Тазалықты саябақтардан бастайық

0 23

Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің қолдауымен Қазақстанның экологиялық ұйымдары қауымдастығы «Stop Musor» әлеуметтік жобасы аясында полиэтилен пакеттерін жинауға бағытталған шара бастады. Шара 1 және 3 шілде күндері Орталық, Ботаникалық және «Жетісу» саябақтарында өткізіледі. Пакеттер таза күйінде ғана қабылданып, олардың санын 20-дан асырғандарға арнайы сыйлықтар беріледі.

Бұл шара Халықаралық полиэтилен пакеттерінен бас тарту күніне арналған. Осы күні әлемнің көптеген елдерінде целлофан пакеттерді пайдаланудан толығымен бас тарту ұсынылған болатын. Ұйым­дастырушылар елорда тұрғындарын экологиялық мәселелерді шешуде белсенді болуға және өз үлестерін қосуға шақырады.
Экологиялық шараның қорытындысы ретінде шілде айының екінші жартысында қазақстандық заманауи суретші Сәуле Сүлейменова жиналған пакеттерден көркем дүние жасап шығарады. Кес­кіндеме «Жетісу» саябағындағы «Шарын шатқалы» жартасының қасына қойылады.
Сондай-ақ астаналықтар шашылып жатқан қоқыс үшін онлайн эко-шағым бере алады. Ол үшін Қазақстанның экология­лық ұйымдары қауымдастығы «StopMusor» жобасының сайтына хабарласса жеткілікті. Барлық жиналған ақпарат ecokarta.kz қоғамдық экологиялық мониторинг порталында тіркеледі. Мамандар экологиялық проблемаларды сипатына қарай қала қызметтері мен уәкілетті ұйымдармен бірлесіп шешуді қарастырады.
Аталған сайттан, сонымен қатар, жоба туралы, экология саласындағы соңғы жаңалықтар, жоспарланған конкурстар мен іс-шаралар жөнінде толығырақ ақпарат ала алады. Мұнда ақпарат алу үшін пайдалы сілтемелер берілген. Мысалы, Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларындағы қалдықтарды жинау және қайта өңдеу пункттері, құрамында сынап бар шамдарды жинау және кәдеге жарату мекенжайлары және т. б. көрсетілген.

6000 САРЫ КОНТЕЙНЕР ҚОЙЫЛДЫ

Елордада пластик, қағаз және шыны қалдықтарын жинауға арналған торлы контейнерлер орнатылып, қазіргі таңда осындай он бокс қойылды.

Аула алаңдарына орнатылған жаңа контейнерлер қайта өңдеуге жарайтын пластик, шыны, қағаз сияқты қалдықтарды жинауға арналған.
«Контейнерлер толықтай жанбайтын металдан жасалған. Аз қоқысты тастауға болатын арнайы қақпағы бар. Тор арқылы оның ішіндегі қалдықтарды көресіз. Сыртында пластик, қағаз, шыны мен металл тастауға болатыны жазылған» дейді Нұр-Сұлтан қаласы Қоршаған ортаны қорғау және табиғатты пайдалану басқармасының бөлім басшысы Алмаз Рысалиев.
Қазір қалада 6 мыңнан астам сары контейнер қойылды. Еске сала кетейік, сары контейнер тек құрғақ қалдықтарды ғана салуға арналған. Ал тамақ және басқа органикалық қалдықтар жасыл түсті және цинктелген контейнерлерге салынуы қажет.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

5 × 4 =