Абай-Шәкәрім кесенесі қалай салынды?

және оны неліктен жетілдіре түсу керек?

0 85

1991 жылы Маңғыстау облысы Қашаған ақынның 150 жылдығын атап өтті. Осы жиынға қатысқан министр Қуаныш Сұлтанов, депутат Әбіш Кекілбаев Маңғыстау облысының басшыларына Абайдың 150 жылдығына Абай басына ескерткіш тұрғызылмақ, сол кесенені Маңғыстау ақтасынан Сайын Назарбекұлына салдыру керек деп ұсыныс жасады. Маңғыстау әкімшілігі мәселе осылай шешілетін болса, көмек көрсетуге уәде етті.17.02.1993 жылы Үкімет басшысы Семейде үлкен жиын өткізіп, маған Абай кесенсін тұрғызу тапсырылатынын мәлім етті.
Біз көктемде Абай кесенесінің құрылысына кірісіп кеттік. Мен маман құрылысшы едім. Бек Ибраев жобасы тым көлемді еді. Уақыт өте тығыз. Бір күн бос жіберуге болмайтын. Ал мемлекет болса қаржы таба алмай жатты. Біз мемлекет қашан қаражат бөледі деп күтсек кесененің Абайдың 150 жылдығына бітпейтініне көзіміз жетті. Сәті түскенде үш кеңшар (Мамай батыр, Көкбай ақын, Тоқтамыс батыр ауылдары) бабаларына күмбез тұрғызып бер деп сұрады. Біз әр күмбез 1000 млн сом деп келісімшарт жасастық.
Осы қаржының көмегімен біз әлі қаражаты шешілмеген, жобасы толық аяқталмаған, сметасы бекітілмеген Абай-Шәкәрім кесенесіне Жаңаөзен қаласының жанындағы карьерден ақтас шығарып, тастарды теміржолмен Семейге таси бастадық. Жұмысшыларға айлық беруге бір бизнесменнен 20 мың доллар қарыз алдық. Соның арқасында 30 вагондай тас тасып үлгердік. Қалған ақшамыз девальвацияға ұшырап, құны көк тиын болды.
Абай кесенесінің бас мердігер мекемесінің басшысы Г.Седелев: «Әлі бір сом ақша бөлінген жоқ, ал сен қалай тас тасып, жұмысшыларға айлық беріп жатырсың» деп таң қалатын.
Менде жалғыз мақсат болды – кесенені уақытында бітіру.
1992-1995 ж.ж. тұрғызылған Абай-Шәкәрім кесенесін салу маған зор міндет жүктеген еді. Міндет те орындалды, орындалған шаруа бізді зор абыройға ие етті. Сол кезде «Бақыттымын» атты өлең де жазыппын. Онда:
Бақыттымын, барыстан да батырмын,
Бақыттымын, арыстаннан батылмын.
Зор бақытым – ұлы Абай басына,
Бір кетікке кірпіш қалап жатырмын, –
деген жолдар бар.
Біз – сол жылдардан бастап Абай деп тыныстап, Абай деп тіршілік етіп келе жатқан жанбыз. Бұл шаруа бізге оңайға түсті десек, ол шындыққа сәйкес келмес еді. Қазір ұмыт болған, бірақ кезінде біраз сергелдеңге салған қиындықтар да болып тұрды. Солардың бірін еске ала кетелік.
Басында кесене жұмысын тікелей Семейдің басшысы М.Шайжүнісов басқарып отырды. Ол бізге кесененің бас құрылысшысы деген құжат беріп, сұрақтарымызды сол бойда шешіп беретін.
Біздің сорымызға облыс басшылары ауыс­тырылды да, жаңадан тағайындалғандар (Жақиянов, Лукин дегендер) бәрін өзгертуге тырысты. Соның қырсығынан ойға алынған жобаны аяғына дейін ойдағыдай етіп орындауға мүмкіндік болмай қалды.
Абай кесенесі құрылысына жауапты болған А.Лукин деген бір сауатсыз бизнесмен «бәрібір үлгермейсің, Шәкәрім құрылысын тоқтат» деп талап етті. Бұйырып та көрді. Басқа да орынсыз талаптар қойып, газетке ұшқары мақалалар жазғызды.
Абай кесенесін тұрғызып жатқан «Парыз» ізгілік шағын мекемесіне тиісті қаражатты кідіртумен бізді бағынышты етіп ұстамақ та болды. Бірақ жағаласа жүріп, біз дегенімізге жеттік. Құрылыс­ты уақытында бітіріп шықтық.
Болып жатқан осындай жағдайларды түсіндірмек болып қаншама тырыссам да, облыс басшысы Жақиянов қабылдамай қойды. Содан мен оған өлеңмен хат жаздым (кейін бұл хат «Жұлдыз» журналында жарық көрді).

Қызыл тілім пайдаңнан залалың көп,
Кейде жөнсіз шапалақ қаламын жеп.
Тастап сені кетпеппін келгенімде,
Ақ мұнара Абайға саламын деп.

Айтады ғой қалдырып кетпегесін…
Тексіз жандар тектіге тек демесін…
Пасықтардың құдайы беріп жатыр,
Басу айтып басшылар сөкпегесін.

Сабатып ап бір кезде Абайыңды,
Тартпап па едің тобықты
сазайыңды.
Желкелетіп әркімге қоясың ба,
Абайжанды, құрылысшы,
Адайыңды…
Семейде алты ай қыс. Кесене құрылысын кезінде аяқтап шығу үшін күні-түні, демалыссыз жұмыс жасау қажет еді. Ол үшін жүрегі Абай деп соғатын жас жігіттер керек болды. Біз сондай жастарды таптық та. Шындығын айтқанда, Абай кесенесін алып шыққан Алматы құрылыс техникумының архитектура факультетінің студенттері болатын. Сол техникумда мен он жыл ұстаздық еткен едім. Директоры, жаны жәннатта болғыр, Болат Мусин досым еді. Жаз бойы өндірістік тә­жірибе деп болашақ сәулетші балаларды бізге жіберіп тұрды. Бір мұғалімді, өзімнің курстас досым Нағашыбай Разақовты тұрақты құрылыс басында ұстады. Біз Нағашыбай екеуміз әр студенттен, Абай мүрдесінің қасында тұрып ант (уәде) алатынбыз. Сол арқылы керемет тәртіп, жұмысқа деген рухани ұмтылысты қамтамасыз ете алдық.
Студенттер шындығында рухани жетіліп, алдына мақсат қоя алатын дәрежеге жетіп, Абай кесенесінің дер кезінде аяқталуы олар үшін басты шаруа болып есептелінді.
Жан досым Әбіш Кекілбайұлы: «Сайын ел егемендігімен бірге жаңадан қайта туып бір қолына қалам, бір қолына қалақ алып іске кірісті» деп еді бір мақаласында. Елуден асқан жасымда ұстаған сол қалағымның арқасында Абай елінде: Абай-Шәкәрім кесенесі; Әуезовтің ата-анасы «Омархан-Нұржамал», Тоқтамыс батыр, Мамай батыр, Көкбай ақын, Кеңгірбай би күмбездері; Ділдә, Әйгерім, Ақылбай, Шәкір Әбенов сағаналары тұрғызылды.
Қаламым да қайырлы болды. Отыздан астам кітап авторымын.
Солардың ішінде: «Абай әлеміне саяхат», «Менің Әбішім», «Қазақтың киіз үйі» атты кітаптар, «Абай ішіп үлгермеген «У», «Махамбеттің бір күні», «Ақбөбек» атты Алматы, Астана, Атырау, Ақтау театрларында сахналанған драмалық шығармалар да бар.
Ел егемендігін алғаннан бері менің азаматтық ұстаным:
Байлығына қызықпадым,
Қолды кірге малдырар деп.
Мансабына қызықпадым,
Арды ортаға салдырар деп, – деген бір шумаққа сыйғызылса, рухани тірлігім:
Менің Меккем баратын қажылыққа,
Қағбам да сол, қайтатын табынып та, – деп Абай басқан Жидебай топырағын қасиет тұтып, Абай рухына табыныппын.
Алдымыздағы жыл – Абай данышпанымыздың 175 жылдығы.
Енді сол кезде кеткен кейбір орын алған екі кемшілікті түзету қажет-ақ:
1. Абайдың 125 жылдық мерейтойы кезінде Абай мүрдесінің үстіне іргетас есебінде монобетон құйылыпты (өлшемі 2,50м х 4,00м х 4,00 м.) Сол тұғырға Абайдың гранит мүсіні орнатылады.
Әуелі «Семейсельстрой» (бас мердігер) тресінің немқұрайлығынан, содан кейін
Лукин мырзаның бірбеткей қырсықтығынан сол бетон алынбай қалды. Абайдың қасиет­ті асыл сүйегі қазір салмағы 75 тоннаға жететін бетон астында жатыр. Сол бетонды алып тастау қазіргі Абайдың 175 жылдығына арналған шаруалардың ең бастысы деп есептеу керек деп санаймын.
2. Абай кесенесінің екі жағына жеңіл, Абай порталына ұқсас залдар (кіру залы, шығу залы) тұрғызу.
3. Зиярат етушілер сол залдардағы төмен түсетін баспалдақтармен түсіп, Абай басына қойылған ескерткіш қасынан өтіп, шығу залы арқылы тысқа шығып кетуге мүмкіндік жасау (музейлер секілді).
4. Абай мүрдесінің үстінде жатқан бетонды шығарып тастау.
5. Қабірхана ішін (жобамен 50-60 шаршы метрден кем емес) мавзолей түріне келтіру.
6. Абай сандықтасының қасына сәндік үшін қойылған Оспан сандықтасын Оспан мүрдесінің басына апарып қою (жас ұрпақ алдында біле тұрып өтірік айту, өтірікші болу кімге қажет, не үшін қажет?).
1992-95 жылдары «Абай-Шәкәрім» кесенесін біз басқаратын қазіргі аты «Парыз» жауапкершілігі шектеулі серіктестік мекемесі салып шыққан болатын.
Егер Абай мұнарасының іргетасына реконструкция жасалынатын болса, біз бұл жұмыстарды атқарып шыға алар едік.

 

Сайын
НАЗАРБЕКҰЛЫ,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,
Абай ауданының құрметті азаматы, абайтанушы

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды