Бекарыстың бір биігі…

0 45

Елордадағы Қазақ ұлттық өнер университетінің Шопен залында талантты виолончелист Бекарыс Құсанбектің жеке концерті өтті.Бекарыс бала күнінен өнерге жақын болып өсті. Соны білген ата-анасы оны Алматыдағы Ахмет Жұбанов атындағы дарынды балаларға арналған республикалық мамандандырылған музыкалық мектеп-интернатына берді. Жас өрен осында виолончель аспабында оқып, соның қыр-сырын үйренді. Бұл – мектеп жалпақ елімізге танымал тарландарды ұшырған алтын ұя. Осы киелі орданың рухы дарынды жасқа да шабыт берді. Кейін ол оқуын бас шаһардағы ұлттық музыка академиясында жалғастырып, классикалық музыка әлеміне терең бойлады. Қазақ ұлттық өнер университетінде белгілі профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Сәуле Омаровадан дәріс алды. Қазір осы оқу ордасындағы ішекті аспаптар кафедрасының магистранты. Ол өзі қазақтың орындау­шылық өнерін өзге жұртқа танытып жүрген тамаша музыкант Ермек Құрманаевты, сонымен бірге әйгілі виолончелист, дирижер Мстислав Ростроповичті, музыканттардан аргентиналық Соль Габетта мен француз Эдгар Мороның шеберлігін үлгі тұтады.
Бүгінде Бекарыс – еліміздегі талантты виолончелистердің бірі. Ресейдің Новосібір, Магнитогорск қаласында өткен аймақтық байқау­лардың дипломанты. Айтпақшы, белгілі өнертанушы ғалымдар виолончельдің шығу тегін қазақтың қара қобызымен байланыстырады. Шынында да бұл аспаптың түрі қобызға келеді. Тіпті төрт ішекті ысқышты аспаптың бас қобыз деген екінші атауы да бар көрінеді.
Концерт барысында өнерпаз жер жүзіне мәлім атақты композиторлардың күрделі туындыларын орындады. Жалпы, классикалық музыканы ойнауға екінің бірі бара бермейді. Бұл шеберлікті ғана емес, төзімділікті де талап етеді. Кейде 20-30 минут ойналатын шығармалар кездеседі. Бекарыс концертте Бахтың 3-5 минуттан асатын алты сюитасын тамаша жеткізді. Бұл шығармада виолончель аспабының техникалық мүмкіндігі барынша ашылды. Фортепианода Ольга Манжула сүйемелдеді. Сондай-ақ 10 минуттан асатын Шуманның адажио және аллегросы, 18 минуттан тұратын Чайковскийдің рококо тақырыбындағы вариация­сын да шебер ойнады. Бір сөзбен айт­қанда, дарынды виолончелист классикалық музыкаға шөліркеп жүрген тыңдарманның құмарын қандырып, ризашылығына бөленді.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

one × 2 =