Абай мен Тоғжан сахнада тоғысты

0 24

Елорданың «Жастар» театры ұлы Абайдың 175 жылдық мерейтойына орай «Көзімнің қарасы» атты музыкалық драманы қойды. Туынды авторы – Жұманазар Сомжүрек. Спектакльді сахналаған – театрдың көркемдік жетекшісі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұрқанат Жақыпбай.

Шығарма желісіне жас Абай мен Тоғжанның махаббаты алынған. Қоюшы режиссердің айтуынша, дайындық жұмыстары көктемде басталды. Бірақ пандемияның кесірінен біраз уақытқа созылып, премьераның орайы жылдың соңына түсті.
Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясынан білетініміздей, Абай Тоғжанды алғаш рет қыз әкесі Сүйіндіктің ауылына келгенде көреді. «…Сылдырлаған шолпысы, әлдеқандай былдырлаған тілменен Тоғжанның келері мен кетерін паш етеді. Құлақтағы әшекей сырғасы, бастағы кәмшат бөркі, білек толған неше білезіктері – баршасы да бұл өңірден Абайдың көрмеген бір сәні сияқты. Толықша келген, аппақ жүзді, қырлы мұрын, қара көз қыздың жіп-жіңішке қасы да айдай боп қиылып тұр. Қарлығаш қанатының ұшындай үп-үшкір боп, самайға қарай тартылған қас, жүрекке шабар жендеттің жебесіндей…» деп суреттейді бұл сәтті заңғар жазушы.
Спектакльде Абай бейнесін – Шыңғыс Жақыпбай, ал Тоғжанды Ләззат Қуанышова сомдады. Әртістер ынтық сезімді, жастық жалынды жақсы бере білді. Қойылымда «Желсіз түнде жарық ай», «Көзімнің қарасы» сынды Абайдың өз әндері қолданылғаны әсерді күшейте түсті.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

seventeen + fourteen =