Абайдың тойы елордадан басталды

0 101

Елдік істердің бастамашысы болып отырған елордадан ұлы тойдың басы басталды. «Астана Опера» ­театрында кешегі Алаш ардақтылары қазақтың бас ақыны деп таныған адамзат ақыл-ойының алыбы Абай Құнанбайұлының биылғы 175 жылдық мерейтойы ресми түрде ашылды. Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Қазақ халқы – Абайдың халқы» атты салтанатты концертті театрға арнайы келіп тамашалауы бұл тойдың мән-маңызын одан са­йын арттырды. Бас қаладан басталған Абай тойы жыл бойы жалғасып, тұлға мерейтойына орай әртүрлі шаралар еліміздің барлық өңірлері мен шетелдерде де ұйымдастырылады.ЖЕТІ ТҮНДЕ АДАСТЫРМАС ТЕМІРҚАЗЫҚ

Елбасы мен Президент Абай тұлғасының, ақын мұрасының қазақ руханиятында, ұлт өмірінде алар үлкен орны туралы үнемі еске салып отырады. Осыдан ширек ғасыр бұрын ЮНЕСКО аясында ақынның 150 жылдығы дүркіреп тойланғанын ел ұмыта қоймаған шығар.
– Абай әлемі бізді жеті түнде адастырмас темірқазық іспетті. Соған қарап тілегіміздің дұрыс-бұрыстығын сараптай аламыз. Өйткені жанды жегідей жеп жүрген көп сауалдың жауабын Абай әлдеқашан айтып кеткен. Абайды оқып отырып-ақ, көштің басын баяғыда-ақ жөнге салып алуға болатын еді. Өз халқын «жұрт болсын, өссін, өнсін» дейтін әрбір азамат әуелі Абайды оқысын, Абайға құлақ ассын, – деген еді сол кезде Елбасы ­Нұрсұлтан Назарбаев.

ҰЛТЫМЫЗДЫҢ МӘДЕНИ КАПИТАЛЫ

Тұңғыш Президент салып берген түзу жолдан ауытқымай, Елбасы саясатын жарасымды сабақтастықпен жалғаған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев осы жылдың басында Абайдың 175 жылдық мерейтойына «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты көлемді мақаланы арнады. Сонда ұлттық сананы сақтау және оны заман талабына сай бе­йімдеу мемлекеттік маңызы бар мәселеге айналғанын, сананы жаңғырту арқылы ХХІ ғасырда еліміздің тың серпінмен дамуына жол ашатынымызды, оған Абай мұрасының тигізер пайдасы зор екенін атап өтті. Бірақ ұлы ақынның мерейтойы той тойлау үшін емес, ой-өрісімізді кеңейтіп, рухани тұрғыдан дамуымыз үшін өткізілетінін ерекше айтты.
«Абайды қалай дәріптесек те жарасады. Оның ғибратты ғұмыры мен шынайы шығармашылығы – қазақ халқына ғана емес, жаһан жұртына да үлгі-өнеге. Абайдың адам мен қоғам, білім мен ғылым, дін мен дәстүр, табиғат пен қоршаған орта, мемлекет пен билік, тіл мен қарым-қатынас туралы айтқан ой-тұжырымдары ғасырлар өтсе де маңызын жоғалтпайды. Өйткені ақынның мұрасы – бүкіл адамзат баласының рухани азығы.
Қазақ елі барда Абай есімі асқақтай береді. Оның асыл сөздерін рухани байлығымыз ретінде жоғары ұстасақ, туған еліміздің әлем алдындағы абыройы арта берері сөзсіз.
Ең алдымен Абайды ұлтымыздың мәдени капиталы ретінде насихаттауымыз керек. Өркениетті елдер қазақтың болмыс-бітімін, мәдениеті мен әдебиетін, рухани өресін әлемдік деңгейдегі біртуар перзенттерінің дәрежесімен, танымалдығымен бағалайтынын ұмытпайық. Сондықтан Абайды жаңа Қазақстанның бренді ретінде әлем жұртшылығына кеңінен таныстыру қажет. Бұл – бүгінгі ұрпақтың қастерлі борышы» деп жазған Мемлекет басшысы ­Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Абай арқылы әлемнің ең дамыған елдер қатарына қосылатынын меңзеп өтті.ЖАҢА ҚАЗАҚСТАННЫҢ СИМВОЛЫ

Абайды өзіміз тани түсу үшін, шетелдерде оның мұрасы насихатталуы үшін Президент бірқатар тапсырмаларды да берген болатын. Абай жылының ашылуында алдымен сөз алған Мәдениет және спорт министрі ­Ақтоты Райымқұлова тұлға мерейтойына орай әзірленген кешенді жоспармен таныс­тырды.
Биыл халықаралық, республикалық және аймақтық деңгейде Абайға арналған 500-ден астам іс-шара ұйым­дастырылады. Басты жиындардың қатарында тамыз айында Семей қаласында өтетін ғылыми-тәжірибелік конференция мен қазан айын­да Нұр-Сұлтан қаласында ұйымдастырылатын ауқымды халықаралық конференция бар.
– Бұл жиындарда Абайдың тұлғасы мен мұрасы жан-жақты зерделеніп, одан әрі айшықтала түседі деп сенеміз. Мемлекет басшысы Абайды жаңа Қазақстанның символы ретінде таныту туралы айтты. Соғас сәйкес ақынның өлеңдері мен қара сөздері әлемнің 10 тіліне аударылады. Бұл ретте біз аударма ісінің сапалы орындалуына басымдық береміз. Сонымен қатар Абай туралы бірнеше деректі фильм және телесериал түсіру жоспарланып отыр. Мерейтой аясында шетелдерде бірқатар маңызды іс-шара өтеді. Қазақстанның елшіліктері жанынан «Абай» орталықтары ашылады. Бұл – әлемге ақынның еңбектері мен ұлттық құндылықтарымызды қатар таныту деген сөз. Ақынның ғибратты ғұмыры халқымыздың төл өнері – айтыс арқылы да кеңінен насихатталады. Біз ұлы Абайдың өсиетін мәңгі жадымызда сақтауға тиіспіз. Абайдың қастерлі мекені – әйгілі Жидебайды абаттандыруды қолға аламыз. Сол арқылы ұлы ақынның рухына тағзым етіп келетін жұртшылыққа лайықты жағдай жасаймыз. Мұндай қадам өңірде мәдени туризмнің дамуына тың серпін береді, – деді Ақтоты Рахметтолақызы.

ХАЛҚЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

Іс-шараларды өткізу барысында Президент тапсыр­ғандай, науқаншылыққа, ысырапшылдыққа жол берілмейтінін айтқан министр кейбір жобалар осы жылмен ғана шектелмейтінін, әрі қарай да жалғасатынын атап өтті.
– Абайдың мерейтойына қоғамдық сананы жаңғыр­татын өте маңызды шара ретінде мән беріп отырмыз. Абай мұрасы – жаңа Қазақстанның одан әрі өсіп-өркендеуіне жол ашатын баға жетпес құндылық. Ұлы ойшыл өсиетіне әрдайым берік болсақ, ел ретінде еңселене түсеміз. Абай мерейтойы – Елбасы бастамашы болған «Рухани жаңғыру» бағдарламасының өте маңызды бір тармағы. Халқымыздың бойтұмары – Абайдың өнегесін өскелең ұрпақтың бойына сіңіру – баршамызға парыз, – деп түйіндеді сөзін министр.ТҰЛҒА ЖҮРЕГІНІҢ ТҮБІНЕ ТЕРЕҢ БОЙЛАУ

Абай жылының ресми бөлімі сән-салтанаты жарасқан мерекелік концертке ұласты. Сахна өнерінің белгілі мамандары, елордадағы жетекші театрлардың мәдени саясатын белгілеп отырған Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Нұрқанат Жақыпбай, Төлеубек Әлпиев және Асхат Маемиров сахналаған қойылым бағдарламасында Абайдың шығармашылығы кеңінен қамтылды. Бұған қоса, ұлы ақын туралы арғы-бергі замандарда сахнаға жол тартқан туындылардан үзінділер көрсетілді.
Концертке қатысқан Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларындағы елге танымал әртістердің біразы Абай тұлғасын ұлықтауда аянып қалмай, ақынның «жүрегінің түбіне терең бойлауға» тырысты. Абайдың әндерін беріле шырқап, ақын өлеңдерінің әр жолын мән бере оқыды. Бұл күні ел мэтрлердің, сахнаның нағыз шеберлерінің және өнерге талпынысы бар талантты балдырғандардың өнеріне қол соқты.
Қазақстанның халық әртісі, Еңбек Ері Асанәлі Әшімов «Жігіттер, ойын арзан, күлкі қымбат» деп толғанса, Қазақстанның халық әртісі Гүлжан Әспетова Абайдың әжесі – Зере бейнесінде ұрпаққа тәлімді, тағылымды әңгіме айтты.
Өзіміз сахнадан көптен көрмеген Қазақстанның халық әртісі, Еңбек Ері Айман Мұсақожаева скрипкасын сызылтты. Қазақстанның халық әртісі Әлібек Дінішев «Көзімнің қарасы» әнімен, өткен жылдың аяғында ғана Еңбек Ері атанған елдің сүйікті әншісі Роза Рымбаева «Желсіз түнде жарық ай» туындысымен көрермендер жүрегін тербетті. Өнерге, әнге, ұлттық музыкаға деген үлкен махаббаты, таланты арқылы ерте танылған Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ерлан Рысқали «Өзгеге көңілім тоярсың» әнін шырқады. Опера өнерінің дарынды өкілдерінің бірі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Медет Шотабаев «Айттым сәлем, қалам қас» шығармасымен жүрек қылын шертті.

ӨМІРШЕҢ ТУЫНДЫ ШЕТЕЛДЕРГЕ ЖОЛ ТАРТАДЫ

Әйгілі композиторлар Ахмет Жұбанов пен Латиф Хамидидің «Абай» операсы алғаш рет сахнаға осыдан 76 жыл бұрын, Абайдың 100 жылдығы қарсаңында жол тартты. Либреттосын Абай есімімен қатар жиі аталатын әйгілі жазушы Мұхтар Әуезов жазған өміршең туынды содан бері сахнадан түспей келе жатыр. «Астана Опера» театры музыкалық спектакльді жаңаша жаңғыртса да, негізі сақталды. Былтыр бұл туындымен астаналық өнер ұжымы операның отаны саналатын Италияға гастрольмен барып қайтты. Биыл да аталмыш шығарма бірқатар шетелдерде көрсетіледі. Ал Абай жылының ашылуына арналған концертте Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Майра Мұхамедқызы бұл операның ұлылығын салған әнімен тағы паш етті. Жұманазар Сомжүректің «Абай-Тоғжан» драмасынан үзінді көрсеткен «Жастар» театрының әртістері көрермендерді Абайдың жастық шағына жетелеп апарғандай болды.
Жалпы, концертке елордадағы Қ.Қуанышбаев атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма ­театры, «Астана Опера» театры, «Жастар» театры ұжымдары барынша атсалыс­ты. Алматыдағы М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театры мен Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар-жасөспірімдер ­театры да сырт қалған жоқ. Мәселен, аталмыш өнер ұжымдары өкілдері Азамат Сатыбалдыұлы, Сырым Қашқабаев, Әділ Ахметов осы кеш тізгінін ұстады. Бұған қоса, Қуандық Қыс­тықбаев, Нүркен Өтеуілов, Берік Айтжанов, Дәурен Серғазин секілді жетекші әртістерді сахнадан көрдік. Тамара Асар, Зарина Алтынбаева сынды белгілі әншілер де өнер көрсетті.

ҰРПАҚТЫ ТӘРБИЕЛЕУДІҢ ТИІМДІ ТӘСІЛІ

Мемлекет басшысы ­Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» мақаласында «Өткен жылы Абайдың шығармаларынан үзінді оқу эстафетасы өтті. Ләйлім атты оқушы қыз ұсынған бұл елдік шараға мен де қатысып, қолдау көрсеттім. Мектеп оқушыларынан ел азаматтарына, тіпті әлемдік деңгейдегі танымал тұлғаларға дейін зор қызығушылық танытып, лезде іліп әкеткен бұл бастама бірнеше айға ұласты. Соның арқасында бүкіл Қазақстан Абай мұрасын тағы бір зерделеп шықты. Бұл – Абайға деген құрмет әрі ұрпақты тәрбиелеудің тиімді тәсілі. Абай жырларын оқу чел­ленджі биыл, ақын мерей­тойы тұсында жаңаша жанданады деп сенемін» деген жолдар бар. Үлкен экраннан осы челленджге қатысқан белгілі өнерпаздар мен спортшылар, ғалымдар, жалпы елге белгілі бірқатар адамдар көрсетілді. Президентке эстафетаны жолдаған Ләйлім-Шырақ Ерланқызы сахнадан Абайдың өлеңін оқыды.
Мұхтар Әуезовтің «Абай» трагедиясында «Алдымда күн… Өзгеше жарық нұрлы күн… Аты «тіршілік» болса керек… Мен өз өмірімде оған жетпедім, көрмеспін ол күнді. Сол болашақ үшін бір шөпшектей, бір ғана кірпіштей болса да кесек қалап кетсем арманым жоқ. Сəлем деңдер соларға, сəлем деңдер, ұрпағым!» деген Абайдың монологы бар. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, танымал актер Болат Әбділманов концерт соңында оқыған осы монолог ақын өсиетіндей болып естілді. Ұлы ақын болашақ үшін мол дүние атқарып кетті. Ұлтқа алға жылжу үшін не істеу керектігін де айтты. Соны орындау – енді баршамыздың парызымыз.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

two × 1 =