«Абай» жаңаша жаңғырады

0 23

Биыл кемеңгер композиторлар Ахмет Жұбанов пен Латиф Хамидидің 115 жылдығына орай «Астана Опера» театры репертуарындағы «Абай» операсы жаңаша жаңғырады.Ұлттық классика жауһары – А.Жұбанов пен Л.Хамидидің «Абай» операсы дирижер Алан Бөрібаев пен режиссер Джанкарло дель Монаконың жаңа қойылымында көрерменге жол тартпақ. Қойылымның музыкалық жетекшісі – театрдың бас дирижері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Алан Бөрібаевтың партитураны жеткізе білуі ерекше: музыкалық материал анық-қанық түсіндіріліп, ой шыңының асқақ биігінде оқылған. Оның басқаруындағы оркестрдің үні де есте қаларлық.
Қазіргі заманның атақты сценографы Эцио Фриджерио мен костюмдер бойынша суретші – «Оскар» сыйлығының лауреа­ты Франка Скуарчапиноның керемет үйлескен шығармашылық жұбы сахна төрін түрлендіріп, бірегейлігімен тамсандырады. Осылайша, ақынның ішкі жан-­дүниесінің байлығы Абайдың жұмыс орнының көрінісінде айқын байқалады: алтын түсті үлкен кітапхана, глобус, армилляр (астрономиялық құрал), ұлы данышпандардың мүсіндері… Ал бөлменің есігі тұтас әлемге айқара ашылғандай әсер қалдырады. Соңғы көріністе пайдаланылатын 3D-технологиясы өте орынды қосылып, шаттыққа толы әсерге бөлейді, жүректерді отансүйгіштік сезіміне толтырады.
Абай партиясын Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Талғат Мұсабаев, ­Азамат Жылтыркөзов (дебют) ұсынатынын атап өткен жөн. Ажардың бейнесін «Құрмет» орденінің иегері Айзада Қапонова мен Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Айгүл
Ниязова сомдайды. Абайдың шәкірті Айдардың рөлін Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Мейір Байнеш пен Жан Тапин орындамақ. Әзімнің партиясын Бейімбет Таңарықов әзірлеуде. Жиреншенің партия­сында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жанат Шыбықбаев дебют жасайды, екінші күні бұл бейнені Талғат Ғалеев ұсынады. Қарлығаш – Татьяна Вицинская, Малика Минизини. Көкбай – Ержан Саипов. Сырттан – Болат Есімханов, Шыңғыс Расылхан (дебют). Нарымбет – Рамзат Балакишиев, Мес – Хайдар Мұстапин. Карантин кезінде театрға келу «Ashyq» қосымшасы арқылы жүзеге асырылады.

Көктем ҚАРҚЫН

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

four × 3 =