Абай әнін кәдесыйға қондырды

0 19

Назарбаев университетінің түлегі, астаналық Әділ ­Закенов «Көзімнің қарасы» атты әннің әуенін ойнайтын музыкалық қобдиша-кәдесыйды сатылымға шығарды.Авторға бұл идея шетелде жұмыс істеп жүрген кезінде келіпті.
– 2015 жылы Назарбаев университетін Computer Sciences мамандығы бо­йынша тәмамдап шыққан соң, Австрияда біршама уақыт жұмыс істедім. Бір күні Зальцбург қаласына барудың сәті түсті. Зальцбург – әйгілі композитор Вольфганг Амадей Моцарттың туып-өскен жері. Шаһардың ең танымал кәдесыйлары – Моцарттың композицияларын ойнайтын кішкентай музыкалық қобдишалар еді. Өзім музыкаға жаным жақын болған соң ба екен, оларға қатты қызықтым. Сол сәтте маған «Неге бізге де осындай кәдесыйларды қазақы әуенмен шығармасқа?!» деген ой келді. Елге қайтқан соң, мақсатымды жүзеге асыруға кірістім» дейді Әділ.
Оның айтуынша, алғашында музыкалық қобдишаға халық әні «Илигайдың» әуенін қондырмақшы болыпты.
– Таныстарыма тыңдатып көріп едім, көбісі қандай ән екенінен бейхабар болып шықты. Оның үстіне, қобдиша тек 18 нотадан ғана тұратын әуенді ойнай алады екен. Ақыры достарыммен ақылдаса келе Абайдың «Көзімнің қарасы» әнін таңдап алдық. Бұл ән кез келген қазаққа жақсы таныс. Алдыңғы буын да, кейінгі толқын да оны жатқа біледі. Сондай-ақ биыл ұлы хакімнің 175 жылдығы тойланғалы жатыр. Мерейтой қарсаңында шетелдік қонақтарға ерекше кәдесый ретінде тарту етуге болады, – дейді автор.
Музыкалық қобдишаның сыртында алқа мен сырға таққан қазақ қызы бейнеленген. Иллюстрацияны Әділдің әріптесі Әйгерім Аманшиева жасаған.
– Кәдесыйды сатып алушылар көп. Әдетте жігіттер аналарына, сүйіктілеріне, әжелеріне сыйлыққа алып жатады. Тойбастар үшін жүздеген данасына бірден тапсырыс берушілер де бар. Одан бөлек, шетелде оқитын таныстарым Қазақстаннан естелік ретінде сол жақтағы достарына осы қобдишаны сыйлап жүр. Өзім де шетелде жүргенімде, «Қазақстан» шоколадынан басқа тағы қандай сыйлық сыйлауға болады деп бас қатыратынмын. Меніңше, бұл музыкалық қобдиша – ұлттық мәдениетпен де таныстыратын әрі креативті көрінетін тамаша сыйлық. Жуырда Назарбаев университетімен келісімшарт жасастық. Биыл оқу орны он жылдығын атап өтеді. Соған орай, қобдишаның сыртына университеттің логотипін салдырып, меймандарға тарту етпекші. Жақын күндері Ұлттық музей директоры Арыстанбек Мұхамедиұлымен кездесемін. Онда да әріптестік жайын талқыламақшымын, – дейді Әділ.
Қазіргі таңда бұл музыкалық қобдишаны елордадағы «Сарыарқа» сауда және ойын-сауық орталығынан сатып алуға болады.
Айта кетейік, Әділ Закеновті қазнет оқырмандары «Le Shapalaque» әзіл-ысқақ комиксінің негізін салушы ретінде таниды. Алдағы уақытта ол Бердібек Соқпақбаевтың «Менің атым Қожа» повесі бойынша комикс әзірлеуді жоспарлап жүргендерін айтты.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды