Абай мұрасы – қазақ діни танымының айнасы

0 136

Ал Абайдың елі тастан да өткен меңіреу. Көңілдері – «қоңқ етер, түкті байқамас», әбден тасқа айналған. Құранда надандарды көңіл көзін көр етіп, мейірімсіз тасқа айналдырамыз мағынасында аят бар. Демек, Абайдың халыққа айтпақшы болған ойы осы Құрандағы надандықтың сипатын жеткізу болатын. Қазақ надандығының шектен шыққаны соншалық, «түзу сөзді» тыңдамауы былай тұрсын, жаяуы бар, аттысы қосылып Абайды қоғамнан аластайды. Абай жалғыздық күй кешеді. Бірақ бұл жалғыздық генетикалық, яғни туысы, аға­йыннан айырылған жалғыздық емес. Оның «атадан алтау, анадан төртеу – туысы, қаптаған қалың тобықты – арғын ағайыны бек көп». Бірақ Абай үшін бұлар «көп», «тобыр». Абай өзін «көпке сүйейтін» немесе «көптен» күш-қуат алған ойшыл емес, ол – өз ожданы арының иесі – Тәңірден, таза ақылдан қуат алған дана. Оның жалғыздығы – елден сөз ұғардың болмауы, рухымен үндес, көңілімен сұхбаттас, Алладан басқа достың қалмағанын білдіретін жалғыздық. Абай әрі қоғамның «ішінде», әрі «сыртында». Бұл – сопылықтағы «отанды ауыстыру емес, өз сипатын өзгерту», яғни «узлат» деп аталатын рухани хәл. Суфилер қоғам ішінде, бірақ рухымен қоғамның сыртында тіршілік етуді жөн деп тапқан. «Моласындай бақсының, Жалғыз қалдым – Тап шыным» дейді. Міне, Абай атамыз арлылығымен, имандылығымен жал­ғыз қалудан қорықпайтын, ақи­қат деп өткен өз уақытының да­насы болатын. Сондықтан да ол хакім, яғни хикмет – парасат иесі.Сырттай қарағанда Абайдың сопылық туралы түсінігі қайшылықты болып көрінеді. Ол «бірінші қара сөзінде «Софылық қылып, дін бағу? Жоқ, ол да болмайды, оған да тыныштық керек. «Не көңілде, не көрген күніңде бір тыныштық жоқ, осы елге, осы жерде не қылған софылық?» дейді. Ал шындығында таза сопылық, көңіл тыныштығына, бақытқа, моральдық еркіндікке ұласудың бірден-бір жолы екендігін, нағыз тыныштықты адам таза сопылықтан табады деп тү­йеді. «Отыз сегізінші қара сөзінде» «күллі адам тәркі дүние болып, һу деп тариқатқа кірсе, дүние ойран болса керек. Малды кім бағады? Дұшпанды кім тоқтатады? Киімді кім тоқиды? Астықты кім егеді? Дүниедегі Алланың пенделері үшін жаратқан қазыналарын кім іздейді? Нығметтердің иесі (сахиб-ун-ниғма) – Тәңірге шүкіршілігің жоқ болса, әдепсіздікпенен күнәһар болмайсың ба? Егер де бұл жол жарым-жартыларына ғана айтылған болса, жарым-жарты раст дүниеде бола ма? Рас болса, һәммаға бірдей раст болсын, алалаған раст бола ма, һәм ғадаләт бола ма? Олай болғанда, ол жұртта ғұмыр жоқ болса керек. Ғұмыр өзі – хақиқат. Қай жерде ғұмыр жоқ болса, онда кәмәләт жоқ» дейді.
Бұл жердегі Абайдың сопы­лыққа қойып отырған сыны жаңа сын емес, ол – сонау дәстүршілдер мен суфилер арасында ІХ ғасырдан бері келе жатқан сын. Кезінде бұл сын сопылықты түсіне алмай, дінді тек қана форма ретінде көретіндер тарапынан айтылған-ды. Дегенмен таза сопылықтағы ахилік институттар ислам өркениетін жаудан қорғау­шы, экономикасын нығайтушы, қоғамын біріктіруші – ар, имандылықтың үлгісі, жалпы исламдық дүниетанымның эстетикалық, моральдық құндылықтар жүйесін реттеушісі болған және бола береді де. Рас, сопылық жолдың тек «дидар талап» етушілерге ғана арналғандығы белгілі. Оның адамның табиғатынан туған ерекшеліктер екендігі де анық. Дидар талап ғылымы – қабілет, ынта, жігер, сонымен қатар Тәңірдің құты арқылы берілетін, игерілетін сопылық ілім. Ал Абайдың жалпыға бірдей деп қарастыр­ған хикмет, яғни философия да әркімнің үлесіне тие беретін қазына емес, яғни әр адамның шынайы философ (хакім) болуы да мүмкін емес. Дүние, ғұмыр – шынайы суфи, ғашықтар үшін мәнсіз де, мағынасыз да емес. Керісінше, дүние – осы өмір адамды кемелдікке жетудің тұғыры. Шын ғашықтар үшін де дүние, ғұмыр харам емес, ақиқат. Жалпы, шынайы суфилер Тәңірдің жаратқан әлемінен көркемдік пен әсемдіктен басқа ештеңе көре алмайды. Дүние – кемелдіктің негізі болса, олар дүниедегі тиерлік пайдасы – кемелдіктің алаңын қалай ұмытсын? Ұмытпау үшін арнайы «зікір» – еске алу әдісін өмірінде әр дем қолдану үстінде болады. Олар дүниені Тәңірдің бар және бір екендігінің айнасы ретінде қабылдайды.
Бірақ Абайдың осы сынына қарап, оны сопылық дүниетанымның негізі мен мәнін білмейді деу­ге болмайды. Онда мақсат бар. Бұл мақсатты Абай өзінің уақыты мен кеңістігіндегі ахуалдан алып отыр. Абай ғана емес, жалпы Шығыс әлемі, Батыстың технологиясынан, ғылымынан кері қалудың басты себебі ретінде исламның рухы болған сопылық дүниетанымды көрсеткен болатын. Бұған сыртқы миссионер – ориенталистердің де ықпалы күшті болды. Сопылықты теріс­теу арқылы исламдық тұтас­тықты ыдырату мақсат болатын. Негізінен, өз қатесін көре алмай, ­сырттан жау іздеу – Иасауи іліміне, оның методологиясына жат ұстаным. Барлық құлдырау да, даму да адамның өзінен туындайды. Иасауи үшін адамдық сананың айнасы – қалб, ұлттық мәдени кеңістіктің айнасы – бірлік, діннің айнасы – ғылым. Қоғам дінін фанатизмнен, қасаң догматизмнен үнемі қорғап отырмаса, құл болу былай тұрсын, хайуан болып, Тәңірдің аманатынан жұрдай болады. Абайдың дәуірінде сопылық жол әбден тозығы жетіп, өзінің таза рухынан алыстап, кім көрінгеннің құралына айналып, дін қоғамды ыдыратудың саясатына айналған болатын. Тариқаттар саяси билік басындағы жекелеген хан, сұлтандарға ғана қызмет ете бастаған. Сопылық адамдық, моральдық мұраттарынан жұрдай болған еді. Осындай тұста Абай «…әрбір наданның бір тариқатқа кірдік деп жүргені «біз бұзылдық» дегеніменен бір болады. Моллалар тұра тұрсын, хусусан «бұл заманның» ишандарына бек сақ болыңдар. Олар – фитнә ғалым, бұлардан залалдан басқа ешнәрсе шықпайды. Өздері хүкім-шариғатты таза білмейді, көбі надан болады. Онан асып өзін-өзі әһіл-тариқат біліп және біреуді жеткізбек дағуасын қылады. Бұл іс олардың сыбағасы емес, бұлардың жеткізбегі мұхал, бұлар адамды аздырушылар, хәттә дінге де залалды. Бұлардың сүйгені – надандар, сөйлегені – жалған, дәлелдері – тасбығы менен шалмалары, онан басқа ешнәрсе жоқ» дейді. Абайдың мұндай сопылықтан қашуы өте орынды. Әрі қарай Абай хакімдер мен таза суфилерді салыстырып, «екеуі де бірінен-бірі көп жырақ кетпейді». Екеуі де Тәңірдің «жаратқан болмыстарына» (сұнғатына) қарап терең ойлауды («пікірлемектік») айтқан. Бірақ жаратылғандарға қарап терең ойлау арқылы құдайлық танымға ұласу жолын түсіндіруде «екеуінің де сөйлеуі, айтуы» басқаша. «Ол хакім, ғалым асылда бір сөз, бірақ ғарафта (ариф – дана, әулие) басқалар дүр. Абай осы арқылы философ пен суфидың айырмашылықтарын көрсетуге тырысады. Абай философия (хикмет) мен суфизмді ғақыл және нақыл ғылымдары қатарына жатқызып, «екеуі де өзін зорға есептемекті (менмендікті), залымдықты, адамдардың бір-бірін алдауын (өтірікті) қаламайды (жек көреді). Екеуі де «ғадаләт, мархамат, шапағатты, рақымды болуды бұйырды деп екі ғылым арасындағы ортақ ұқсас­тықтарды көрсетуге тырысады. Бірақ бұл әрекеті де терең емес, қолданған ортақ ұғымдары деңгейінде ғана ой түйеді. Абай «мен білемін» деген адам емес. Қайта «бір-екі ауыз» араб, парсы біліп ділмарсығандарды сынайды. Өзіне әрдайым сын көзбен қарайды. Өз мінін білу, Абайдың тілімен айтқанда, естілік.
Абай «Тәңірдің жаратқан болмыстарына құмарланып, ғибраттанушыларға тию жоқ, бәлки жаратылғандардың (сұнғатын) себебін білуге құмарлықтан «саниғ ғашықтық» шығады» дейді. Бұл жерде өте маңызды мәсе­ле бар. Шын ғашық суфилер Тәңірдің жамал (көркемдік) сипатына ғашық болады. Сондықтан да олар өздерін «Дидар талаппыз» дейді. Ал Абай Тәңір­дің дидарына ғашықтықты емес, «саниғ ғашықтықты», яғни Тәңірдің Жаратушы сипатына ғашық болуға, адамды Тәңірге ұқсап жасампаз болуға үндейді. Өйткені Абайдың заманы жасампаздыққа, технологияны меңгеруге, білім беруде жаңа әдіске мұқтаж болатын. Бұл жерде Абайдың «саниғ ғашықтық» ұғымы мен ілімінің қоғамы үшін де жалпы сопылық дүниетанымның тарихи даму процесін саралау тұрғысынан да өте құнды жаңалық екендігін көруге болады.
Сонымен Абайдың өзі айтқандай, «мен бір жұмбақ адаммын» дегеніне көзіңіз жетеді. Ол – ислам діні жолында таза имандылықты уағыздаған хакім. Ал жалпы түркі әлемі секілді қазақ мұсылмандығының ерекшелігі сопылық дүниетаным болатын. Бірақ Абай тариқат жолына түскен суфи емес, ол – сопылық дүниетанымдық ойлау жүйесі арқылы өз қоғамын бақытқа жеткізу жолын іздеген, халқына жөн көрсеткен дана, хакім. Оның шәкірті Шәкәрім болса – әрі суфи, әрі осы сопылық дүниетанымдық құндылықтар арқылы ой толғаған әулие. Бұл жерде екі ой иесі – дананың әрбір ой-түйіндерін ажыратып талдау мәселесін мақсат етпедік. Тек олардың адамдық санаға жетелейтін, Иасауидің ақ жолынан нәр алған мирасшылар екендігін көрсетумен шектелдік. Дегенмен ар түзейтін ғылымды түсіндіру, талдау тәсілдерінде өзіндік ерекшелігі бар бұл тарихи тұлғалардың мұрасы бүгінгі күн тұрғысынан тереңінен зерделенуі тиіс. Өкінішке қарай, Абайды бүгін де ислам философиясының ерекшеліктеріне терең бойлай алмайтын кейбір зерттеушілер дуалист деп танып әрі танытып келеді. Абайдың ойлау жүйесі мен дүниетанымын тани алмай келуіміздің бірінші себебі – кешегі «ғылыми философия мен батыстық қалыптар» арқылы шарттандырылған танымдық шеңбер шарасынан аса алмауымыздан, екінші – ислам филосо­фиясын жете білмеуімізден туын­дап отыр. Бұлардың мұраларында ислам діні, философиясы, мәдениеті, ғылымының негіздері қамтылған. Аналогиялық тұрғыдан қарайтын болсақ, осы ұлттық тұлғаларымыздың мұраларынан-ақ қазақ даласындағы діни ой-сана, зерделеу, ізденіс деңгейінде басқа исламдық мәдениеттермен сабақтастығын үзбегенін көреміз. Сондықтан Иасауидей пірі, Абайдай хакімі, Шәкәрімдей данасы бар бүгінгі қазақ қоғамы өзінің діни білім кеңістігі мен көкжиегін дамыту үшін алдымен олардан қалған мұраларды игеру сатысынан өтуі тиіс.

Досай КЕНЖЕТАЙ,
философия ғылымдарының
докторы, профессор

(Соңы. Басы газеттің №19 (3988) санында)

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

8 + 2 =