Абай және Қайым

0 146

Ұлттық академиялық кітапханада хакім атамыздың 175 жылдық мерейтойына орай «Абайтану ғылымы және Қайым Мұхамедханов» атты дөңгелек үстел мәжілісі өтті. Іс-шараға зиялы қауым өкілдері қатысты.Жиын тізгінін ұстаған, айтулы ғалымның шәкірті Ербол Іргебай Абайтану ғылымының басында Әлихан Бөкейханов тұрғанын айта келіп, Қайым Мұхамедханов ұлы ақын мұраларын ғылыми жүйеге түсіруіне ерен еңбек сіңіргенін жеткізді.
– Ағамыздың азаматтық қыры да, ғалымдық тұлғасы да биік. Бұл кісі драматургия саласында да еңбек етті, ақындығы да бір бөлек. Қазақ КСР-і гимнінің сөзін жазды. Оның ғалымдығынан өзін сан алуан салаға жіктеуге болады. Бірақ соның ішінде «Абайтану» ғылымын ерекшелеп айтсақ дейміз.
Қазақ ғылымында «Абайтану» ғылымы бірден қалыптасып кете қойған жоқ.1930-40 жылдары Мұхтар Әуезов Қайымға ақын мұраларын жинастыру үшін бірнеше тапсыр­малар береді. Ғалым содан Абай еліне барып, хакімнің құнды заттарын жинақтап, ақынды көзімен көрген қария­лармен әңгімелеседі. Қайым ағамыздың сол жинаған жәдігерлері 1940 жылы ашылған Абай музейінің іргетасы болды. Отызыншы жылдардың соңында ғалымның Абайдың айналасында болған шәкірттері туралы мақалалары жариялана бастады. Мұхамедхановтың ең бірінші «Абайтану» ғылымына қосқан үлесі – осы еңбек. 1951 жылы «Абайдың ақын шәкірттері» деген ғылыми диссертациясын қорғады. Бұл ғылыми жұмыс тартыспен өтті. Қазақ ғалымдары «Абайдың ақындық мектебі болды ма, болмады ма?» деген пікірмен екі жаққа бөлінді» деді ол.
1952 жылы ғалымға осы еңбегі мен тағы басқа дүниелерінен кінә тауып, оған бірнше жала жауып, 25 жылға бас бостандығынан айырады. Осы жерде ғалымның азаматтық тұлғасы айқын көрінеді. Оған: «Сен бізге осыларды Әуезов жаздырған» деп жазып берсеңіз, сені босатамыз» деген талап қояды. Бірақ Қайым аға алты баласы бола тұра өз ұстанымынан таймай, Мұхтар Әуезов туралы бір ауыз артық сөз айтпаған.
Одан кейін сөз алған фило­логия ғылымдарының док­­торы, жазушы Тұрсын Жұрт­бай Мұхамедхановтың ғы­лымдағы үш еңбегіне тоқтал­ды.
– Қайым ағамыз алдымен «Абайдың ақындық мектебі мен шәкірттері» жайында сүбелі дүние жазды. Осы еңбектің бәрін ғалымның арқасында жиылып қалды. «Абайдың ақын шәкірттері» – жеке тақырыптың арқауы. Соның шінде Көкбай ақын туралы жақсы айтылады.
Екінші – «Абай және текстология» еңбегі. Әлемдік классикалық текстологияның 27 талабы бар. Бізге лайықтысы 19-20 талап. Қазір біз өз мүмкіндігімізге қарай 11-17 талап деңгейінде жұмыс істеп жүрміз. Қайым аға да ол мүмкіндікте болған жоқ. Сондықтан оның текстология туралы әр жылдардағы жазған пікірлерін жинақтап, одан бір академия­лық жинақ шығаруға болады.Қайымның текстология ілімі жайындағы логикалық зерттеулерінің өзі – бір мектеп. Үшінші – ғалымның халық жыраулары поэзиясының текстологиясы, мәтіні және олардың авторларлары туралы үлкен мақалалары бар. Біз бұларды да ұмытпауымыз керек деді» ғалым.
Отырыс барысында Қаржаубай Сартқожаұлы Сұлтанхан Аққұлұлы, Елдос Тоқтарбай секілді ғалымдар да өз пікірлерін айтты. Жиынға ғалымның қызы Дина Қайымқызы келіп қатысты.
Сондай-ақ Ұлттық академиялық кітапхана қорындағы ғалымның ғылыми еңбектері мен Қайым Мұхамедхановтың мұрағатты қорынан фото-құжаттық көрме ұйымдас­тырылды.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

7 − 5 =