Абай тойына тамаша тарту

0 32

Ұлттық академиялық кітапханада ақын, аудармашы, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Орынбай Жанайдаровтың ұлы ақынның шығармаларын орыс тілінде тәржімалаған «Абай. Стихи и поэмы» атты кітабының таныстырылымы өтті. Бұл жинақты ұлы ақынның 175 жылдық мерейтойына тамаша тарту деуге болады.Елімізге белгілі қаламгер бұған дейін жыраулар поэзиясы мен қазақ әдебиетінің айтулы тұлғалары – Кенен Әзірбаев, Мұқағали Мақатаев, Жұматай Жақыпбаев, Иранбек Ораз­баев, Темірхан Медетбек секілді ақындардың жыр жинақтарын орыс тіліне мөлдіретіп аударған.
Талантты аудармашы өмі­рінің біраз бөлігін Абай шығармаларындағы мәтіндерді зерт­теп, өлеңдерін орысшаға аударумен айналысып келеді. Сондықтан оқырманға жол тартқан туындыны автордың көп жылдық еңбегі деп айта аламыз.
– 1989 жылы Абайдың «Қалың елім, қазағым, қайран жұртым» деген өлеңін аудардым. Алғашында көңілімнен шыға қоймады. Көп іздендім, өлеңді он шақты рет өзгерттім. Нәтижесі жаман болмады. Негізі, аударма оңай жұмыс емес. Ауыр еңбекті, талмас ізденісті талап етеді. Жалқаулық пен салғырттықты көтермейді. Аудармаға бар жаныңды салғанда ғана шығарма түпнұсқадан ауытқымай, көркем дүниеге айналады, – деді автор.
Жиында филология ғылым­дарының докторы Шәкір Ыбыраев бұл жинақтың басқа кітаптардан ерекшелігіне тоқталды.
– Абайды тереңнен түсініп, орысшаға аудару – рухани өміріміздегі айтулы оқиға. Ұлы ақынды тәржімалауға басқалар да талаптанып көрген, бірақ олар Абайдың деңгейінде аудара алды деп айта алмаймыз. Олар кей жерлерде ақындық қиялға беріліп, ұлт рухын бере алмай қалады. Орынбай Абайды тәржімалауға зор дайындықпен келген. Ол жылына хакімнің 3-4 өлеңін ғана аударып отырған. Бұл – ақын шығармашылығына үлкен жауапкершілікпен қарағанының белгісі, – деді профессор.
Сондай-ақ кеш барысында белгілі ғалым Серік Негимов, танымал қаламгер Баянғали Әлімжанов секілді азаматтар сөз алып, кітап авторына тілектестігін білдірді.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

7 + one =