Екі мыңға жуық адам жұмысқа тұрды

0 31

Елорданың Есіл ауданында биыл «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында екі мыңға жуық жұмыс орны құрылды. Яғни осыншама адам жұмыспен қамтылып, абаттандыру, жолдарды салу мен жөндеу, аудан инфрақұрылымына қатысты басқа да маңызды істерге тартылды.

Жалпы алғанда, осы жылы ауданда бес қоғамдық кеңістік абаттандырылып, 20 аула жөнделіп жатыр. Соның ішінде шет аймақтар да бұл жұмыстардан тыс қалған жоқ. Атап айтқанда, «Пригородный», «Үркер» тұрғын алаптарында екі-екіден қоғамдық кеңістіктер ашылды, ал оның біреуі Орталық саябақта пайда болды. Соның ішінде саябақта жалпы ұзындығы 3,5 шақырым жүгіру жолы, воркаут және стритбол алаңдары жөнделіп, жарақаттанудан қорғайтын арнайы жабынды төселді.
– «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы бойынша биыл ауданда басқа жылдармен салыстыр­ғанда көп аула жөнделеді. Қазір ауданда барлығы 408 аула бар. Оның 42-сі жөндеу­ді қажет етеді. Әрине, оның бәрін осы жылы бірден ретке келтіре алмаймыз. Бұл қаржыландыруға байланысты. Осы жылғы меже – 20 аула. Қазіргі уақытта атқарылған жұмыстардың сапасына тұрғындар риза. Біз өткен қыста уақытты босқа өткізбей, қай жердегі аулаларды жөндейтінімізді анықтадық. Бұл істе тұрғындардың өтініштері мен тілектерін ескердік. Жобалық-сметалық құжаттама соған сай әзірленді, – дейді Есіл ауданының әкімі Берік Жәкенов.
«Тельман» тұрғын алабының Жайсаң көшесінде осы айда спорт және балалар алаңының құрылысы басталды. «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қорының тапсырысымен атқарылып жатқан жұмыстар жоспарға сәйкес қазан айында аяқталуы тиіс.
Осы жылы ауданда 10 мың ағаш пен 5 мың көпжылғы көшет отырғызылды. Осы уақытта ЭКСПО аумағы мен Керей және Жәнібек хандар көшесінде ағаш отырғызудың күзгі науқаны басталды. Соңғы он күнде мұнда 500 ағаш отырғызылды. Жылдың аяғына дейін тағы 3 мыңға жуық ағаш отырғызу жоспарланып отыр.
Төле би және Е49 көшелерінде қыркүйек айының соңына дейін инженерлік желілердің құрылысы аяқталып, жол салынады. Осы жылы ауданда екі орта мектепті пайдалануға беру жоспарланып отыр. Оның біріншісі Сауран және №24 көшелерінің қиылысында орналасса, екіншісі Қорғалжын тасжолынан оңтүстікке қарай орын тебеді.
Жалпы алғанда, Есіл ауданы қарқынды дамып жатыр. Былтыр осы ауданда 242 мың адам тұрса, қазір тұрғындар саны 278 мың адамға жетті. Яғни бір жылдың ішінде 36 мың адамға артқан. Бір жылда аудан аумағында 120-дан астам көппәтерлі тұрғын үй кешені салынды.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

5 × 3 =