Абай поэзиясының Ренессанстық сипаты

0 267

Сейіт Қасқабасов, ҚР ҰҒА академигі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты

Абай поэзиясынан Адамның өзі – құдірет екенін, құдіреті – білімінде, ақылында, жүрегі мен жанында екенін көреміз. Адамның жасампаздық еңбегі мен іс-әрекеті, шығармашылық әрі ойлау қабілеті, оның махаббатты білу, сезіну, сүйе білу қасиеті – өлмес, өшпес, ешнәрсеге теңдесі жоқ құдірет.

Көп уақытқа дейін гуманитарлық ғылымда Ренессанс ұғымын евроцентристік тұрғыда түсіну орын алып келді. ХХ ғасырдың соңғы ширегінен бастап, Ренессанс тек Батыс Еуропада ғана емес, Шығыс халықтары тарихында да орын алғаны айтылып, жазылып, дәлелденді. «Мусульманский Ренессанс», «Иранский Ренессанс», «Восточный Ренессанс» деген ұғымдар – бүгінде толық мақұлданған ақиқат және барлық Ренессансқа ортақ заңдылықтармен қатар әр ұлттық өркениеттің өзіне тән ерекшеліктері де анықталып жатыр.

Біздің де өз Ренессансымыз бар. Ол да жалпы заңдылықтардан ада емес әрі өзіміздің өзгешелігімізден де құралақан емес. Міне, осы екі үрдіс тұрғысынан қарағанда, қазақ қоғамының Ренессансы Абайдан бастау алатынына көз жеткіземіз.

Егер Ренессансты тек қана ескі мәдениеттің қайта жаңаруы, жаңғыруы деп түсінсек, онда оның мән-мағынасын тарылтып алатын секілдіміз. Күллі әлемдегі Ренессанстың ең басты заңдылығы, бұрынғы мәдениетті жаңғырту ғана емес. Мұндағы ең басты қасиет – Адамға көңіл бөлу, Адамды дәріптеу. Адамды барлық нәрсенің қожасы деп түсіну. Қасиетті Құранда солай ғой. Алла тағала Адам Атаны жаратқанда, оған барлық періштені бағындырып, мойындатқан ғой. Тек Ібіліс қана Адам Атаға мойынсұнбаған. Демек, Адамды бағаламау – шайтанның ісі. Адамды бағаламау, оны ойыншық ету әр дәуірде, әр қоғамда болып тұрған. Ұлы ақындар мен ойшылдар осыған қарсы болған, күрескен. Адамды түкке санамаған қоғамды олар надан қоғам деп атаған.

Абай да солай. «Атымды Адам қойған соң, қайтіп надан болайын?» деп, адамның бұл ғаламда ерекше екенін айтады.

Рас, Абайға дейінгі поэзияда да адам туралы жырланбады емес, жырланды. Адамның әр жасы, әр жастағы оның жағдайы, адамның жақсы-жаман болуы, кісілердің араласы, қатынасы – бәрі сөз болды. Алайда, ол поэзияда сырттай сипаттау басым түсіп жатты, бейнелеу логикаға негізделіп, әңгімелеудің барлығы дидактикалық сипатта болды, өйткені, сөз болып отырған нәрсенің бәрі өмірде болатын ғана шындық деп түсінілді.

Абайға дейінгі поэзияның шыңы – жыраулар шығармасы десек, олардың басым көпшілігі мемлекеттік проблемаларды айтып, әміршісінің қасиеттерін жырлады. Жыраулар – хандық мемлекеттің идеологы болғандықтан, өздерінің басты міндеті – хандық дәріптеу, мемлекетке қызмет ету деп білді, әміршінің де, батырдың да іс-әрекетін осы тұрғыдан бағалады (яғни, жыраулар поэзиясы – мемлекеттік әдебиет болды).

Мұндай үрдіс жалғыз бізде емес, күллі әлем әдебиетінде болған. Айталық, падишахқа, халифке, монархқа қызмет ету, мемлекетті күшейтуге тырысу Шығыста – ХІІІ-ХІV ғасырдағы, Батыста – ХVІІ ғасырдағы абсолютизм дәуіріндегі, Ресейде ХVІІІ ғасырдағы әдебиеттерде орын алды.

Жалпы, мұндай дәстүр – қай халықтың болса да мемлекетінің қалыптасу, нығаю кезеңінде болатын заңдылық. Өйткені, ол кезде патша (монарх, хан) мемлекеттің символы деп саналды, ал жыраулар мен батырлар өздерінің әміршісі арқылы мемлекетке қызмет етеді деп ұғынылды. Егер соғыс болып, жеңіске жетсе немесе жер жаулап алса, ол мемлекеттің күштілігі деп есептелді, бейбітшілік орнаса, мемлекеттің гүлденуіне пайдалы деп қабылданды. Міне, хандар мен жыраулардың жағдайы мен арақатынасын, сол тұстағы әдебиетті осы түсінік негізінде пайымдауға болады. Сол себепті, жыраулар көбінесе жалпылықты айтады, жекелік, даралық мәселелерге көңіл бөлмейді, детальдарды елемейді. Демек, жеке адамның тағдыры, оның ішкі сезім бұрылыстары, өмірінің кейісті тұстары жыраулар толғауында сөз бола қоймайды. Тіпті, болған күннің өзінде мемлекеттік жәйтқа, жалпылыққа қатысты жағдайда ғана айтылады.
Ал Абай ең басты мәселе етіп Адамды, оның жеке ісін, сезімін, тұрмысын көңіл-күйін, басқа кісілермен қатынасын алады. Оның поэзиясында Адам – Алланың махаббатпен жаратқан ең ұлы, ең сүйікті туындысы. Сол себепті, бүкіл әлемнің, қауымның, болмыстың темірқазығы – Адам. Оның мүмкіндігі мен құдіреті орасан. Адам – өмірдің өлшеуіші, қозғаушы күші, тірлікті дамытушы, қоғамды түзеуші. Міне, осы Адамды түсіну мен осы Адамды тану міндетін алға қойып, Адамды дүниенің биік мұраты деп түсінуі – Абайдың Ренессанстық басы екенін айғақтайды.

Шығыста Ренессанстық белгі – исламның Аллаға, оның сүйікті туындысы Адамға (Адам Атаға) айрықша мән беру болса, Батыс елдерінде Ренессанстың ең басты белгісі – инквизициядан құтылып, Адамға бұрылу, оның ішкі дүниесіне үңілу еді. Мәселен, Батыстың сол кездегі ұлы ойшылдары мен өнерпаздары (Леонардо да Винчи, Микеланджело, Тициан, Данте, т.б.) инквизиция тұсында тапталған Адамды Құдай дәрежесіне көтеріп, антикалық Құдайларды Адам қатарына қосқаны белгілі .

Абай болса Адамды танылуы қиын жұмбақ («Мен бір жұмбақ адаммын») деп біледі. Сондықтан, Абай Адамға өзін-өзі түсініп, тани алатын сенім дарыту қажет, ол үшін оның рухын көтеріп, оны қанаттандыру керек, дүниенің кілті өз қолында екеніне, бәрін өзі істей алатынына иландыру міндет деп санаған («Сен де бір кірпіш дүниеге, Кетігін тап та, бар, қалан!»).

Абай түсінігінде, Адамның құдіреті – оның рухани азаттығында, ар тазалығы мен сезім еркіндігінде, ойдың тәуелсіздігінде, сөз бостандығы мен мінездің тәуекелдігінде… Тек рухы еркін, санасы еркін Адам ғана құлдыққа түспейді.

Абай поэзиясынан Адамның өзі – құдірет екенін, құдіреті – білімінде, ақылында, жүрегі мен жанында екенін көреміз. Адамның жасампаздық еңбегі мен іс-әрекеті, шығармашылық әрі ойлау қабілеті, оның махаббатты білу, сезіну, сүйе білу қасиеті – өлмес, өшпес, ешнәрсеге теңдесі жоқ құдірет.

Адамды бар жағынан тексерген Абайға Адам – бір жағынан, біртұтас әлем, екінші жағынан, адам өз ішінде қайшылығы мол, күрделі тұлға. Осы екеуі біріге келіп, тән мен жанның, тән азабы мен жан азабының арақатынасын құрайды, көрсетеді.

Ауырмай тәнім,
Ауырды жаным,
Қаңғыртты, қысты басымды.
Таралды көкірек,
Қысылды жүрек.
Ағызды сығып жасымды, –
деген Абай тән азабы мен жан азабын қатар алып, жан күйзелісінің ауыр екенін жай ғана айтпайды. Тән күйзелісі сыртқы денені ғана ауыртады. Адамға одан әлдеқайда қиыны – жан ауырғаны. Жан күйзелісі миға салмақ салады, жүректі мазалайды, азаптайды, қинайды. Сол себепті де Абайдың «жүрегі қырық жамау», сол себепті де ол «жүрегінің түбіне терең бойлауға» шақырады. Жан күйзелісі терең ойға батырады, тұңғиыққа сілтейді, тығырыққа тірейді. Ой жүрек түбіне кетіп, тыным бермейді, тез тарқамайды, көкейде жүреді. Түпсіз, шексіз мұңға айналып, адамды қажытады, шаршатады. Жалықтырады һәм жабырқатады. «Ойлы адамға қызық жоқ бұл жалғанда» деген тұжырымға да әкеледі.

Мұндай ойлар ақын Абайға Адам мүмкіндігінің шектеулі екеніне көз жеткізген соң келсе де, ол Адамды – өмірге текке келмеген жан, ол өзінің тағдырына өзі қожа бола алатын, қоғамға керек тұлға деп біліп, Адамның сондай болуын қалайды. Өмірде өз орнын тауып, пайда келтіретін Адам – саналы Адам, толымды Адам.

Үш-ақ нәрсе адамның қасиеті:
Ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек, – дейді Абай. «Ыстық қайрат» – бұл үнемі іздену, алға ұмтылу, жасампаз болу. «Нұрлы ақыл» – елге сәуле түсіріп, ізгілікке іс істеу, Құдай берген ақылды тек жақсылыққа жұмсау. Ал «жылы жүрек» – иманжүзді болу, адамдарға түсіністікпен қарау, олардың мұң-мұқтажын, көңіл-күйін ұға білу. Міне, осы үш қасиет ізгілікті мақсатта пайдаланылған жағдайда ғана толымды адам деген мәртебеге ие болуға болады.

Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста,
Сонда толық боласың елден бөлек, – дейді Абай.

Мұндай адам өлмейді. «Өлсе – өлер табиғат, адам өлмес!» дегенде, Абай толымды адамның ісі, сөзі, ойы өлмейді дегенді меңзейді. «Өлді деуге сыя ма, ойлаңдаршы, Өлмей-тұғын артына сөз қалдырған?!» дегенде де Абай адамның санасын, ойын, сөзін сол адамның өзімен қатар қойып отырған жоқ па? Олай болса, Абай үшін дүниенің бас­ты өлшемі – Адам, оның ісі мен ойы, жаны мен санасы, сөзі мен сезімі. Абай поэзиясының Ренессанстық сипаты да осында деп білеміз.

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

6 + five =