Абай мұрасын ардақтайды

0 28

Биыл Абай Құнанбайұлының туғанына 175 жыл толуына орай, хакім мұрасын ұлықтайтын іс-шаралар легі басталып та кетті. Ұлттық сананы сақтау және оны заман талабына сай бейімдеуде ақын шығармашылығына үңілу үлкен пайда берері анық. Біздің мектеп те бұған белсене кірісті.Атап айтсақ, 40 оқушымыз Абай еліне саяхат жасап келді. Сапардан оралған соң, шәкірттер қолжазбалар мен сирек кітаптар ұлттық орталығы тығыз қарым-қатынас орнатып, Абай өміріне қатыс­ты ғылыми еңбек жазумен айналысты.
Сондай-ақ «Абай еліне саяхат» бағдарламасы негізінде қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдерінің жетекшілігімен 1-4 сыныптар үш тілде ақын өлеңдерін оқып, 5-7 сыныптар тақырыптық байқауда белсенділік танытса, 9-10 сынып оқушылары Абай қара сөздері аясында эссе жазды. Бұдан бөлек, мектеп кітапханасында география және математика пәнінің мұғалімдері мен кітапханашылардың жетекшілігімен ұйымдастырылған «Сен Абайды білесің бе?» атты интеллектуалдық ойын да балалар тарапынан үлкен қызығушылық туғызып, оларға Абай әлеміне қатысты тың ақпараттар ұсынылды.
Шәкірттеріміз Абай өлеңдерін жатқа оқу челленджінен де қалыс қалған жоқ. Республикада, тіпті халықаралық деңгейде танымал болған бұл челленджге мектебіміздің 5-сыныптан бастап 11-сыныпқа дейінгі оқушылары қатысып, игі эстафетаны жалғастырды. Балалар Абай шығармашылығына арналған сайыстарға да белсене атсалысады. Оның бір дәлелі ретінде жуырда Нұр-Сұлтан қаласындағы Оқушылар сарайында өткен «Әнді сүйсең, менше сүй» атты жарыста мектебіміздің 7-сынып оқушысы Әсем ­Асылбекова ІІ орынды, 11-сынып оқушысы Дәулет Шағыров ІІІ орынды қанжығасына байлады.
Ұлы ақынның мұрасын насихаттауда мектеп ұстаздары жүйелі жұмыс жүргізуде. Мәселен, барлық сынып жетекшісі тәрбие сағаттарында Мемлекет басшысының «Абай және XXI ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласын талдады. Сонымен қоса, бастауыш сынып мұғалімдерінің жетекшілігімен өткен «Шәкәрім, Мұхтар, Абай – қазақтың інжу-маржаны» атты ата-аналар сайысына қатысушылар да жоғары белсенділік көрсетті.

Алмагүл СӘДУАҚАСОВА,
№56 мектеп-лицейдің қазақ тілі мен
әдебиеті пәні мұғалімі

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды