Жаһан жаңалықтары

0 36

Қытай мен Үндістан әлі тресіп тұр

Үндістан билігі Қытайдың Галван аңғарына қатысты жасаған мәлімдемесіне жауап қатып, «даулы жердегі кез келген шабуылға қарымта жауап қайтарылады» деп кесіп айтты.

Жуырда Қытай Халық Республикасы бұл аумақты өз елінің территориясы деп жариялап, «шекараны бұзғандарға әскери соққы жасалады» деп сес көрсеткен болатын. Бұл аңғарда 1962 жылы соғыстан кейін бекітілген шекара бар. Бейжің бұл территория­ның бір бөлігін «біздікі» десе, Үндістан керісінше, «бізге тәуелді» деп, бөлісе алмай әлек. Шекарадағы әскерилердің жиі тартысып қалатыны да осыдан.

Нілдің суын бөлісе алмауда

Нілдің суы үшін Египет, Эфиопия және Судан елдерінің қатынасы нілдей бұзылуы мүмкін. Әлемдегі ең ұзын өзеннің суын үш мемлекет әлі бөлісе алмай келеді.

Бұған дейін бетпе-бет жүргізілген келіссөздер енді онлайн форматқа ауысып, бейнеконференция түрінде өтіп жатыр.
Су үшін ұзаққа созылған кикілжіңнің кесірінен Еуропаға мигранттар легі ағылды. Сарапшылар Мысыр мен Эфиопия арасында ашық әскери қақтығыстар басталуы мүмкін деген қауіп айтады. Аталған үш ел арасында Ніл үшін келіссөздер сонау 2012 жылы басталған. Әлі аяқталған жоқ.

Сирияда аштық қаупі бар

БҰҰ-ның Дүниежүзілік азық-түлік бағдарламасының өкілдері Сирияға аштық қаупі төніп тұрғанын ескертті. Қазіргі кезде елдің 9 миллион 300 мың тұрғынының аузы асқа жарымай отыр. 9 жылға созылған жанжалдың кесірінен Сирия экономикасы құлдыраған.

Ал коронавирус пандемиясына байланысты қабылданған шектеулердің салдарынан азық-түлік бағасы екі есе қымбаттап кетті. Азық-түлік бағдарламасының қызметкерлері Сирияның барлық 14 аймағында 4 миллион 800 мың адамға көмек беруде. Алайда БҰҰ агенттігіне тамыз айына дейін 200 миллион доллар көлемінде қаражат бөлінбесе, ол бұл жәрдемін едәуір қысқартуға мәжбүр болады. Бетті дайындаған

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

16 − 3 =