Абай мүшайрасының жеңімпаздары

0 101

Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің қолдауымен Сәкен Сейфуллин музейі ұйымдастырып келе жатқан дәстүрлі жыр бәйгесі биыл Ұлы Абай атамыздың торқалы тойына арналды.«Жүрегімнің түбіне терең бойла!» деген атпен жарияланған аламан жыр жарысына еліміздің әр өңіріндегі айтулы қаламгерлерден бастап, жас талапкерлер қостаған 150 ақын қатысты. Мүшәйраға түскен шығармалардың ішінде көлемді дастандар да болды. Конкурс шартында поэма болмағандықтан, ол шығармалар талқыға ұсынылмады.
Жыр бәйгесінің қазылар алқасына Қазақстан Жазушылар одағының Нұр-Сұлтан қалалық филиалының директоры, ақын Дәулеткерей Кәпұлы төрағалық етіп, оның құрамында Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, жазушы Қажығали Мұхамбетқалиұлы, ақын, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Серік Ақсұңқарұлы, белгілі журналист, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жанболат Аупбаев, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, ақын Несіпбек Айтұлы болды. Қазылар алқасы мүшәйраға қатысқан шығармаларды сұрыптай келе 12 ақынға бәйге берді.
Сонымен мүшәйраның бас жүлдесін «Абайдың бұлағы» деген топтама өлеңдері үшін талантты ақын, филология ғылымдарының докторы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Жанат Әскербекқызы иеленді. Бірінші орынды жас ақын Қабиден Қуанышбайұлы «Арманы жоқ Абайы бар халықтың» атты өлеңдер топтамасымен алды. Екінші орын қазақтың қабырғалы ақыны Исраил Сапарбай мен ақын Бақытжан Райсоваға бұйырды. Үшінші орынды танымал ақындар Серікжан Қажи Болат Үсенбаев және Ұларбек Нұрғалым бөлісті. Сондай-ақ бес ақынға ынталандыру сыйлығы берілді.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

three × 1 =