«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Абай оқыған кітаптар

0 888

Мәдениеті ерте дамып, баспасөзі жолға қойылған халықтардың қайсысы болса да, ойшылдары мен ақын-жазушылары бала жастан қызыққан кітаптары негізінде ой түйеді.

Хакім Абайдың жеке кітап­ханасының жиналу тарихы тереңде жатыр. Алдымен Семей қаласына келіп жүргенде қоғамдық кітапханадан бастал­ған жол қаладағы некен-саяқ кітап дүкендеріне тірелген. Уақытша оқуға алып кететін кітап, журналдарға қосымша дүкендерден сатып алған қымбат қазыналарының болғандығы да белгілі. Ұлы ақын жөнінде естелік қалдырған адамдардың жазбаларында хакімнің жеке кітапханасы болғаны туралы айтылады.
Абайдың інілері, балалары оның жеке кітапханасының үнемі толығып отыруына назар аударған. Мысалы, Омбы кадет корпусында, Мәскеудегі кавалерий мектебінде оқыған інісі Халиолла Өскенбаев жыл сайын елге демалысқа келгенде кітаптар ала келуді әдетке айналдырған.
Абай есімі Семей қаласындағы кітапхананың алғаш ашылып, қалыптасу кезеңімен тығыз байланысты. Себебі тура сол кездерде кітапхананың ең алғашқы оқырмандарының бірі де Абай болған. Кітапханаға келіп жүргенде Абай Михаэлиспен танысады. Кездесуден туған таныстық тамырын тереңге тартып, мақсат-мүддесі ортақ екі адамды іштей табыстырып, берік достыққа алып келеді.
Абай оқыған, пайдаланған басылымдар қатарында Омбыда 1888-1902 жылдар арасында шығып тұрған «Дала уалаятының газеті» («Киргизская степная газета»), Бақшасарайда атақты ағартушы, ғалым Ысмағұл Ғаспаралы басқаруымен 1883-1918 жылдары баспа көрген «Тәржіман» газетін атап көрсетуге болады. Бұлардың екеуі де Семей кітапханаларында күні бүгінге дейін сақталған.
Семейге барған сайын Абай кітапханаға ат басын тіреп, өзіне қажет кітап, газет-журналдарын алып, қыста қалада жатып, жазда қоржынын толтырып, Шыңғысты жайлаған ауылына алып қайтып, үзбей оқыған. Абайтанушы ғалымдардың еңбектеріне сүйенсек, Семей қаласы кітапханасының оқырманы Абай «Современник», «Русский вестник», «Вестник Европы», «Русская речь», «Новости», «Новое время» журналдарын үнемі назарында ұстаған. Ресейде шыққан бұл баспасөз үлгілері барша әлемнің тарихы, мәдениеті, әдебиеті, өнері, ұлттық ұстанымдары жөнінде жан-жақты хабардар етіп, болашақ ақынның озық ой жүйесінің қалыптасуына пайдалы ықпалын тигізгені сөзсіз.
Ал Семей баспаханаларынан жарық көрген «Обзор Семипалатинской области», «Семипалатинские областные ведомости», «Отчет Семипалатинского статистического комитета» сияқты басқа да газеттер мен жинақтарын ұлы ақын үзбей оқып отырған.
Семей қаласындағы Абай атындағы әмбебап кітапха­на­сында ақын алақанының табы қалған мұра баршылық. Со­лардың ішінде Пушкин, Толстой, Даль жинақтары, Беккердің, Карамзиннің, Гомердің, Дрэпердің кітаптары асыл мұралар қата­рында. Дәл осы тұлғалардың кітаптарын Абай қолына алды, қолына алып қана қоймай, аса зейін қойып оқыған.
Ұлы ақын 1855-1859 жылдар аралығында Ахмет Риза медресесінде оқиды. Музей қорында ақынның медреседе оқыған төрт жыл ішінде ұстаған оқулықтары сақталған. Бүгінде сол медресенің 252 кітабы біздің алтын қорда сақтаулы. Медресені бітіргеннен кейін де Абай араб кітаптарын, шығыс ғалымдарын оқуды тоқтатпаған. Абай оқыған медресе кітаптары: «Китаб назурат ил хақ фаризиет» – Парыз кітабы (діни, ислам шариғаттарын түсіндіретін кітап, 1880 жылы Қазанда басылған), «Суретил набия» – Пайғамбар сөзі (17 бөлімі, Нұқ пайғамбардың еңбекқорлығын үлгі етеді, араб тілінде) және тарих оқулықтары. «Аз тарихи Жаудат» (Жаудат тарихының 9 кітабы, 1890 жылы Ыстамбұлда түрік тілінде басылған), Х-ХІ ғасырларда өмір сүрген араб тарихшысы Ибн Халдунның еңбектерінің түрікше аудармасының 2-бөлімі және басқа да құнды кітаптары сақтаулы.
Дара да дана ақын ғылым мен еңбекке, білімге талмай үндеген. Ғылымды әлеуметтік жағдайды жақсартудың құралы ғана емес, бүкіл прогреске апаратын жол деп санады.

Гүлназ БЕЙСЕМБИНОВА,
Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік

қорық-музейінің ғылыми қызметкері

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды