер жетіп артылады. Мына фильмде Оразқан Кенебаев сомдаған Оразбайы Абайды жарқыратып ашуға, тануға көмектесіп отырады. Дала патриоттарының арасындағы ымырасыз, «алыстан сермеп, жақыннан тербеп» отыратын образ сомдаудан шеберліктің үлгісін көргендей болдым. Оразбайдың Абаймен арыздасып тұрып арылатын соңғы қоштасу көріністері көркем, нанымды бейнеленген. Оразбайдың Абай алдына барған кезде үй сыртында тұрып, көңіл айтып, кешірім сұрауы, кешудің қыл арқанын мойнына іліп тұрып, арылған сәтін режиссердің тапқырлығы деп бағалау керек. Кешірім, кешу дейтін ұлы қасиеттер ұлтымыздың болмысын танытатын қайталанбас құбылыс дүниелерімізден айырылып бара жатқанымыз еске түседі. «Алдыңа келсе, атаңның құнын кеш» деген, қазақ кешірімді бәрінен жоғары қойғанын қалай ұмытайық?!
Әрине, іргелі тақырыпты ойдағыдай етіп шығару үшін, бірінші, уақыт керек, екінші, қаржы керек. Менің байқауымша, бұл фильмнен екі себептің де тапшылығы мен таршылығын аңғаруға болады. Киноның өн бойынан күздің сүреңсіз көріністері ғана көз алдымыздан өтіп отырады. Қазақ даласының төрт маусымды табиғатын қамтығаннан фильм ұтылмас еді деп ойлаймын. Мұның бәрі сол фильмге бөлінген қаржының аздығы мен оны игеруге бөлінген уақыттың жетіс­пеуінен болды-ау деген ойым бар. Мұндай іргелі тақырыптарға үлкен сақтықпен қарай отырып уақыттан да, қаржыдан да қыспағанымыз оң болар еді.
Өмірге жаңа, жас авторлардың қазақ әлемін өзінше толғайтын көркем танымдық сипаттағы дүние келді. Фильмнің тіліндегі нәрлі тұстарына риза болғанымды, кәсіби тұрғыдан композициялық өрімдердің шебер өрілетінін байқағанымды айтқым келеді. Қазақ киносына Мұрат Есжан есімді өз қолтаңбасын танытқан режиссердің келуімен көрермен жұртшылықты құттықтаймын. Әрине, біткен іске сыншы көп.
Абай, Әуезов секілді ұлыларымызды әр дәуір өзінше сомдайтынын, өзінше толғайтынын естен шығармайық. Мына «Абай жолы» дерек пен көркемдік ойлаудың жүйесін сәтті қабыстырып жіберген, өз қолтаңбасы айқын туынды болып шыққан.Тұрсын ЖҰРТБАЙ, жазушы, филология ғылымдарының докторы,
абайтанушы, әуезовтанушы, алаштанушы:

ӘУЕЗОВТЫҢ КӨЗІНДЕГІ МҰҢДЫ КӨРДІМ

– Қалиакбар, балам, «Абай жолы» телехикая­сын көрдің бе?» деп саған дейін де біраз адам телефон шалып, өз әсерін, ықыластарын білдіріп жатыр. Соған қарағанда, халық жақсы қабылдаған секілді.
Мен кезінде 15 жыл сын бөлімін басқарған адаммын. Сондықтан киноға қойылатын талаптармен де таныспын. Осы тұрғыдан алғанда, фильмнің алғашқы бөлімі біраз шашыраңқы сезілген еді. Бірақ екінші бөлімі өзіне тартып әкетті, адамды сендіреді, ішіне кіргізеді, жанымды тебірентті. Әсіресе, Әуезовтің рөлін Сәкеннің сомдағаны маған қатты ұнады. Себебі Әуезовтің кірпігінде бір кірбің, көзінде бір кіреуке мұң жүреді деуші еді, Сәкен соны дәл бейнеледі. Ал маған сценарийдің әр сөзі, әр сөйлемі таныс десем де болады. Себебі кино түсірілуден бұрын Ұларбек пен Мұрат маған келіп жоспарларын айтқан. Мен не оқу керектігін, қайда, қандай материалдар барын айтып, жөн сілтедім. Сондықтан да фильмнің сөз-сөйлемі маған бейтаныс болған жоқ.
Енді фильмдегі маған бірден білінген екі «әттеген-айды» да айта кетейін. Негізі, эпопея 1954 жылы 24 ақпанда аяқталған. Фильмде 1953 жылы аяқталды депті. Екіншіден, Мұхтарға «сені тұтқындайды» деп хабар берген адам теруші әйел емес, оны айтқан Әнуар Әлімжанов болатын. Оның ағасы КГБ-да істеген. Ал Әнуарға «қалай да жеткізіп айт» деген Ілияс Омаров еді. Бұл – үлкен ерлік. Мүмкін көркем фильм болғаны үшін образды жинақтау керек болған шығар, десе де тарихи шындықты көрсете кетсе артық болмас еді.
Қысқасы, бұл фильмді кім, қалай марапаттаса да қолдаймын, жақпын.Сұлтанәлі БАЛҒАБАЕВ, жазушы, Темірбек Жүргенов
атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының профессоры:

ФИЛЬМ МЕНІ БІРДЕН ӨЗІНЕ ТАРТТЫ

– Өз басым телехикаяларды көп көре бермеймін, көрсем де елімізде жасалған фильмдерді көремін. Бірақ отандық фильмдердің көбі көңілімнен шыға бермейді. Өткенде «Абай» деген телесериалды көріп көңілім қалып, қазақ киносынан әбден түңілген едім. Келесі күні телевизор қарап отырып, «Абай жолын» кездейсоқ көріп қалдым. «Көп көрсем бес минут көретін шығармын» деп ойлап ем, бірақ соңына дейін көріп шығып, өшкен үмітім қайта жанды. Себебі бұл еңбек бұған дейінгі телехикаяларға ұқсамайды, айтар ойы бар, бейнелеуі де қызықты. Киноның сценарийін жазған адамдар да, киноны түсірген де танымал адамдар емес, бірақ кино көрген жерден адамды өзіне магнитше тартады. Біздің елдегі ең үлкен кемшілік ұшан-теңіз ақшамен кино түсіреді, оны халық қалай қабылдады, оны жұрт көріп жатыр ма дегенмен ешкімнің шаруасы жоқ. Ал мына кино халыққа ұнады. Мұхтардың рөлін әнші Сәкен Қалымов ойнағанын көргенде басында күлкім келген, бірақ аздан кейін мен Әуезовті қайта танығандай болдым. Былайша айтқанда, Сәкен маған әнші емес, Әуезов боп көрінді. Қайым Мұхамедхановқа қатысты біз білмейтін көп нәрселер айтылған. Бұдан бұрынғы сериялардың сценарийлері тереңдеп зерттелмей, ат үсті жазыла салатын, ал мына киноның сценарийі көп ізденістен туғаны көрініп тұр. Киноны көргеннен кейін жастардан үлкен үміт күтуге болатынын байқадым.Дина МҰХАМЕДХАНОВА, Қайым Мұхамедханов атындағы
білім және ­мәдениет қоғамдық қорының ­директоры:

ПЕНДЕДЕН ПЕРІШТЕ ЖАСАУҒА ҰМТЫЛМАҒАН

– Абайды арқау ете отырып, Мұхтар және Қайым Мұхамедхан туралы тарихи шындықты алғаш рет экранда көрсеткен бұл фильм – ұлтты біріктіретін дүние. Яғни Абай, Мұхтар, Қайым үшеуінің бір-бірінен ажырамас тұлғалар екенін, бұл үш тұлғада тарихи байланыс бар екенін алғаш рет ашып көрсетті. Оның үстіне, бұл – Қайым өмірінен жанамалай болса да сыр шерткен тұңғыш фильм. Қысқа ғана уақыт ішінде осындай құнды фильмді көрермендерге ұсыну оңай шаруа емес. Балалардың көп еңбектенгені көрініп тұр. Көне архивтерге дейін ақтарып, үш образды байланыстыра бейнелеуге барын салған. Десе де, алдағы күндерде Мұхтар, Қайым туралы фильм түсіру керек деп ойлаймын. Өйткені олардың өмірі – бүгінгі біздің тарихымыз.
Актерлер де рөлдерді жақсы сомдаған. Фильмде пендеден періште жасауға ұрынбай, Абайдың, ең әуелі, адамдық қасиетін ашуға, оны кәдімгі қарапайым адам, ақылман әке ретінде көрсетуге тырысса, Мұхтар, Қайымдардың Абайға адалдығын ұлттық руханияттың жалғасуымен байланыстырады. Халық дарындыларын, таланттарын өзі өлтіреді. XVIII, XIX ғасырдағы осы жағдай бүгінге дейін жалғасып келеді. Фильм осы бір қасіретті де қағыс қалдырмаған.Роза Мұқанова, жазушы, драматург,
«Абай жолы» телехикаясының кеңесшісі:

ЖАСТАРДЫҢ МҮМКІНДІГІН КӨРСЕТТІ

– Абайды және «Абай жолындағы» кейіпкерлерді оқырмандар жақсы білгенмен, оны жазған жазушының лабораториясынан бейхабар. Себебі біздің елде жазушының шығармашылық өміріне үңілу жағы өте кемшін ғой. Фильмде осы тақырып Абай өмірімен қатар өрілген. Оның да өзіндік себептері бар. Біріншіден, Мұрат – АҚШ-та кино мамандығы бойынша оқып келген, білімі терең режиссер. Екіншіден, біздегі режиссерлердің көбі ұлттық әдебиетті білмейді, тарихи тұлғаларды толық танымайды, керек десеңіз, қазақ тілін де білмейді. Міне, осы тілдегі тұсау біздің режиссерлеріміздің қадамын аштырмай келген. Керемет деген режиссерлеріміздің өзі ана тілімізден сүрініп жатады. Ал бұл фильмнің режиссері Абай, Мұхтарды оқыған, Қайымды біледі, романдағы қазақ ұлтының өмірін жан-тәнімен түсінеді. Міне, бұл – оның киноны сәтті түсінуіндегі негізгі себептің бірі. Үшіншіден, жоғарыда айтқанымдай, шетелде жазушылардың өмірі, шығармашылық жолына арналған фильмдер көп, бізде көп емес. Ендеше, Абайды көрсетумен қоса, Мұхтар Әуезовтің «Абай жолын» жазу барысына үңілу фильмдегі ең басты жаңалық деп айтуға болады. Бұған дейін дәл осындай жарыстыра баяндаған фильм түсірілмеген. Төртіншіден, режиссер мен сценаристер өзара үндестік тауып, бірін-бірі толықтырып, өзара байытып отырған. Фильмнің сценарийін жазған Мақпал, Ұларбек, Мұраттардың көзқарасының үндесім табуы фильмнің арқауын ширата түсті.
Бұл фильм, бастысы, жастардың мүмкіндігін көрсетті. Жақында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев тарихи фильмдер, тарихи тұлғалар жөнінде фильмдер түсіруді айтты. Оны сырттан келіп ешкім біз ойлағандай түсіріп бермейді, себебі олар біздің ұлттың өмірін түсінбейді. Бөтен жұрт біздің тұлғаларымыз­ды сомдай алмайды. Халқымыздың тарихын өзімізден басқа ешкім толық әрі дұрыс бейнелей алмайды. Сондықтан өзіңнен шықпай ештеңеге жарымайсың. Ол үшін жастарға сеніп, оларға мүмкіндік беру керек деп ойлаймын.Айдос БЕКТЕМІР, М.Әуезов театрының актері,
Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі:

ӘРКІМ ӨЗ АБАЙЫН ІЗДЕЙДІ

– Ең бастысы маған бұл фильмнің жалпы жобасы ұнады. Бірақ «бәрі жастар екен, қалай болар екен?» деген күдік те болды. Мен бұрын «Қалың елім, қазағым» деген спектаклінде Абай рөлінде ойнағам ғой. Бірақ бұл театр емес, кино ғой. Оның үстіне, Абайды ойнау үлкен жауапкершілікті қажет етеді. Әр қазақтың жүрегінде өз Абайы бар, әр көрермен көз алдындағы актердің бойынан сол өз көңіліндегі Абайдың образын іздейді. Көрермендер арасында әртүрлі пікірдің туатыны да содан. Мен де фильмде өз көңілімдегі Абайға жақындауға тырыстым. Менің өмірлік ұстанымым әр адамның өзіндік ойы болуы керек. Фильмде басты назар аударғаным да осы түйін болды. Ой үстіндегі ұлы Абайдың жан дүниесін ашуға тырыстым. Әр нәрседен ой қорытып, одан үлкен тұжырым шығаратын Абайдың жан дүниесінің бұлқынысын, жүрегінің лүпілін сезіндіру оңай емес. 100 жасқа келіп қайтыс болған атақты актер Хабиба (Жүсіпбек Елебековтің жұбайы) апамыздың «Қалибек Қуанышбаев әр сөзді ойламай айтпайтын» деген сөзі әлі құлағымда. Абайды ойнағанда осы сөз жадымда жаңғырды да тұрды.

Өзім сол фильмге түскен актер болған соң мақтап отырғам жоқ, көрермен ретінде айтсам, фильм маған ұнады. Бірін-бірі жарқыратқан үш тұлғаның өмірі, тағдыры өте сәтті өрілген. Тағдырдың пенде баласының басында қайталанып келіп отыратыны Абай, Мұхтар, Қайым өмірінен жақсы көрініс тапқан. Кино осы жағынан ұтты. Әрине, жетпей жатқан жерлері жоқ емес, бар. Мінсіз дей алмаймын. Менің бір «әттеген-айым», «Абай» фильмінде ойнаған актерлер «Абай жолында» да жүрді. Қазақстанда актер көп қой, қатар қойылатын екі телехикаяда екі фильмнің актерлерін араластырмаса жақсы еді.

Сәкен ЖАҚСЫЛЫҚҰЛЫ, әнші, сазгер:

АКТЕРЛІК ЖОЛЫМДЫ МҰХТАРМЕН АШТЫМ

– Абай туралы фильм түсірілетіні жөнінде қыздар хабарласып, Мұхтар Әуезовтің рөлі туралы айтқанда қуана келістім. Мен актер емес, әншімін ғой. Бірақ Мұхтарға деген құрметтің жетегімен бардым, сұры түсті костюм киіп, есіктен кіріп барғанда қабылдап отырған қыздар «Әуезовтің өзі ғой» деп бір күліп алды.

Мұхтардың образын сомдау актерлердің өзіне  бұйыра бермейтін рөл ғой. Құдай қолдап, мен актерлік саладағы алғашқы қадамымды Мұхтармен аштым. Басында жұрттың көбі маған күмәнмен қарағанын өзім де сездім. Қайтсем де өзіме жүктелген міндетті абыроймен атқарайын деп талпындым. Бір кітаптың қалыңдығындай сценарийді 15 күнге жеткізбей жаттап алдым. Фильмдегі Әуезовтің кітабын талқыға салатын көріністі түсіргеннен кейін әріптестерімнің көбі образды сәтті сомдағанымды айтып: «Әуезовтің рөліне Сәкен таңдалды дегенде ол әнші ғой деп едік. Бірақ сіз сәтті ойнадыңыз» деп ықыласын білдірді. Бұл маған үлкен шабыт болды. Шүкір, бәрін сәтімен аяқтадық. Телефон шалып алғысын айтып жатқан ақын-жазушылар да аз емес. Соған қарағанда, фильм көпке ұнаған секілді.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

five × 2 =