«АБАЙ», «ЖАМБЫЛ» ЖӘНЕ КЛАССИКАЛЫҚ КӨПТОМДЫҚ

0 196

IMG_7994Желтоқсанның 5-і күні Ұлттық Академиялық кітапхананың мәжіліс залында «Ғылыми қазына» бағдарламасы бойынша жарық көрген «Классикалық зерттеулер» сериясының 12-23 томдары мен «Ұлы дала тұлғалары» сериясы бойынша жарық көрген «Абай», «Жамбыл» кітаптарының тұсаукесері болып өтті.

Алтын түстес қайшымен алтынға бергісіз кітаптардың тұсауын кескен ҚР ҰҒА академигі Серік Қирабаев көпшілікті жаңа ғылыми-зерттеулердің жарыққа шығуымен құттықтап, жазушы, зерттеуші, сондай-ақ құрастырып-жинақтаушыларға өз алғысын жеткізді.

Одан кейін сөз алған М.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтының директоры Уәлихан Қалижанұлы әңгімесін жақсы жаңалықтан бастады. «Мәдени мұра» бағдарламасы бойынша келер жылы жарыққа шығуы тиіс болған «Бабалар сөзі» жүз томдық кітабының толық нұсқасы уақытынан бұрын баспаға жіберілгенін айтып, көпшіліктен сүйінші сұрады. Сондай-ақ, «Классикалық зерттеулер» мен «Абай», «Жамбыл» кітаптарының жалпы мазмұнына қысқаша тоқтала кеткен ол жаңа кітаптарда кейінгі жастарға үлгі боларлық маңызды да мағыналы зерттеулер топтастырылғанын тілге тиек етті. Өз кезегінде Уәлихан Қалижанұлы Ұлттық Академиялық кітапхананың басшысы Әлібек Асқарға жаңа кітаптардың топтамасын сыйға тартып, кітапхана ұжымына толайым табыс тіледі.

Жиын барысында сөз алған қонақтар аталған кітаптардың тиражын көбейтіп, оны Қазақстанның барлық кітап­ханаларына жіберумен қатар ғаламтор беттерінде жариялау туралы ұсыныс-пікірлерін айтты.

Екінші толқынмен жарияланып отырған 12 томдық «Классикалық зерттеулердің» барлығында дерлік қазақ халқының өткен тарихынан, әдебиетінен, сондай-ақ фольклоры мен өнерінен сыр шертіп, белгілі бір тұлғаларды жаңа қырынан танытатын шежірелі еңбектер жинақталған. Мәселен, 21-томда филология ғылымының докторы, профессор С.Қирабаевтың тәуелсіздік алған жылдардағы қазақ әдебиеті мен көне дәуір әдебиетін байланыстыра зерттеген жазбаларының топтамасы жарық көріп отыр.

Ал «Абай» кітабы танымал абайтанушы ғалымдардың еңбектеріне сүйене отырып құрастырылса, «Жамбыл» атты ғылыми-танымдық кітап авторы – филология ғылымының докторы, ҰҒА мүше-корреспонденті Уәлихан Қалижанұлы.

Барлық кітап Алматы қаласын­дағы «Әдебиет әлемі» баспасынан жарыққа шығып отыр.

Естеріңізде болар, «Классика­лық зерттеулер» көптомдығының алғашқы 11 томы жұртшылық назарына былтыр ұсынылған болатын.

 

Нұрислам ҚҰСПАНҒАЛИ

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

8 + 17 =