Астанадан ауылға дейін…

0 85

 

Астана
Елордада әлеуметтік жа­ғынан аз қамтылған 700 отбасы көмірмен қамтамасыз етілу көмегіне ие болды. Жылыту маусымының соңына дейін 1000 отбасы осындай көмекпен қамтылады деп жоспарланған.

Алматы
Алматыда Жандосов көшесі бойындағы Ақсай өзені арқылы өтетін көпір қайта жасалып, пайдалануға бе­рілді. 1963 жылы салынған көпір 2015 жылы апатты деп танылған болатын.

Ақмола облысы
Облыс орталығында өткен Мәуліт кешінде дін өкілдері облыс халқының жадында қалған жомарт жандарға сый-сияпат жасады. Соның ішінде бауырларын өртеніп жатқан үйден құтқарған 8 жасар Ұлдана Советтің отбасына Красный Яр кентінен екі бөлмелі жаңа пәтердің кілтін табыстады.

Атырау облысы
Атырауда көркем гимнас­тикадан «Каспий жұлдыздары» чемпионаты өтті. Оған Қазақстанның түкпір-түкпірінен 400-ден аса жас спортшы қыздар қатысты.

Жамбыл облысы
Тараз қаласында «7-20-25» ипотекалық бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында арнайы орталықтандырылған түсіндіру кеңсесі ашылды. Онда бағдарламаға қатысушы барлық екінші деңгейдегі банк өкілдері шоғырланған.

Қызылорда облысы
А.Тоқмағанбетов атындағы облыстық Мәдениет үйінде «Керуен жырдың жалғасы» атты жыраулық мектеп шә­кірттерінің концерті өтті.

Түркістан облысы
Түркістан қаласында алғаш рет «AGROFEST-2018» ауыл шаруашылығы фестивалі өтті. Есімхан алаңында өткен шарада қонақтар үшін 1 тонна палау мен 1 тонна бауырсақ дайындалып, көпшілікке тегін таратылды.

Солтүстік Қазақстан облысы
Петропавлда соңғы үлгідегі Оқушылар сарайы ашылды. Жоғары технологиялық базасы бар «Digital URPAQ» сарайы «Цифрлық Қазақстан» аясында іске асырылған жаңа буынның зияткерлік даму, робототехника, биотехнология және мехатрониканың орталығы саналады.

Шығыс Қазақстан облысы
Семейдегі Қазақ инновациялық гуманитарлық заң университеті мен қалалық сот өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. «Құқықтану» факультетінде оқуға арналған сот залы ашылды.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

twenty − seventeen =