Қаламгермен әсерлі кездесу

0 62

Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті жанындағы «Кәусар» мәдени-танымдық бірлестігінің кезекті қонағы жазушы, публицист, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Алдан Смайыл болды. «Қараөткел құндылықтары» атауын алған кездесуде қала тарихы, кезінде қазақтар азшылыққа айналған шаһарда ұлт ұпайын түгендеу мақсатында атқарылған істер туралы әсерлі әңгімелер шертілді.Алдан Смайыл – елорданың байырғы тұрғыны. Осында қыз­метпен келіп, тұрақтап қалғанына жарты ғасырға жуықтады. «Коммунизм нұры», қазіргі «Арқа ажары» газетіндегі қызметінен кейін 1990 жылдан бастап, бес жыл бойы Ақмоладағы «Тіл және мәдениет» қоғамына жетекшілік етті. Сол кезде қаланы қазақыландыру бағытында қыруар істер атқарылды. Атап айтатын болсақ, қалада қазақ театрының ашылуының өзі бірталай әңгімеге жүк болады. Онымен тоқтамай, «Қараөткел» атты газетті құрып, ұлт мүддесіне қаншама мақаланы арнады.
Жазушылар одағының қалалық филиалын басқарғанда да бұл жұмыс тоқтаған жоқ. Парламент Мәжілісінің депутаты кезінде де биік мінберден шыққан ащы дауысын талай естідік. Қаламгермен кездесуде соның бәрі жаңғырғандай болды. Әдебиеттанушы ғалым Серік Негимов, «Астана ақшамы» газетінің алғашқы бас редакторы Кенже Жұмағұлов, Мәдениет қайраткері Әнуарбек Ералы қаламгерлік және қайраткерлік қырларын ашты.
Алдан Смайылдың көп айтылмайтын бір қыры – композиторлығы. Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Серік Оспанов бірнеше әнін салды. Әдебиетке құштарлығы қайдан десек, әкесі Зейнолла да өлең жазған екен. Профессор Айтуған Айт­жанов сондай жырдың бірін оқып, тосынсый жасады. Кездесуді университет ректоры Ерлан Сыдықов қорытындылап, «Күлтегін» медалін тағып, сый-сыяпат жасады.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

nine + eighteen =