7500 бейнебақылау камерасы орнатылады

0 8

Нұр-Сұлтанда «Қауіпсіз қала» жобасы аясында 7500 жалпы бейнебақылау камерасы орнатылады.«Бейнебақылау камераларына иелік ету жедел басқару орталығына (ЖБО) және Нұр-Сұлтан қаласының полиция департаментіне берілді. Онда операторлар кезекшілік етеді. Олар оқиға болған бетте осы аудандағы полиция қызметкерлеріне дереу хабар береді» деді қалалық Цифрландыру басқармасының басшысы Ботагөз Қасабек.
Жоба қаладағы қауіп­сіздікті қадағалауға бағытталған. Бүгінде елордада 1100-ден аса бейнебақылау камерасы жұмыс істеп тұр.
– «Қауіпсіз қала» жобасы – біріктірілген бейнетіркеу жүйесі. Жоба қауіпсіздікті қамтамасыз етуден басқа, қаланың тыныс-тіршілігіне анализ жүргізуді автоматтандыруға, сондай-ақ соның негізінде шешімдер қабылдауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар оқыс оқиғалардың алдын алуға, қалалық қауіпсіздік деңгейін арттыруға, құқықтық тәртіпті тәулік бойы бақылауға бағытталған» деді басқарма басшысы.
Арнайы жоба іске қосылған сәттен бастап қалада оң нәтиже байқалады. Мәселен, 2021 жылдың бірінші тоқсанында қоғамдық орындарда орын алған қылмыс саны 53 пайызға, яғни 8502-ден 4000-ға төмендеген, ал көшедегі қылмыс 48,2 пайызға қысқарды. Сонымен қатар өткен жылы тіркелген қылмыстар саны 30 пайызға азайды.
«Жобаны іске асыру әрбір нысан үшін жеке міндеттерді шеше отырып, объектілерді, қаланың барлық ауданын және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықтарды басқаруға мүмкіндік беретін икемді жүйе болып саналады. Жоба бойынша жұмыс жалғасуда, толық іске асырылған жағдайда біз қаланы азаматтардың қауіпсіздігі үшін бірыңғай цифрлық кеңістікке біріктіреміз» деп қорытындылады Б.Қасабек.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

4 × four =