АБАЙ: ЕҢБЕК һәм КӘСІПКЕРЛІК

0 2  963

Абай он жасынан бір мүшеліне дейін бар болғаны үш-ақ жыл оқыған. Семейдің екі діни медресесінде, сосын Приходская школада үш ай дәріс алып, орысша тіл сындырған. Бүгінгі түсінікпен бастауыш мектеп деңгейіне де жетпеген. Бірақ мәселе ұлы ұстаз Ыбырай Алтынсарин жастарға өсиет еткендей, «оқығанды көңілге ықыласпен тоқи білуде» ғой. Ілім іздеген жасқа білім көзінің қайда жатқанын, оны қалай алуға болатынын үйренсе, ар жағын қаузап өзі-ақ алып кетеді емес пе. Абай да ілім-білім жинаудың өз бетінше ізденіп, үйрену әдісін жетік игерген. Семей кітапханаларының тұрақты оқырманы болумен бірге, Ресейден газет-журналдар жаздырып алып тұрғаны оның осындай ізденімпаздық ізгі қасиетін айғақтайды. Бұларды неге айтып отырмын? Себебі, дүниедегі жақсы-жаман, озық пен тозық, шынайы мен жалған өзара салыстыру арқылы ғана танылады. Ал, салыстыра білуің үшін өзіңде барды ғана емес, өзгеде барды да жақсы білуге тиіссің. Абай осындай «дүниені оймен шолған» аса білімдар, саналы адам болды. Оның бойындағы ерекше қасиетті, «әке балаға сыншы», әрине, сұңғыла Құнанбай алдымен таныды. Ал, ел басқару – қоғамды дамытуға өрісті жол көрсетіп, алға сүйреу – адамзат баласы жаратылғаннан бермен қарай мәлім болған машақаты көп ең күрделі өнер. Сондықтан, бұл жерде Құнанбай таптық мүддені ойлап, Абай да өзі сияқты халықты ауыздықтап ұстайтын қатал билеуші болса екен деп армандады деген саясат сөзін алып тастағанымыз жөн. Әр қоғамның өз уақытына сәйкес деңгейі болады. Сол үшін Құнанбайларды сөгудің, Абайды әкеге қарсы қоюдың біздіңше еш қисыны жоқ.

Абай жастай ел басқаруға араласқанда, жиған-терген білімімді ел кәдесіне жаратамын, өнер үйретемін, жаңа кәсіптерге баулимын десе, таңғаларлық жай емес. Онысы «жартасқа салған айқайдан шыққан жаңғырық» сияқты болса, ол да таңғаларлық жағдаят емес. Бұл – өз ортасы, уақытынан оза туатын ұлы тұлғалардың көбінің басында болатын өкініш. Әйгілі «Ғылым таппай мақтанба» атты өлеңіндегі «Талап, еңбек, терең ой, қанағат, рахым ойлап қой, бес асыл іс білсеңіз» дейтіні Абайдың жас ұрпаққа айтар ойларының жиынтық қорытпа-құймағы іспетті. Мұны және өмірдің

ыстық-суығынан өтіп, жасы қырыққа жеткенде тапқан ойы десек те біржақты болатын секілдіміз. Абайды хакім деңгейіне көтерген бұл ойлары көкейіне жастай ұялағаны, медре­седе оқыған жылдары беки түскені алғашқы өлеңдерінен-ақ аңғарылады. Оның әредік шәкірттік, ағайын-туыс, замандастарына арнаған өлең шумақтарына үңілсек те, мынадай қызық жәйіттерді байқаймыз. Бұлар, әдетте, ақын жинақтарында 1855-1881 жылдары жазылған өлеңдері деп көрсетіледі. Мысалы, шағатай тілінде жазылған «Әліф-би» өлеңінің өзінде «Тай-талаптан, әйтеуір құр қалмайын» дейді. Бұл сөзді Абай он-онбірлердегі шәкірт жастағы кезінде айтқан. Үлкен өрісті еңбектің басы бір нәрсеге талап қылудан басталатынын біліп тұр емес пе. Жастық шақты бос дырдумен өткізуге болмайтынын ескертіп, өз аптығын өзі басатын «Сап, сап көңілім, сап көңілім!» атты өлеңінде «Бейнет көрмей, дәулет жоқ» деп алдына мақсат қояды. Ал, «Қандай қызда ләззат бар жан таппаған?» дейтін өлеңінде онан да әрі кетеді:

Кей жігіт арсыздықпен, ұятсынбай,

Қолы жетпес нәрсеге тыртақтаған.

Орынды іске жүріп, ой таппаған,

Не болмаса жұмыс қып, мал бақпаған.

Қасиеті болмайды ондай жігіт

 Әншейін құр бекерге бұлғақтаған.

Өз ортасынан, әсіресе, жастар бой­ынан осындай келеңсіздіктерді көп көрген ол жасы қырықтарға жеткенде терең-терең ойларға шомып, іштей қатты күйзеледі. 1886 жылы жазған «Қартайдық, қайғы ойладық, ұйқы сергек» деген өлеңінде «Жамандар қыла алмай жүр адал еңбек, ұрлық, қулық қылдым деп қағар көлбек» дей келіп:

Адамзат, тірілікті дәулет білмек,

Ақыл таппақ, мал таппақ, адал жүрмек.

Екеуінің бірі жоқ, ауыл кезіп,

Не қорлық құр қылжаңмен күн өткізбек? – деп, есті құлақ болса тыңдайтындай, арлы сана болса ұялатындай етіп сөйлейді. Бірақ айнала-төңірегі ырың-жырың, бе­реке жоқ. Ақын «Көңілім қалды достан да, дұшпаннан да» деп қатты қамығады. Себебі, «Ендігі жұрттың сөзі ұрлық-қарлық… Байлар мал қызығын көре алмаса, саудагер тыныш сауда жасай алмайды». Мұндайда, әрине, «Адасқанның алды – жөн, арты – соқпақ». Осы аттас өлеңінде «Олардың жоқ ойында малын бақпақ, адал еңбек, мал таппақ, жұртқа жақпақ» деп, әлгі өзі сынаған ырың-жырың берекесіздіктің сырын да ашады.

Ақын бұл өлеңдерінде бәтуасыз-мәнсіз тіршіліктің өзегінде еңбек қадірін түсінбеушілік, кәсіпсіздік жатқанын сынап, сөзін жалпыға бірдей арнаса, одан қайыр таппағанын аңдаған соң, енді назарын тікелей жастарға қарай бұрады. «Бір дәурен кемді күнге – бозбалалық» дейді. Бозбалалықтың уақытша өткінші екенін ескертеді. «Әуелі өнер ізделік, ең болмаса еңбекпен мал табалық» деп, ақылға шақырады. Осы орайда, ақынның сонау шәкірт кезінде-ақ жамағайыны Жақсылық дегенге арнаған бір шумақ әзіл өлеңі еске түседі. «Аяғыңды аңдып бас, ей, Жақсылық! Борышқорлық адамға қиын нәрсе, әрқайда өсткізеді мал тапшылық» дейтіні ше? Жалқаулық, еріншектік адамды сұраншақ етеді. Алғаныңды уақытында қайтармасаң, басың дауға қалады. Ел-жұртқа жексұрын атанасың, азамат басың қор болады. Иә, Абайдың өз ортасынан көргені бір ғана Жақсылық атты жалқау емес, ондайлардың жүзін, мыңын көріп, еңбексіз күн көрмек бәтуасыздықтарына қынжылып өсті ғой. Ал, бұған не себеп деп ойлағанда, оқу-білім, өнерден құр қалғандық екеніне көзі жетті. Сөйтіп жастарға арналған атақты «Ғылым таппай мақтанба» атты өлеңі дүниеге келді. Дүниені де, малды да, не іздесең соның бәрін ғылым арқылы табасың деді. Ал, білімсіздер қалай өмір сүреді? Оны «Интернатта оқып жүр» атты өлеңінде түсіндіреді:

Өнерсіздің қылығы –

Тура сөзін айта алмай,

Қит етуге бата алмай,

Қорлықпенен шіруге;

Аз ақшаға жалданып,

Өнбес іске алданып,

Жол таба алмай жүруге… – деп қоғамдағы өнерсіздің орнын көрсетіп, болымсыз кейпін сүмірейте суреттейді.

Біз, әдетте, жастарға Абай өлеңдерін махаббат туралы, достық туралы, табиғат туралы сынды тақырыптарға топтап, бөліп оқытамыз. Әдебиетті танытудағы ежелден қалыптасқан әдіс қой. Бізді қайран қалдыратыны – соның бәрінде де Абайдың адал еңбек, өнімді кәсіп мәселесін өлеңінің арасына кестелеп қосып отыратыны. «Көжекбайға» өлеңінде «Саудагер қашты бұл елден, несиесін жия алмай» деп береке-бірлік жоқ жерде адал кәсіптің еркін дамып, өркендей алмайтынын айғақтайды. Байқасақ, кешегі Кеңес заманы кезінде қоғамдағы ең жаман, алаяқ, жексұрын адам – саудагер деп күстаналасақ, Абай керісінше, оған адамзат тұрмысын берекелендіруші, өркениет жасаушы озық тұлға деп қараған. Саудагердің мешеу қалған қазақ арасынан лайықты қолдау таппағанына қынжылады.

Болыс – билік иесі, елді кәсіпке бейімдеуге, тұрмысын түзетуге жауапты адам. Халықты осындай ауқымды, ірі істерге бастаудың орнына ол байғұс бар малын шығындап, болыс болып, «кәкір-шүкір, көр-жерді пайда көріп ептеп» жүр. Абай  мұндай басшылардың ешқашан елді көгертпейтінін сынай отырып, қынжылады. Бірақ әлі де жастардан күдерін үзбейді:

Жастықтың оты, қайдасың,

Жүректі түртіп қозғамай?

Ғылымның біліп пайдасын,

Дүниенің көркін болжамай?..

Қоғамдағы үлкен-кіші, бай-кедейлердің арақатынасы өз уақытының жеткен деңгейіне сәйкес келеді ғой. Яғни, жастар да үлкендердің айтқанынан, өз ортасының қалыбынан шығып кете бермейді. Жалғыз өзі жастардың санасын өзі ойлаған бағытқа шындап бұра алмасына көзі жеткен Абай бір уақыт ашынып та кетеді. «Заманақыр жастары… Өнімсіз іске шеп-шебер… Сиырша тойса мал болып, өреге келіп сүйкенер…» деп күйінеді. 1893 жылы жазылған «Бойы бұлғаң» атты өлеңінде «Бас құрасып, мал сұрасып, бермегенмен кетісер» деп біреудің арқасында еңбексіз күн көргісі келетіндерді аяусыз мінейді. Бұл кезде дін ұстайтындардың өздеріне де «Еңбегі жоқ, еппенен мал табам деп, сендіре алмай, сене алмай, сенделеді…» деп налиды.

Уақыт, өмір өтіп жатыр. Өзгерер қалпы байқалмайды. Айтқан ақыл желге ұшып, көрсеткен өнеге елеусіз қалып жатқандай. Енді Абай да тілінен зілді у тамыза сөйлейді. 1895 жылы жазған «Талай сөз бұдан бұрын көп айтқанмын» дейтін өлеңінде «Не ғылым жоқ, немесе еңбек те жоқ, ең болмаса кеттің ғой мал баға алмай» десе, «Аш қарын жұбана ма майлы ас жемей?» деген өлеңінде

Еңбек жоқ, қаракет жоқ, қазақ кедей,

Тамақ аңдып қайтеді тентіремей? – деп елдің жалпы жағдайын сипаттап, мұның арты неге әкеп соғатынын да ескертеді. Яғни, «Бір жілік пен бір аяқ қымыз берген, дереу сені жұмсайды

бір жұмысқа…» Бүйткен бейшара қалыптан құтылуға бола ма? Болады екен. Ол үшін:

Жалға жүр, жат жерге кет,

Мал тауып кел.

Малың болса, сыйламай тұра алмас ел…

Есек көтін жусаң да, мал тауып кел,

Қолға жұқпас, еш адам кеміте ал­мас…

Атаның ғана емес, адамзаттың ба­ласы болған Абай өз басының қайғы-қасыретімен езіліп жүрсе де, онысын сыртқа сездірмей, айнала жұртын тіршілік қарекетін жасап, адал еңбек етуге шақырудан танбайды. 1896 жылы «Малға достың мұңы жоқ мал­дан басқа» дейтін өлеңінде «Еңбекті сат, ар сатып неге керек? Үш-ақ нәрсе – адамның қасиеті: ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек» деп, тереңнен толғаса, тағы бірде:

Сенбе жұртқа, тұрса да қанша мақтап,

Әуре етеді ішіне қулық сақтап.

Өзіңе сен, өз күшің алып шығар,

Еңбегің мен ақылың екі жақтап, – деп, соқырға таяқ ұстатқандай қып айтады. Егер, осы сөздердің астарына үңілер болсақ, адамның басты үш қасиеті: ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек нышандары кісіге туа бітсе де, еңбек, өнер, ғылым арқылы ғана да­мып, өркен жаяры сөзсіз. «Еңбегі мен ақылын» тең ұстай білетін адам ғана кездескен қиындықтарды жеңе алаты­ны ақиқат. Сапалы адам қалыптасып, оны жасампаздық күшке айналдыра­тын бірден-бір тура жол – осы.

Абай өмірінің соңына қарай поэзи­ямен қатар «Ғақлия» деп атап, қара сөзге ден қойғаны мәлім. Қара сөзге не себепті ден қойғанын зерттеушілер: Мүмкін ел-жұртым өлең тілін түсіне бермейтін шығар, сондықтан, ағартушылық ойларымды халқыма қарапайым қара сөзбен жеткізіп көрейін, деп шешкен дейді. Келісуге болатын қисын. Өйткені, өлеңдерінде айтылатын ойларының қара сөздерінде түгелдей қайталанып отыра­тыны анық. Айырмасы, өлеңдерінде тұспалдап, бейнелеп, аз сөзге көп астар беріп айтса, қара сөздерінде ойын бала да, дана да түсінетіндей етіп, анық, айқын баяндайды. Мы­салы, екінші сөзін алайық. Жасында қазақ туралы қалыптасқан ойының өсе келе қалай өзгерген себебін ба­яндайды. «Сарттың екпеген егіні жоқ, саудагерінің жүрмеген жері жоқ, қылмаған шеберлігі жоқ…» Ноғай… Шыдамды, еңбекқор, мал тапқыш. Тұрмыстары сәнді. Қазақты сасықсың деп төріне шығармайды. Олардың ерекше қасиеті – бірін-бірі күндеп, қызғанып, қудаламайды. Себебі, олар шаруа қуады, өнер іздейді, мал таба­ды. Ал, орыс үшін қазақ қолындағы құлы мен күңінен де жаман, жабайы мақұлық іспетті. Қазақ кімге күлсе, солардың бәрі қазақтан алда, озық тұр. Өйткені, олар еңбекті, өнерді, ғылымды тіршілік, өмір базарының қаруы еткен. Абай осында айтатын өтірік, өсекке әуестенудің жайын қырық екінші сөзінде толықтыра түседі. «Қазақтың жаманшылыққа үйір бола беретұғының бір себебі – жұмысының жоқтығы» дейді ол.

«Егер, егін салса, я саудаға салынса, қолы тиер ме еді…»

Жалпы, адам бойындағы жа­ман мінездердің алуан түрі еңбекті мансұқтаудан туады екен. Мұны Абай атақты «Сегіз аяқ» атты өлеңінде «Тамағы тоқтық, жұмысы жоқтық, аздырар адам баласын», деп түйіндеген ғой. Азғындықтың белгілерін төртінші және бесінші сөздерінде келтіреді. Яғни, азған адам қулық сауады, біреудің қолындағыға көзін сүзеді, тіленіп адам сауады. Ол малды қалайша табуды білмесе де, малдыларды өтірік мақтап, алдап алуға тырысады. Бермесе, жауласады. Егер малды болса, өз әкесін жаулап алудан да беті шімірікпейді.

Бойдағы осындай жексұрын қылықтардан қайтсең арыласың? Ол үшін Аллаға сыйын, екінші өз қайратыңа сүйен, еңбегіңді сау. «Еңбек қылсаң қара жер де береді, құр тастамайды» дейді Абай (төртінші сөз). Бірақ Абайша малды болу иін бүтін, қарын тойса болды емес, ол – өнер, ғылым іздеуге жол ашатын мүмкіндік көзі. «Малды сарп қылып, ғылым табу ке­рек. Өзіңе табылмаса, балаң тапсын… Ғылымсыз ахирет те жоқ, дүние де жоқ». Мұны оныншы сөзінде айтса, жиырма бесінші сөзінде: «…Балаң бала болсын десең, оқыт, мал аяма! Әйтпесе, бір ит қазақ болып қалған соң, саған рақат көрсетер ме, өзі рақат көрер ме, яки, жұртқа рақат көрсетер ме?» деп нықтайды.

Мал тапқысы келмейтін адам жоқ, соны қалай табудың көзін білетін адам аз. Ол үшін оқып іздену, білім жинау керек. Өйткені, «Өзің тірі болсаң да, көкірегің өлі болса, ақыл табуға сөз ұға алмайсың. Адал еңбекпен ерінбей жүріп мал табуға жігер қыла алмайсың» (алтыншы сөз).

Мал табудың бір жолы ретінде Абай ұсақ кәсіпшілікті көрсетеді. «Қолөнер үйрен дейді. – Және ісіме береке кірсін десең: 1) бұл ісімді ол ісімнен асырамын деп артық тыраш­танба; 2) малға бөге қалған кісімсіп кекіреңдеме; 3) қу тілге, мақтанға алданып дарақыланба; 4) тамыршыл болып босқа шашыла берме».

Абайдың көптеген мақалға айналған қанатты ойлары отыз жетінші сөзінде топтастырылған ғой. Мұнда да ол адал еңбек ету, өнімді кәсіп табу мәселесіне баса көңіл бөледі:

– Егер ісім өнсін десең, ретін тап;

– Сақалын сатқан кәріден еңбегін сатқан бала артық;

– Еріншектік – күллі дүниедегі өнердің дұшпаны. Талапсыздық, жігерсіздік, ұятсыздық, кедейлік – бәрі осыдан шығады.

Абайдың «Ғылым таппай мақтанба» атты өлеңі жастарға арнаған өсиеттерінің темірқазығы, алтын діңгегі деп айтқанбыз. Осындағы «талап, еңбек, терең ой» жайындағы ақын толғаныстарын әліміз жеткенше біршама талдаған сияқтымыз. Ал, қалған қанағат, рахым ұғымдарына ақын қандай астар берді екен? Оны да 37-ші сөзінен табамыз. «Өзің үшін еңбек қылсаң, өзі үшін оттаған хайуанның бірі боласың; адамшылықтың қарызы үшін еңбек қылсаң, Алланың сүйген құлының бірі боласың». Яғни, байлықтың қасиеті сонда, оның рақат-қызығын сол игілікті жасаған адам ғана емес, айнала төңірегі, қоғам да бірге көруге тиіс. Бұл – демеуші дегеннен жоғары ұғым. Меценаттық. Дамыған елдердің мәдениетін, жалпы рухани әлемін көркейтіп жатқан қаржы көзінің бірі осы меценаттық. Томскіде оқуда болғанында аптасына бір-ақ рет ет дәмін татып, кеудесіне суық тигізіп күркілдеп жүрсе де «Қараңғы қазақ көгіне өрмелеп шығып күн болам, қараңғылықтың кегіне күн болмағанда кім болам!» деп жас қиялын биіктерге самғатқан ақын Сұлтанмахмұт Торайғыров ел жаста­рын өнер-білімге тартатын «Шоң» бірлестігін құрсам» деген ниетпен, бай ағайыны Шоңның аулына келмей ме. Шоң би көмек көрсетудің ор­нына бодандық қызметі үшін Ресей патшасынан сыйға алған әлдебір заттарын, шен-шекпенін көрсетіп мақтанумен болады. Мыңдаған қазақ жастарының үміті мен арманын арқалаған ақынды бір шәй бергеніне мәз болып, құр қол шығарып салады. Шоң сияқтылардың байлығы отаршы патшаға жағынудан, халқын онымен бірлесіп қанаудан құралғанын жақсы білетін Сұлтанмахмұт заман сырын айғақтайтын «Бір үйде жиюлы екен қазына мал» дейтін атақты өлеңін жазады. Ақынның қолынан басқа не келсін…

Әлемді оймен шолған Абайдай хакімнің өз назарын ең алдымен әр елдің тұрмыс-тіршілігіне салары һақ. Шынында, қазақты қазақпен емес, басқа ел-жұрттарымен салыстыруы тегін бе? Абай өмір сүрген уақыт – Батыста капитализмнің дами бастаған кезі. Құрлықтар темір жолдармен, телеграф сымдарымен кестеленіп жатты. Мұхиттарды еркін шарлаған алып кемелер жасалды. Аспан асты домна, мартен пештерінің қарақожалақ түтіндерімен тұмшаланды. Дюпон, Морган, Форд, Рокфеллер, Нобель, Крупп сияқты алғашқы алпауыттардың атағы жер жарды. Өндірісті, еңбекті қалай ұйымдастыру керек, пайданы қалай жасайды, байлықты қалай құрайды, ағылшын, неміс, француз ғалымдарының ғылыми еңбектері жер-дүниені шарлады. Абай поэзияға, философияға, тарихқа, дінге қатыстыларды ғана іздестіріп оқып, орыс достарынан тек осылар жайындағы әңгімелерді ғана тыңдады десек, қатты қателесеміз. Өйткені, өзіміз байқағандай, Абайдың өлеңдері мен ғақлияларындағы бизнеске қатысты айтылған ойларын зерттеуіміздің барысында оның экономикаға, жалпы еңбекті ұйымдастыруға байланысты еңбектермен де кең таныс болғандығы айқын көрініп тұрды. Тек соны өз ортасына, заманына лайықты тілмен, қарапайым қазаққа түсінікті ұғымдармен жеткізді. Иә, Абай көптеген елдердің шаруашылықты ұйымдастыруда қазақтарға қарағанда шырқап алға түсіп кеткенін аңдады. Бұлай қала берсе, ешқашан еркіндік, теңдік тимей, қараңғы мешеуліктен шыға алмай қор боларын түсінді. Жастық шақ, махаббат, жалпы бүкіл шығармашылығында «талап, еңбек, терең ой» деп қақсай беруі сондықтан. Өйткені, адамзат қоғамындағы ең бірінші басты өнер – өмірді жаңғыртып, жақсартатын, тұрмысты түрлендіріп мәнді де сәнді қылатын, адамның тәндік те, рухани да – барлық сұраныстарын толық қамтамасыз ете алатын құдіретті күш – кәсіпкерлік екенін Абай жақсы білген.

Өтен АХМЕТ, өнертанушы

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

3 × 2 =