Абай айналасының тарихи тұғыры

0 88

Биыл Қазақстан Республикасының әл-Фараби атындағы ғылым мен техника саласындағы мемлекеттік сыйлыққа үміткер ретінде әріптесіміз, тарих ғылымдарының докторы, профессор, академик Ерлан Сыдықов «Абайдың тұлғалық айналасы және дәуір сабақтас­тығы» деген ортақ атпен ғылыми еңбектер топтамасын ұсынғаны жұртшылыққа мәлім.

Ерлан Бәтташұлы – тарихшы-ғалым және жоғары мектеп басшысы ретінде Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Назарбаев­тың стратегиялық мағынадағы «Мәдени мұра» мен «Халық тарих толқынында» бағдарламаларының ғылыми тұрғыда жүзеге асуына белсене қатысқан қайраткер азамат. Қоғамға соны серпін берген Елбасының мемлекеттік бағдарлама санатындағы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» мақалаларында идеялардың негізінде гуманитарлық бағыттағы ғылыми жобаларға республикалық деңгейде ғалым-басшы ретінде бастама жасағанын білеміз.
Е.Сыдықовтың Тарихшылардың ұлттық конгресінің жетекшісі ретінде елімізде тарихқа деген жаңа мазмұндағы көзқарасты қалыптастыруда және жаңашыл ізденістерге негіз салудағы еңбегі де зор. Ғалымның авторлық көзқарастары мен тұжырымдары отандық тарихқа деген жаңа санаттағы қызығушылықты, біліктілікті, белсенділікті жаңа деңгейге көтерді.
Тарихшы ретінде Ерлан Бәтташұлы – ұлт тарихында айырықша орын алған тұлғалар туралы өзектілігін еш уақытта жоғалтпайтын монографиялар, ғылыми-танымдық мақалалар және құжаттық жинақтар авторы екені әріптестерімізге мәлім. Ерекше айтарымыз, ол отандық ғылыми кеңістікте тарихи тұлғатанудың негіздемесін қалыптастыруға атсалысты. «Шәкәрімтану» ғылыми кешені арнасында атқарылған көпқырлы ғылыми-танымдық еңбектері және азаматтық қызметі – соның жарқын дәлелі.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» және «Абай – рухани реформатор» мақалаларында ұлы ақын мұрасының қоғамымыз үшін маңыздылығы, ұлттығымыз бен мемлекеттігіміздің өркендеуіне тигізер ықпалы ерекше айтылды. Әсіресе, руханиятымыз бен мәдениетіміздің жаңа мазмұнға ие болуында Абай болмысының қадір-қасиеті айырықша екені де екшеленді.
Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойы қарсаңында Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасымен Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті жанынан «Абай академиясы» ғылыми-зерттеу институты құрылды. Ерлан Сыдықов «Абай академиясы» ғылыми жобасын батыл қолға алып, «абайтану» ұғымына жаңа ғылыми мазмұн беруге кірісті. Академияның іргелі ғылыми бағыты – мемлекеттік рухани бағдарламалар аясында Абай мұрасын заманауи даму үдерістерімен сабақтастықта зерделеу, зерттеу, насихаттау, танымал ету ұйғарылған. Қоғамда игі қызығушылық тудырған бұл жобаның алғашқы басылымдары кітап түрінде жарыққа шығып, оқырман қолына да тиді.
Ұлттық санаттағы жобаның ғылыми жетекшісі болуғаЕрлан Бәтташұлының ұзақ жылдарғы ғалыми ізденістері мен еңбектерінің нәтижесі оң ықпал етті. Ғалымның Құнанбай мен Абай дәуірі және оған ұласқан Алаш пен Шәкәрім заманына қатысты іргелі зерттеулері ғылыми қауымнан оң бағасын алды. Осы еңбектердің бір шоғыры Абай Құнанбайұлы тұлғасымен және оның шәкірттері заманымен тығыз байланыста сабақтастырылуы – тарих ғылымы тұрғысынан алғанда да және ұлттық тұлғатану тұжырымдамасы контексінде де әбден орынды деп пікір түйеміз.
Ұлтымыздың біртуар данасы Абай Құнанбайұлының тұлғалық айналасы бүгінгі күні үлкен мәдени құбылыс ретінде қабылданады. Ақынның әкесі Құнанбай Өскенбайұлының қайраткерлік өр тұлғасы, немере бауыры Шәкәрім Құдайбердіұлының зерек шәкірттігі, ақындығы мен ойшылдығы, алты алашқа мәлім арыстардың ізі қалған Семей қаласы, Алашорда үкіметі мен оның саяси-әкімшілік орталығы – Алаш қаласы Абай айналасынан бөліп қарау мүмкін емес.
Міне, осы арнада ҚР ҰҒА академигі, тарих ғылымдарының докторы, профессор Ерлан Сыдықовтың ұзақ жылғы жүйелі және ғылыми ізденісті жұмыстарының нәтижесінде жарияланған 2008 жылғы «Шәкәрім» тұлғалық энциклопедия­сы мен «Шәкәрім және Алашорда» ғылыми-танымдық кітабы, 2010 жылғы «Алаш қаласының тарихы» атты монографиясы, Мәскеудегі әйгілі «Молодая гвардия» баспасының «Жизнь замечательных людей» (ЖЗЛ) сериясымен орыс тілінде шыққан 2012 жылғы «Шәкәрім» ғұмырнамалық кітабы және 2019 жылғы «Құнанбай» тарихи-мемуар­лық кітабы отандық тұлғатану ғылымына зор жаңалық болып енуі – заңды құбылыс.
Ғылыми орта мен оқырман қауымның ынтасын арттырған бұл кітаптар жаңа пайда болған деректер және жаңашыл методологиялық ұстанымдар тұрғысынан қайыра толықтырылып, екінші мәрте басылым көрді. Осы еңбектердің бәрін бір арнаға түсірген тақырып – ең алдымен, Абай айналасының өзара заманауи байланыстығын тұлғаландыру; екіншіден, тарихи кезеңдегі ұлт-азаттық идеясы жолындағы ұлт зиялыларының қайраткерлік келбетін айшықтау және олардың ұлт үшін сындарлы замандағы тағдырларын тарихи деректермен дәлелдер едік. Сонымен қатар гуманитарлық ғылымдар контексінде авторлық көзқарастар, пайымдаулар мен тұжырымдар, жаңа ғылыми ізденісті зерттеулерді жүйелендіру де бар. Ең салмақты дүние, ол қазіргі тәуелсіз Қазақстан елі азаматтарының тарихи санасын қалыптастыруда, отансүйгіштікке баулуға, тағылым-тәрбиелік мәні зор ғылыми-танымдық жұмыстар атқарудың бастамасына ұласқан үдерістер деуге толық негіз бар.
Е.Сыдықовтың 2020 жылғы ғылым саласындағы мемлекеттік сыйлыққа «Абайдың тұлғалық айналасы және дәуір сабақтастығы» атты тақырыппен ұсынған еңбектер топтамасы ішіндегі сүбелі еңбек – ақын, ойшыл һәм ұлтшыл тұлға Шәкәрім Құдайбердіұлына арналған тұлғалық энциклопедиясы. Ерлан Бәтташұлы осы қомақты еңбек идеясының авторы болумен бірге негізгі бағытының әрі редакторы, әрі ғылыми жүйелеушісі, үйлестірушісі болғанын айта кеткен орынды. Бұл энциклопедия мән-мағынасы мен мазмұны жағынан өзіндік ерекшеліктері мол еңбек болып саналады. Шәкәрімдей жеке тұлғаға арналған ізденісті жұмыстар нәтижесінде ғылыми мазмұны бай, құрылымдық үлгісі аса мағыналы, ақынның бар тарихи болмысын бүгінгі зайырлы және интеллектуалды қоғамға мейі­лінше ұлттық өрлеу мәнін беретін және оның жарқын болашағына кедергі келтіретін қайшылықты жағдайларды болдырмауға терең ой салатын энциклопедия дүниеге келді.
Академик Е.Сыдықов ғылыми редакциясын басқарып, жүйелеген «Шәкәрім» энциклопедиясы 2008 жылы жарық көріп, 2019 жылы толықтырылып басылған. Ұлы Абайдың тұлғалық айналасын тарих тұңғиығынан тартып көрсететін «Шәкәрім» энциклопедиясы – жеке ақынның ғана емес, бүкіл халқымыздың рухани өмірнің шежіресі іспетті ауқымы зор еңбек. Осындай ірі әрі кешенді еңбекті ғылыми тұрғыда жүйелеген, тұжырымдамасын түзіп, қалың оқырман қолына дейін апарған – академик, тарих ғылымдарының докторы, профессор Ерлан Сыдықов. «Шәкәрім» энциклопедиясы – ғалымның абайтану мен шәкәрімтануға қатар қосқан зор үлесі және іргелі зерттеулерінің бір биік белесі деп қабылдаймыз.«Шәкәрім» энциклопедиясы ақынның барлық мұрасын толық қамтығанымен, оны әлемдік руханият биігіне көтеруімен құнды және осы тектес басылымдар ұлт пен мемлекет тарихында айырықша орны бар тұлғаларды танып-білудің және олардың қадір-қасиетін қастерлеудің бірден-бір үлгісі десек, ақиқаттан алшақтамаймыз.Өйткені біздің бүгінгі даму жолымызда кемелдіктің темірқазығы Шәкәрім тұлғасы алдымыздан жарқырай көрінеді.
Абай дәуірі, оның тұлғалық болмысына, идеялық мұрагер-шәкірттерінің қайраткерлік өмірі мен тағдырына және Алаш қозғалысы мен Алашорда үкіметіне қатысты ғылыми-танымдық шығармашылық жұмыстар біршама қорланып, отандық және шетелдік ғалымдардың еңбектерінде орын алып жатыр, оның үстіне әр ғалым бұл тақырып­тарды жаңа қырынан қарайтыны мәлім. Ерлан Сыдықовтың «Абайдың тұлғалық айналасы және дәуір сабақтастығы» атты ортақ тақырыптағы еңбектері Абайдың тұлғалық төңірегін кешенді санатта жаңаша зерттеген еңбек ретінде әлемдік гуманитарлық ғылымдар саласының мамандарына және талғампаз оқыр­манға өтеқажетті деп ойлаймыз.Тарихшы кең көлемдегі тарихнамалық базаны игере отырып,әрбір кітаптың мақсат-міндетіне орай тақырыптық арнада жазылған ғалымдардың еңбектерін сараптамалық талдаудан өткізу арқылы орынды қолданған. Ғылыми ортада тарихи дәйектілік, қарымды пайым­дау­лар, батыл тұжырымдар және идеялар сабақтастық эволюциясын айқындай білу айырықша құнды. Шетелдік және отандық ғалымдардың Е.Сыдықовтың кітаптарына жүгінетіні де сондықтан. Ғалымның Абайдың айналасына қатысты жан-жақтылы кеңістіктерді қамтыған зерттеулерін отандық ғылымның үлкен нәтижесі деп қабылдаймыз.
Қорыта айтқанда, ҚР ҰҒА академи­гі, тарих ғылымдарының докторы, профессор Ерлан Сыдықов­тың «А­байдың тұлғалық айналасы және дәуір сабақтастығы» атты ортақ тақырыпта ұсынған «Шәкәрім» энциклопедиясы, «Шәкәрім және Алашорда», «Алаш қаласының тарихы», «Шәкәрім», «Құнанбай» кітаптарының топтамасы Қазақстан Республикасының әл-Фараби атындағы ғылым мен техника саласындағы Мемлекеттік сыйлығын алуға лайықты деп, пікірімізді түйіндейміз.

Қадыр АХМЕТОВ,
Еуразия гуманитарлық институтының
проректоры, тарих ғылымдарының

докторы, профессор

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

20 + 11 =