«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

8 адам суға кетті

0 312

Елордада судағы қауіпсіздік ережелерін сақтамаған 8 адам суға кетті. Суға шомылу кезеңі басталысымен болған өлім фактілері Астана қаласы Төтенше жағдайлар департаментінде алаңдаушылық тудырды. Сол себепті департамент астаналық жағажайға барып, қауіпсіздік ережелерін халыққа түсіндірді.

Есіл өзенінің бойын кемемен жағалап, рейд өткізген департамент қызметкерлері жағажайда ішімдік ішіп, кейін суға түсуге ұмтылғандардың біразын полицияға тапсырды. Бұл туралы Астана қалалық ТЖД бөлім бастығы, подполковник Елдор Райымбеков былай деді:
– Өкінішке қарай, суға кетіп мерт болғандардың саны өсіп барады. Оның ішінде балалар да бар. Бүгінде Астана бойынша қайғылы 8 оқиға тіркелсе, соның бесеуінде 9-12 жас аралығындағы балалар суға кетті. Оған ең алдымен әке-шешелердің жауапсыздығы себеп болып отыр. Көпшілігі балаларын қараусыз қалдырып, қайғылы жағдайға душар болады. Статистикалық деректерге қарағанда, суға кететін адамдардың басым бөлігі – 25 пен 40 жас аралығындағы азаматтар. Біз үнемі халық арасында түсіндіру жұмыстарын жүргіземіз. Әлеуметтік желілер мен БАҚ арқылы ақпарат таратамыз. Рейд барысында ақпараттық хабарламалар үлестіреміз. Алдын алу шаралары өткен жағдайдың өзінде кейбірі елемей жатады.
Құтқарушылардың айтуынша, суға шомылу кезінде ішімдік ішу – мезгілсіз өлімнің бір себебі. Астана мейрамы кезінде Есіл жағасынан ішімдікке сылқия то­йып ұйықтап қалған азаматтар кездескен екен. Ал ішімдік ішіп алған тағы 4 азамат белгіленбеген жерде суға түскен. Оларға ескерту жасалып, кейбірі әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Десе де, өз құқығымызды білеміз деп тепсінген азаматтар кездесіп жатады.
Астана қалалық ТЖД бөлім бастығы, подполковник Елдор Райымбековтің айтуынша, суға кеткен адамды 5 минуттың ішінде құтқарып қалуға болады.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды