Күйші. Композитор. Дирижер

0 92

Ұлттық академиялық кітапханада күйші, композитор, дирижер Орақ Жауыровтың «Сал домбыра, шалқар күй» кітабының таныстырылымы өтті. Қазіргі таңда Атырау қаласындағы Д.Нұрпейісова атындағы академиялық қазақ халық аспаптар оркестрінің бас дирижері қызметін атқарып отырған кітап авторы жақында  мерейлі 75 жасқа толды. Аталмыш еңбекті ол жарты ғасырдан астам еңбегінің жемісі ретінде оқырмандарға ұсынды.

Сейілхан Құсайынов, Бақыт Қарабалина, Шамғон Қажығалиев сынды қазақ музыка тарихында алар өзіндік орны бар тұлғалардан дәріс алған Орақ Жауыров студенттік кезде Құрманғазы оркестріне домбырашы болып қабылданды. Сол жерде академик Ахмет Жұбановтан тәлім алып, тәрбиесін көрді. Әйгілі домбырашы Рүстембек Омаровпен сахнада қатар отырып, күй шертті.
Кейіннен бірқатар өнер ұжымдарының негізі қалануына сүбелі үлесін қосты. Атап айтқанда, Абыл Тарақұлы атындағы ұлт аспаптар оркестрінің құрылуына атсалысты. Көптеген шәкірт тәрбиеледі. Шәкірттерінің алды бүгіндері елге танымал тұлғаларға айналды. Соның бірі – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Нұр-Сұлтан қаласы мемлекеттік академиялық филармониясының қазақ оркестрінің көркемдік жетекшісі – бас дирижері Айтқали Жайымов.
– Орақ Жауыров мен музыка училищесінің соңғы курсында оқып жүргенде, оқу орнына жас маман болып келді. Осы кісіден дәріс алдым. Кейіннен оқытушылық қызметпен кетіп, домбырадан қол үзіп қалғандай болды. Бірақ іштегі бұлқыныс қоя ма, бірнеше күй жазған екен. Мына кітап соған көз жеткізіп отыр. Бұған «Атырау – атамекенім», «Бойтұмарым – Томарлым», Ғабит Мүсіреповтің «Қазақ солдаты» романының кейіпкері, Кеңес Одағының Батыры Қайырғали Смағұловқа арналған «Зытып келем, зытып келем», тағы басқа күйлері енді. Осы еңбегімен құттықтаймын, – деді таныстырылымға арнайы қатысқан А.Жайымов.
Таныстырылымда әсерлі әңгімелер ғана айтылып қоймай, Орақ Жауыровтың өзі, астаналық филармонияның қазақ оркестрінің дирижері, Мәдениет қайраткері Нұрлан Бекенов, осы өнер ұжымының бас домбырашысы, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Жексенбек Нұржанов күй тартты.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

7 + 2 =