АБАЙ ӘНДЕРІ ӘУЕЛЕГЕН КҮН

0 161

DSCN8276

Өткен сенбіде Астана қаласы Тілдерді дамыту басқармасының ұйымдастыруымен Абай ескерткішінің алдында қазақтың ұлы ақынының туған күніне арналған «Абайдың ән әлемі» атты мерекелік шара өтті. Тағылымы мол басқосу данышпанның ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімімен басталды.

«Абайдың сан қилы мұрасын насихаттау, алуан тақырыптағы әндері арқылы суреткердің эстетикалық әлемін таныту мақсатындағы жиынның ұрпақ үшін берер рухани азығы мол деп білемін. Біз адамдарды әлемге Абай шығармалары арқылы қарауға және мемлекеттік тілді дамытуға шақырамыз» дейді Тілдерді дамыту басқармасының қызметкері Құралай Ақсейітова.

Салтанатты кеште Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Кенжеғали Мыржықбай Абайдың «Қалың елім, қазағым, қайран жұртым», «Өлсе де табиғат, адам өлмес», «Қараңғы түнде тау қалғып» әндерін, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері – Жанат Шыбықбай «Көзімнің қарасын», Гүлзира Бөкейхан «Татьянаның әнін», танымал дәстүрлі әнші Ерлан Рысқали «Сегіз аяқ», «Бойы бұлғаң» сынды туындыларын орындады. Қ.Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық Қазақ музыкалық драма театрының әртістері ақынның өмірі мен шығармашылығынан дайындалған қойылым көрсетті.

«Кешке Абай ақынның, әсіресе, әндерімен жақынырақ танысу үшін келдім. Ол дүниеге және қазақ хал­қы­на керемет өлеңдер сыйлады, олар­ды біліп, әрдайым есте сақтап, ұрпақ­тан-ұрпаққа жеткізіп жүру керек» деді Астана тұрғыны Айман Жүнісова.

Асхат Райқұл

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

eleven − ten =