Абай тағылымы

10 тамыз - Абай күні

0 100

Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен 10 тамыз Абай күні болып белгіленді. Осы қаулыға барша қазақ балаша қуанды. Бұл, бір жағынан ұлы ақынның 175 жылдық мерейтойына үлкен сый болды. Абай – ұлт руханиятының темірқазығы. Біз соған қарап бойымызды ғана емес, ойымызды да түзейміз. Енді бұл мереке – ел тарихындағы айтулы күндердің біріне айналмақ.«Қазақтың Бас ақыны» – (А.Байтұрсынұлы) Абай-Ибраһим туралы ой айту, сөз қозғау оңай-оспақ шаруаға жатпайды. Бүгінге дейін хакім Абай хақында айтылған, тасқа басылып таңбаланған сөз әлі таусылған емес. Өйткені, Абайды, ғалым болсын, ақын-жазушы болсын, кім болса да өз таным-түсінігі тұрғысында саралайды, бойына сіңіреді, баға береді.
Данышпан ойшыл қамтымаған тақырып, айтпаған ой сорабы бар ма екен, сірә?! Алаш арыстарынан бері тартқанда, саналы ғұмырының көптеген жылдарын ұлы ақынды жан-жақты зерттеп әуелі мақалалар шоғырын жазған, содан соң ғана қазақтың жарты ғасырлық өмірін кеңінен қамтыған «Абай жолы» сынды ғажап роман-эпопеяны дүниеге әкелген Мұхтар Әуезовтен кейін де қаншама ғалымдар мен абайтанушылардың еңбегін көзі ашық, көкірегі ояу қазақ оқырманы жақсы біледі.
Абай тағылымы – айдын-­шалқар мұхит! Ұлы ойшыл өлеңдері мен қара сөздеріндегі қадау-қадау айтылған ой орманы, кешегі Абай ғұмыр кешкен заман адамдарына ғана емес, ХХI ғасыр адамдарына да арнап айтылғанына таң қалмасқа әддіңіз жоқ. Өйткені, Абай шығармаларындағы орман ойлар ашылмаған арал сияқты. Жәй ғана үстірт оқығанмен тереңіне бойлай алмаймыз. Абай ұлылығы, Абай тағылымы да сонда жатса керек.
Абай өлеңдерін бүгінгі оқырман түсіне ме? Түсінсе қай дәрежеде?!
«Абай сөздері жалпы адам­ның түсінуіне ауыр екені рас. Бірақ ол ауырлық Абайдың айта алмағанынан болған кемшілік емес, оқушылардың түсінерлік дәрежеге жете алмағанынан болатын кемшілік. Олай болғанда айып жазушыда емес, оқушыда» дейді ұлы ұстаз Ахмет Байтұрсынұлы.
«Не нәрсе жайынан жазса да Абай түбірін, тамырын, ішкі сырын, қасиетін қарамай жазады. Нәрсенің сырын, қасиетін біліп жазған соң, сөзінің бәрі де халыққа тіреліп, оқушылардың біліміне сын болып, емтихан болып табылады. Оқушы сөзді сынаса, сөз оқушыларды да сынайды…».
Абай өлеңдері мен қара сөздерін түсіну бір басқа. Оны мына алмағайып, аласапыран уақытта, кәдімгі күнделікті өмір-тіршілігі­мізде пайдаға асырып жүр­­міз бе?! Абай айтқан «то­лық адам» болуға талпы­на­­мыз ба?! Білім-білігіміз, қарым-қабілетіміз, сана-­сезі­міміз, адамшылық айнамыз жете ме?! Шынтуайтына келгенде, адам боп дүниеге келген соң, ас ішіп, аяқ босату, ұйықтау, «көппен көрген – ұлы той» деп құр әншейін тіршілік ету, сөйтіп ғұмыр өткізу үшін келдік пе?! Сонда, адамның бұл фәни жалғандағы мақсат-мұраты не?!
Өзі сүйген қазағы, оның кескін-келбеті, болашағы жайлы соншама толғанған, ұлтының табиғатын, жаратылысын, ойын-сойын, анық қазақтың қателік-кемшілігін жеріне жеткізіп ашық айт­қан, ашына айтқан Абайдан асқан кісі бар ма?!
Қараңыз:
Сенбе жұртқа, тұрса да қанша мақтап,
Әуре етеді ішіне қулық сақтап.
Өзіңе сен, өзіңді алып шығар,
Еңбегің мен ақылың екі жақтап…
Бұл өлең жолдарын тәп­тіштеп түсіндіру артық шы­ғар. Ақылыңды жұмсап, барыңды салып адал еңбек ет, мақтап-марапаттаған, арам ниетін, қулығын жасыр­ған адамның сөзіне сенбе, мастанба, даңғойлыққа салынба, тек өзіңе, өз еңбегіңе сен дейді хакім ойшыл.

***
…Жасы кіші үлкеннен ұялмай жүр,
Сұрамсақтар нәпсісін тыя алмай жүр.
Сәлем – борыш, сөз – қулық болғаннан соң.
Қандай жан сырттан сөз боп, сыналмай жүр?..
Сұмдық сөз!

***
Сабырсыз, арсыз, еріншек,
Көрсе қызар, жалмауыз,
Сорлы қазақ сол үшін,
Алты бақан ала ауыз…
Атақ-даңқ, байлық дегенде жанталасып, барын салатын, сүйекке таласқан иттердей ырылдасып тебіскен, одан әрі бірін-бірі көрмейтіндей, көрсе қызар іштарлықтан кетіскен алты бақан ала ауыз қазақ бүгін де бар.
Жоғарыдағы өлең жолдарының мән-мағынасын, діттеген мақсатын білетін, түсінетін сияқтымыз. Біле тұра іске асырып жүрміз бе?! Мәселе сонда.
Жасыратыны жоқ, бүгінгі таңда рухани құндылыққа, кітапқа деген құштарлық, кітапқа деген құмарлық бәсеңдегені рас. Оның нақты мысалдарын әр отбасынан көріп жүрміз. Кейбір мектеп кітапханасында балаға қажет рухани шығармалардың аз болуына кім кінәлі?!
«Тойдың болғанынан, боладысы қызық» демекші, Абай тойына дайындық жыл басынан бері қарқынды жүріп жатқанын білеміз. Бұл ретте, бірінші кезекте ұлы ақынның отаны Қарауылдағы, «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-­мәдени және әдеби-­мемориалдық қорық музейі, ұлы ақын кесенесі абаттанып, аяқсыз қалған жұмыс­тардың реттеліп жатқаны көңілге қуаныш ұялатады. Алайда, ойлы оқырманға керегі – ұлы ақынның 3 томнан тұратын академиялық жинағы. Естуімізше, аталмыш кітаптарда, бұған дейін жарық көрмеген Абайдың сая­саттағы орны, зәу-заты, ұрпақтары, әндері мен күйлерінің мәтіні нотасымен бірге жариялануы – үлкен жаңалық екендігі даусыз. Демек, данышпан хәкімнің оқырман қауым біле бермейтін жаңа қырлары жарқырай ашылмақ.
«Абайды қазақ баласы тегіс танып, тегіс білу керек» дейді Ахмет Байтұрсынұлы. Неге олай деді Ахаң?! Әлде, ұлы ұстаз халқымыздың өз рухани байлығын, өз құндылықтарын жетпіс жылдан аса уақыт солақай саясат салдарынан тани алмайтынын болжап, біліп айтты ма екен?! Аллаға тәуба, біз тәуелсіздік алған соң ғана Абай әлеміне тереңірек үңіле бастадық қой. Сең сетінеді, ел оянды.
«Біз елді, ұлтты Абайша сүюді үйренуіміз керек» деп ой толғайды Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев.
– Ұлы ақын ұлтының кемшілігін қатты сынаса да, тек бір ғана ойды – қазағын, халқын төрге жетелеуді мақсат тұтты.
Меніңше, Абайды оқу үшін, танып білу үшін, хакім шығармаларын өмір-тіршілігімізде кәдеге жарату үшін, «адамды сүйіп, Алланың хикметін сезіну» керек. Сонда ғана бір ел, тұтас ұлт болып ілгерілеуімізге серпін беретін хәкім Абай тағылымынан тәлім-тәрбие, үлгі-­өнеге алып, ойымыз бен со­йымыз, тыныс-тіршілігіміз, кісілік кескін-келбетіміз, рухани әлеміміз жарқырай, жаңара бермек.

Толымбек
ӘБДІРАЙЫМ,
жазушы

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

1 × 1 =