8 мың үй газға қосылады

0 35

Елордада табиғи газдың тарифі бекітілді. Енді үйінің жылу жүйесін газға қосқан тұрғындар көгілдір отынның текше метрі үшін 45 теңге төлейді. Жылдың соңына дейін 8 мың үй газға қосылады.

Бұған дейін елордада баға 60 теңге болған еді. Қала әкімдігінің жүйелі жұмыс жүргізуінің нәтижесінде көгілдір отынның бағасы төмендеп, тұрғындар көңіліндегі «газ бағасы қымбат болып кетпей ме?» деген күдікті сейілтті. «Әкімдік орталық уәкілетті органдармен бірлесіп, үнемдеу мақсатында тарифті төмендету бойынша ауқымды жұмыстар жүргізді. Натижесінде бұрын газдың бір текше метрі 60 теңге болса, бұдан былай газдың әр текше метрінің бағасы 45 теңгеге дейін төмендетіледі. Газдандыру қоршаған ортаны жақсартумен қатар тұрғындардың денсаулығына тиімді әсер етеді, сонымен қатар жеке сектор тұрғындарының өмір сүру жағдайын айтарлықтай жеңілдетеді. Газ көмірге қарағанда салыстырмалы түрде қымбат, бірақ оның артықшылығы көп» деді елорда әкімі Алтай Көлгінов қоғамдық кеңестің мүшелерімен өткен кездесуде.

Бүгінде «Железнодорожный» тұрғын алабында газ тарату желілерін тарту жұмысы 100 пайыз аяқталды. Ал «Промышленный» және «Көктал-2» тұрғын алаптарындағы жұмыс 95 пайыз, «Көктал-1» тұрғын алабында 80 пайыз аяқталған. Аталған тұрғын үй аумағындағы үйлерді, соның ішінде Агрогородоктағы кейбір үйлерді ағымдағы жылыту маусымында газбен жылытуға болады. «Жылдың соңына дейін 8 мың үйдің газға қосылу мүмкіндігі болады. Әрбір үйдің алдына газды әкеп қоямыз. Тұрғын алаптары қыркү­йек айының соңынан бастап газға қосылады» деді қалалық Отын-энергетикалық ресурстар бөлімінің басшысы Мақсат Есмағұлов.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

3 × 1 =