Абай музейінің көрмесі

0 118

Кеше елордадағы Қолжазбалар және сирек кітаптар орталығында хакім атамыз­дың мерейтойына орай Семейдегі Абайдың «Жидебай-­Бөрілі» мемлекеттік қорық музейінің «Абай музейі және қолжазбалар әлемі» атты көшпелі көрмесі ашылды.Көрмеге ұлы тұлғаның өмірі мен шығармашы­лығына қатысты тарихи құжаттар мен архивтік деректер, құнды қолжазбалар қойылды. Сондай-ақ ақын өмір сүрген кезең мен оған қатысты тарихи тұлғалар туралы және Семей қаласындағы 80 жылдық тарихы бар «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік қорық-музейінің тарихын бейнелейтін деректер мен экспонаттар ұсынылды.
Абай атамыз 1885 жылы жаңадан ашылып жатқан Семейдегі өлкетану музейіне өз қолымен қазақтың тұрмыс-­тіршілігіне қатысты 60-тан аса жәдігер тапсырған екен. Солардың ішінен хакімнің қолының табы қалған ақынның тұмар домбырасы, дауылпазы және де қымыз піспек, ожау, тегене, көнек секілді тұрмыстық бұйымдарды көрдік. Сонымен бірге хакім Семейдегі Ахмет Риза медресесінде оқығанда сақталып қалған 25-тен аса көне кітаптарды жұртшылық қызығып қарады.
Бізді көрмеде 1896 жылы Абайдың баласы Мағауияға жазған хатының көшірмесі қызықтырды. Бұл қазір ең құнды қолжазба саналады. Сондай-ақ шараның ашы­луында белгілі ғалымдар Тұрсын Жұртбай, Ғарифолла Есім, Өмірзақ Озғанбай сөз алып, Абай тағылымы туралы парасатты ой қозғады.
Көрме 7 ақпанға дейін жалғасады.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

two × 3 =