Азаматтардың баспанаға қолжетімділігі артады

0 33

Ағымдағы жылдың 11 мамыр күні ел Президенті ­Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды несиелік тұрғын үймен қамтамасыз ету бойынша «5-10-20» жаңа жобасын іске қосуды тапсырды. Осы мақсатқа бюджеттен 390 миллиард теңге бөлінеді.

Мемлекет басшысы «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ баспанамен қамтамасыз ету орталығы – «Отбасы банкі» АҚ қайта құруды тапсырды. Мұндағы басты мақсат – баспанасы жоқ әрбір қазақстандық осы орталыққа өтініш жазып, өзінің табысына қарай қолжетімді үй алуына мүмкіндік беру. Іріктеу азаматтардың әлеу­меттік жағдайы бойынша емес, нақты табысына байланысты жүргізіледі, – деді Бейбіт Атамқұлов.
Оның айтуынша, кірісі әр мүшесіне шаққанда бір күнкөріс минимумынан төмен (31,1 мың теңге) отбасыларға баспана сатып алу құқынсыз жалға беріледі. Кірісі әр мүшесіне шаққанда екі күнкөріс минимумынан төмен (62,4 мың теңге) отбасылар «Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша 2 пайыздық мөлшерлемемен баспана алу мүмкіндігіне ие.
Ал кірісі әр мүшесіне шаққанда 3,1 күнкөріс минимумынан төмен (96,7 мың теңгеден аспайтын) отбасылар «5-10-20» бағдарламасына қатыса алады. Сондай-ақ кірісі әр мүшесіне шаққанда 3,1 күнкөріс минимумынан асатын отбасылар екінші деңгейлі банктердің «7-20-25» бағдарламасына қатысу мүмкіндігіне ие.
Дағдарысқа қарсы Төтенше жағдайлар жөніндегі мемлекеттік комиссияның отырысында Мемлекет басшысы азаматтардың тұрғын үй жағдайын жақсарту бойынша жұмыстарды жалғастыра берудің маңыздылығына тоқталған еді. Бұл – Үкіметтің стратегиялық бағыттағы міндеттерінің бірі. Ол үшін институционалдық құрылымды жетілдіру қажеттігін айтты.
– Бұл саланы жүйелі түрде жаңғыртудың жалғасы – азаматтардың өз зейнетақы жинақтарын тұрғын үй жағдайын жақсартуға пайдалануға мүмкіндік беру, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президенттің штаттан тыс кеңесшісі Олжас Құдайбергенов азаматтардың зейнетақы жинақтары арқылы тұрғын үй мүмкіндігі туралы былай деді: «Бұған дейін мұндай мүмкіндік тек 102 мың адамға беріледі деп топшыланған. Бірақ қазір жағдай өзгерді. Мұндай мүмкіндік берілетін тұрғындар саны көбейе түседі. Бүгінде осы мәселе қарастырылып жатыр. Сондай-ақ бұл мүмкіндік азаматтардың бәріне берілуі үшін тұтастай зейнетақы жүйесі өзгертілетін болады». Оның айтуынша, Мемлекет басшысы бұл шешім халықтың 1 пайызының емес, 99 пайызының сұранысын қанағаттандыра алатындай болуына мүдделі екенін жеткізді.
«Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ арқылы жүзеге асырылатын қанатқақты жоба бо­йынша азаматтар баспананы «Нұрлы жер» бағдарламасы шеңберінде салынған жаңа үйлерден сатып ала алады. «5-10-20» жобасының шарты бойынша 5 пайыз – несие мөлшерлемесі, 10 пайыз – бірінші жарна және несиелеу мерзімі – 20 жыл.
Аталған жобаға жергілікті атқарушы органдарда баспанаға мұқтаж жандар ретінде тіркеуде тұрған азаматтар қатыса алады. Банк тарапынан берілетін несие сомасы өңірлерге байланысты белгіленеді. Ол Нұр-Сұлтан және Алматы қалалары үшін 18 миллион теңгеден аспауы тиіс. Ал Атырау, Ақтау, Ақтөбе, Түркістан және Қарағанды облыстары мен Шымкент қаласы үшін – 15 миллион теңге. Басқа өңірлер үшін 12 миллион теңге белгіленген.
Әкімдік салдырған несиелік үйлердің әр шаршы метрінің бағасы келесідей болып бекітілді: Алматыда – 240 мың теңгеге дейін; Нұр-Сұлтан қаласында және қала маңында – 220 мың теңгеге дейін; Шымкент пен Алматы қаласының маңы – 200 мың теңгеге дейін; Ақтөбе, Атырау, Ақтау, Түркістан және Қарағанды облыстары үшін – 180 мың теңгеге де­йін; Қалған өңірлер үшін – 160 мың теңгеге дейін.
2020 жылы елімізде рекордтық көлемде құрылыс салу жоспарланған: 15 млн шаршы метр немесе 150 мың пәтер. Еуразиялық интеграция институтының сарапшысы Самат Нұртаза «5-10-20» бағдарламасы азаматтар үшін баспананы қолжетімді етеді деп санайды.
– Аталған бағдарлама 1 шілдеден бастап іске қосылады. Бұл көптеген жас отбасылардың баспана проблемасын шешуге мүмкіндік береді. Өйткені кез келген ұйымдарда мамандардың жартысының жеке баспанасы жоқ. Бұған де­йін журналистикада, қазір институтта жұмыс істейтін адам ретінде әріптестерімнің көпшілігінің баспанасы жоқ екенін, тіпті әлі күнге сатып ала алмай жүргенін білемін. Сондықтан жаңа бағдарлама бұл проблеманы шешуге мүмкіндік береді, ол «7-20-25» бағдарламасына қарағанда тиімдірек. Президент әлеуметтік желілерде жұмыс істейді, сондықтан елдің баспанаға мұқтаждығын жақсы біледі. Бұл проблема астанада да, өңірлерде де ушығып тұр. Үкімет тұрғын үй проблемасын шешіп берсе, басқа проблемалар өздігінен шешіле беретініне сенімім мол. Баспанасы бар адам – мүлдем басқа адам, – дейді С.Нұртаза.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

four − two =