Абай ілімі ұлттық идеологияға айналуы тиіс

0 73

Абай – қазына. Оның іліміне сусындау арқылы қазақтың көкжиегі кеңіп, ұлт руханияты асқақтай түседі. Философия және техника ғылымдарының кандидаты, семейлік белгілі абайтанушы Асан ОМАРОВПЕН болған сұхбатты назарларыңызға ұсынамыз.

– Қазақ Абайды танып болды ма? Танымаса, оған не кедергі?
– Таныған жоқ. Себебі оқымайды. Оқығандары түсінбейді. Абайды он адам оқыса, соның тоғызы ұқпайды, өйткені түсініктеме жоқ. Ұққанының өзі оқығанын орындамайды. Абай бес нәрседен қашық бол деген, соны орындамайды, көпшіліктің хәкімнен алшақтығы сондықтан. Осы келеңсіздіктен арылу үшін мектепке сатылап, әр сыныпқа лайықтап Абайтану пәнін енгізу керек.
Абайдың өмірі мен шығармашылығы – екеуі екі бөлек дүние. Ол екеуін шатастырмаған жөн. Абай өмірінің көп қазақтан айырмашылығы жоқ… Бала Абайда шығармашылық жоқ, бозбала Абайда шығармашылық жоқ, енді аздаған өлеңдері бар шығар, бірақ ол аса маңызды емес.
Шәкәрім адамда үш-ақ түрлі өмір бар дейді: «Біреуі – баласың, орта жаста – адамсың, сосын – шалсың». Одан басқа түк те іздеме дейді. Сондықтан Абайдың өмірі деген сабақ болмайды. Өскелең ұрпаққа хәкімнің шығармашылығын оқыту керек. Оны жіктеп-жіктеп бөліп қарастырған жөн. Мысалы: «Абай ақын әрі сыншы», «Абай ақын әрі ағартушы», «Абай ақын әрі ойшыл», «Хәкім», Абай әулиеге дейін жеткен. Осылай сатылап, талдап оқытқан абзал.
Мұхтар Әуезов Абайды тереңдеп, қазып жазған жоқ, оған Кеңес өкіметі мұрсат бермеді, егер сатылап жазса, Құдайға «жетер» еді. Ал ол кезде Құдайтанушы болу қауіпті. Сондықтан Әуезов шығармасындағы 1886 жылғы Абай да, өлер алдындағы Абай да – бір Абай. Жай бір өлең шығарып отырған шал болған да қалған. Абайды танымай жатқанымыз сол.
Енді бір мәселе, Абай ғылым-білімнің бәрін айтады. Ол төрт-ақ нәрсе бар дейді: Алла тағаланы танымақ, Өзіңді танымақ, Дүниені танымақ және Жақсы мен жаманды танымақ. Басқа ғылым жоқ дейді.
Біз не істедік? Біз Алланың керегі жоқ деп бірінші классификацияны алып тастадық. Оны оқытпаймыз. Абайтанудың басты тамыры – Алла тағаланы танудан айырылып қалып отырмыз. Бірден «Өзіңді танудан» бастадық. Медицина, психология, қоғамтану – бәрі Адамтану. Сөйтіп Абайтануды екінші сатыдан бастап шатастық. Одан кейінгі «Дүниетану» – керемет! Зерттемеген нәрсе қалған жоқ, бәрін білеміз. Одан кейін – «Жақсы мен жаманды танымақ».
Абайды тану үшін, ол айтқан «толық адамға» жақындау үшін ең алдымен Алланы танып алуымыз керек. Алланы танымай – арлы, иманды болу қиын.
– Абай «Пайда ойлама, ар ойла!» дейді ғой сонда…
– Абай бұл жерде кедей бол деп тұрған жоқ, біз пайданы хакімнен артық білмейміз. Ар ойласаң Құдай саған көмектеседі, жолың ашылады. «Жақсы менен жаманды айыра алмас, Дін ісін, Құдай ісін айырмас» дейді. Мысалы, қыста қар басып, құлазып жатқан қу дала көктемде құлпырып, көгеріп шыға келеді, түрлі тіршілік иелері пайда болады – Құдай ісі дегеніміз осы. Ал шариғат, мешіт салу – ол дін ісі. Ол енді басқа. Бізге дін ісінен гөрі, Құдай ісі маңызды. Алдымен рухани құндылық керек, материалдық құндылық артынан өзі келеді. Абай «ар ойла» дегенде осыны айтады. Қазақ «Кебінде қалта болмайды» дейді. Яғни о дүниеге ешқандай байлықты алып кетпейсің. Мұны кішкентай баладан бастап миына сіңіре беру керек. Осының бәрі Абайдың ілімі арқылы келеді. Сондықтан мектепте тәрбиеші деген штат енгізілуі тиіс.
Осы жерде Абай мен Шәкәрімнің ұқсастығы білінеді. Шәкәрімнің Ар ілімі бар. «Жайнар көңіл, Қайнар өмір, Ар ілімі оқылса» деген ол. Ар ілімі – Абай айтқан тазалық, имандылық. Абай мен Шәкәрім бірін-бірі толықтырып тұрады. Ал білім алудың жайы басқа, Еуропадан ал, Қытайдан ал, бәрібір. Тәрбиенің танымы басқа.
Біз білім туралы айтамыз да тәрбиеге оған онша назар аудармаймыз. әл-Фараби айтқандай, тәрбиесіз берілген білімнің түкке керегі жоқ. Тәрбие мінезді қалыптастырады. Әлихан Бөкейханұлы «Адамның ұлтқа қызмет етуі – білімнен емес, мінезден» дейді. Соны ескеруіміз қажет.
– Бұрынғы ғұн, сақ замандарын айтпай-ақ қояйық, кейінгі қазақ «қазақ» аталғалы бізде Абайдан асқан, оған деңгейлес тұлға болды ма?
– Жоқ, болған жоқ. Абайға дейінгі ардақтыларымыздың бәрі ұлттық шеңберде қалып қойды. Мысалы, жыраулар поэзиясы – ұлттық шеңбердегі құндылық. Ол да жақсы, ру емес, бір ауылдың деңгейі емес, тұтас ұлттық ауқымда жырлады. Асан қайғы жерді ұлт үшін іздеді, Шалкиіз, Мұрат Мөңкеұлы, Бұқар жырау, Шортанбай т.б. ойшылдар ақылын қазаққа айтты. Ал Абай әлемдік деңгейге шықты. Қалайша? Ол Батыс мәдениетін орыс тілі арқылы меңгерді, олардың философтарымен таласып, өзінің пәлсапасын жазды. Екіншіден, Ислам мәдениетін зерттеді. Ол – суфизм. Абай сияқты Құранның мәнісін білген адам болмаған бұл өңірде.
Семейге бір дін білгірі келе жатыр дегенде мұқым татар, қазақ моллалары жиналып: «Сіз ғана Исламды жақсы білесіз, сіз ғана Құранды жақсы білесіз» деп Абайды шақыртып алған. Абайды жақсы қылып отыр­ғаны – «үш қайнар» (Мұхтар Әуезов): біріншісі – қазақ мәдениетін жетік білді, екіншісі – Батыс мәдениетін игерді – Аристотель, Платоннан бастап, кейінгі Чадаевқа дейін, үшіншісі – Ислам. Осы үшеуі Абайды әлемдік деңгейге көтерді. Ондай адамды хәкім дейді. Ал хәкім адамға кітап оқу шарт емес, ол білімді жүрекпен алады. Абай – жүрегі тазарған адам, уаһи, оларға білім жеті қат көктен, жаратылыстан құйылады. Алладан келгенінің бір белгісі, міне, екі ғасырға жақын уақыт өтті, оның жазған бір сөзі, бір жолы өзгерген жоқ. Жырауларымыздың сөздерінің кейбіреуі ескірді, өйткені өз заманына лайықтап айтылған. Ал хәкімнің сөздері уақыт өткен сайын жарқырап, құндылығы, өзектілігі артып келеді, қазір оның «толық адамын» әлем оқығалы жатыр.
– Абайға «Шығыстың жеті жұлдызының» әсері болды ма?
– Абай олардан тәлім алды. Ол кезде әлі бала еді, 13 жаста. Шығыс шайырларының шығармалары жүрегіне себезгідей құйылды, сонда тұнып жатты, сыртқа бірден шыққан жоқ. 30-дан асып, 40-қа жақындағанда ақын болып, елмен алыса бастағанда жаңадан нәр болып ашылды, 50 жасқа жеткенде суфизм болып көрініс тапты. Ол жүректе жатып-жатып, өмірдің ащы-тұщысын ой елегінен өткізіп, жақсы мен жаманды көріп, Құдайдың сынақтарына шыңдалып барып ашылды. Тегінде хәкім қылған сол. Егер Абай медреседе оқымаса хәкімдік деңгейге жетер ма еді, жетпес па еді?
Сол замандарда Қазанда Ислам орталығы жұмыс істеді. Бұқарада ондай орталық болмаған. Шығыс шайырларының еңбектерінің көпшілігі осында басылды. Мұнда татардың көрнекті ойшылы, ағартушы-тарихшы Маржани Шиһабаддин сияқты 3-4 ірі ғалым еңбек етті. Ғалымдар араб, парсы, басқа да шығыс тілдерін жетік меңгерген, елге таратқан, Абай солардың шығармаларынан сусындады. Жалпы ХІХ ғасырда татар халқы қазаққа көп еңбек сіңірді, мұны да ескеру керек.
Татар орыспен қатар келе жатқан халық қой: олар сауданы да жасады, тамақ пісіруді де үйретті, үй де салды, алғашқы қазақ көпестерінің бәрі татарлардың қасында жүріп үйренді. Семейді түлеткен – татарлар.
– Бүгінде қазақ арабтанып, батыстанып жатыр ғой, оларды ұлттық болмыс-бітімге қайтару үшін Абайдың ілімдерін мемлекеттік идеологияға айналдырып, пайдалануға бола ма?
– Идеология деген идеялардан тұрады. Онда бірнеше идеялардың басы біріктірілуі мүмкін. Абайдың идеясы – «толық адам». Ол – тәрбие. Бұл –бірінші идея. Екінші идеясы – «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп». Ұлтқа бөлме дегені. «Үш сүю» деген ілімі бар – Алланы сүй, Адамды сүй, сосын Ғадалат ұғымына іліктесетін сүйіспеншілік. Тағы бір идеясы – махаббатсыз дүние бос. Себебі адам да, кез келген жануар да махаббатсыз өмір сүрмейді. Махаббат болмаса, дүние қараң қалады. Мәселен, аспан әлемінде миллиондаған планеталар миллиондаған жылдар бойы шым-шытырық айналып жатса да бір-бірімен қақтығыспайды, өзегінен таймайды. Махаббатпен жасалмаса, олардың ойран-топыраны шығар еді. Адамды да махаббатпен жасаған.
Кез келген іс махаббатпен жасалуы керек. Мұғалім оқушыға сабақты махаббатпен түсіндіруі керек. Әкесі баласын махаббатпен тәрбиелеуі керек, т.с.с. Бұл – Құдайдың заңы. Құдайдың бар екенін балаға үш жастан бастап үйреткен абзал. Сонда бала кішкентайынан обал-сауап­ты біліп өседі. Қазақы тәрбиенің қазығы – осы. Абайдың философиясы да – осы. Сол себепті Абайды оқыту арқылы қазақты өзінің болмысына қайтаруға болады, ол – мемлекеттің басты міндеттерінің бірі.
Құдайға шүкір, біз – егемен мемлекетпіз. Қанша жерден Қытай мен Ресей екі жағымыздан төніп тұр десек те, татар, башқұрт, саха сияқты ешкімге кіріптар емеспіз, ұлтқа пайда беретін өзіміздің дербес саясатымызды жүргізуге құқылымыз әрі міндеттіміз. Тарих беріп тұр бұл мүмкіндікті. Тәуелсіздік бар. Ал енді оны ұлттығымызды, мемлекеттігімізді нығайту үшін дұрыс пайдалана алмасақ, өзіміз кінәліміз.
– Мәнді де мазмұнды сұхбат бергеніңізге рақмет.

Сұхбаттасқан
Дәулет АСАУОВ
Семей қаласы

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

2 × 4 =