«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Астана – алып медициналық кластер

0 521

– Сіз басқарып отырған Ұлттық нейрохирургия орталығы Астананың 10 жылдық мерейтойы тұсында ашылған екен. Бұл жай ғана сәйкестік пе еді?

Серік АҚШОЛАҚОВ, Қазақстанның Еңбек Ері, Ұлттық нейрохирургия орталығының басқарма төрағасы:

– Ел ордасы Астанаға көшірілгеннен алдымен қаланың экономикалық мәселесін шешіп, министрліктерді, маңызды ведомстволық орындарды көшіріп, қаланы басқару орталығына айналдыру қажет болды. Содан кейін өз кезегімен денсаулық сақтау саласына көңіл бөліне бастады. Алдымен ірі медициналық кластер құру туралы шешім қабылданды. Соның бірі болып біздің Ұлттық нейрохирургия орталығы салынатын болды. Негізінде, бұл орталықты ашу ертерек жос­парланған. Алайда 2005-2006 жылдары нақты қолға алынып, 2007 жылдан бастап ғимарат құрылысы қарқынды жүрді. Сол құрылыс іргесі қаланған күннен бастап мен Астанаға жиі келіп, кейде екі-үш күн, кейде апталап жатып жұмыс істедім. Өйткені медициналық мекеме деген жай ғана құрылыс нысаны емес, онда ота жасау блогы, жан сақтау бөлімі, олардың жабдықтары қоса енгізілуі қажет, біз соның бәрін өз қолымызбен дайындап, дұрыс орнатылуын қадағалап отырдық.
Ол кезде мекемеміз орналас­қан мына территория Астана қаласының бір шеті сияқты еді. Қабанбай батыр даңғылының екі жағы иен дала болатын. Оң жағымызда да, қарсы бетімізде де бірде-бір ғимарат жоқ, тек сол жағымызда осы медициналық кластерге кіретін Ана мен бала орталығы болды. Айнала жазық дала болған соң, бұл жердің ызғары да, желі де, жазының ыстығы да басқаша еді. Ауа райының қолайсыздығы қатты сезілетін. Бірақ біздің көңіліміз жұмыста болғаннан кейін оған аса мән берген жоқпыз. Өйткені орталық ашылған күннен бастап жұмыс қызу жүріп кетті.
– Алғашқы отаны қай күні жасадыңыздар?
– Біз 2008 жылдың 1 шілдесі күні ашылдық, сол күні-ақ ота жасауды бастадық. Неге десеңіз, орталық ресми ашылғанша, біз әбден дайындалғанбыз. Осы орталықта қызмет ететін нейрохирургтардың барлығын министрлік үш айдан алты айға дейін АҚШ, Италия, Швейцария, Авс­трия, Германия, Израиль сынды мемлекеттердің үздік клиникаларында тағылымдамадан өткізіп, оқып, біліктілігін арттырып қайтқан. Мамандарымыз жұмыс істеуге сақадай сай еді және біздің орталықта емделемін деп күтіп жүрген азаматтар да аз емес болатын.
Алдыңғы үш жылда демалыс, сенбі-жексенбі деген ұғым мүлдем болған жоқ. Есіл-дертіміз жұмыста болды. Ал қазір жағ­дай басқаша, айналамызда небір ғимараттар бой көтеріп, біз қаланың орталығында қалдық. Жұмыс та бір ізге түсті.
– Қазір, демек, сіздерге де он жыл толып отыр ғой?
– Иә, Астананың 20 жылдығы кезінде бізге де он жыл толады. Орталық ашылған жылы бізде 500 адамға хирургиялық көмек көрсетіліпті. Бүгінгі таңда бір жылда 4000-ға жуық адам хирургиялық ем алса, 10 жылда 38 мыңға жуық науқас емделген. Олардың 5 мыңға жуығы – астаналықтар. Жалпы, бізде он жылда 21 мыңнан аса ота жасалған. Қызметімізді тұтынғандар арасында Ресейден, Тәжікстаннан, Қырғызстаннан, Қытайдан келген азаматтар да, алыс шет елдерден келгендер де бар.
– Кейде адамдар немесе олардың жақындары ауырады, бірақ ол аурудың емі барын білмей жатады. Осы туралы не айтасыз?
– Меніңше, бұл, ең алдымен, халықтың мәдениетіне, денсаулығын сақтау мәдениетіне тікелей байланысты. Өз денсау­лығына немқұрайлы қарамай, өмір салтын қайырлы нәрселерге икемдесе, білімін арттырса, ізденсе, адамдар медицина же­тістіктерінен бейхабар қалмас еді. Рас, кейде қарасаң, біз туралы шетелдіктер көбірек біледі, сөйте тұра, еліміздің шет-шалғайындағы азаматтар біздің орталық туралы, біз­­дің орталықтың мүмкіндігі ту­ралы онша білмей жатады. Ал астаналықтар білмейді деп айта алмаймын. Өйткені біз осы елордадағы барлық ірі шара­ларға қатысамыз. Соңғы он жылда бірнеше халықаралық ірі басқосулар өткіздік. Олар, біріншіден, орталықты; екіншіден, жаңа елордамызды танытты.
– Бұл орталық әлемдік нейрохирургия жетістіктерінен қалыс қалып отырған жоқ. Ал мамандар тапшылығы тосқауыл емес пе?
– Біз осы орталықты ашуға шешім қабылдағаннан бастап жұмыс істейтін мықты мамандарымызды дайындауды қолға алғанбыз. Олар әлі Алматыда шоғырланған еді. Ал орталық ашылған кезде бір мезгілде Алматыдан біз 35 дәрігер бірге көшіп келдік. 2008 жыл болатын. Бүгінде біздің мекемемізде 50 нейрохирург жұмыс істесе, соның 35-і 2008 жылы келген. Таяуда өзіміздің он жылдығымыз қарсаңында біраз дерек жинадық. Сонда байқағанымыз, бізде қызмет ететін дәрігерлердің 90 пайызы алғашқы күннен бері қызмет істеп келе жатқандар екен. Басқа қызметкерлер арасында да жұмыстан кету өте аз болған. Демек, біз он жылда сапа жағынан өзгерсек те, кадр жағынан өзгерген жоқпыз.
– Қанша жаңа жобаны іске қос­­ты­ңыз­­дар?

– Тәжірибемізге 70-ке таман жаңа технология енгіздік. Қазақстанда бұрын болмаған дү­­ниежүзілік хирургияның бө­лік­­терін кіргіздік. Ол – мидың қан тамырына жасалатын ота. Бұрын ауруын емдеу үшін аза­маттарымыз шет елдерге баратын болса, қазір олардың барлығын өзімізде емдей аламыз.

– Шет елдерге көбіне ақшасы барлар ғана баратын еді ғой.
– Иә, ақшасы барлар ғана баратын. Оның сыртында, біздің министрлігіміз жылына 6-7 адамға ғана шетелде емделуге квота беретін. Ал қазір біз жылда сол бөлімде 700-дей ота жасаймыз. Сонда бұрын 6-7 адам ғана квотамен емделе алса, қа­зір 700 адам өзімізде тегін ем­деле алады. Шетелге барып емделуге еш қажеттілік жоқ.
– Ал медициналық туризм деген бар. Медицина жетістігін бизнеске айналдырып, бір ауруды емдеу құпиясын ашпай, қорыну деген болмай ма?
– Бір жағынан қарағанда, рас, медицина саласында шекара болмауы керек. Адам ауруына ем іздеп шекара асып жатса, ол – қалыпты нәрсе. Өйткені бұл сала күн сайын дамып, жаңарып отыр. Күн сайын жаңа технологиялар жасалуда. Ал сұрағыңыз­ға келсек, рас, көп елдерде медицина саласының бір бөлігі – бизнес. Яғни бизнестің бір түрі – ауруларды өзіне қарай тарту. Ол бар. Бірақ шын ғалымдар ондайға бара алмайды. Әлемнің ғалымдары, дәрігерлері мүдделес. Олар өз тәжірибесін өзгелермен бөлісіп, өзгенікін де өзі үйренгісі келеді. Өйткені медицинаның дами түскенін, адамға қызмет еткенін, адам өмірін сақтағанды мұрат етеді. Медицина жетістігін көргісі келеді. Жыл сайын әр елде конференциялар, конгрестер, семинарлар, форумдар болып тұратыны сондықтан. Ал оларды сыртынан бизнес­ке айналдырып, өз саясатына қолданатындар – басқа адамдар. Жалпы, дәрігерлерде өзіндік амбиция, тәкаппарлық болмауы керек. Олар адам өмірін ұзартқан сайын қуанады.
– Орталық ашылғалы Қабанбай батыр даңғылы бойындағы мына аялдама Ұлттық нейрохирургия аялдамасы аталды. Ол да орталықты таныту үшін жасалған шығар. Өзін-өзі өтеді ме?
– Бұл аялдаманы «Ұлттық нейрохирургия аялдамасы» деп атауды біз өзіміз сұрадық. Өйткені орталықты таныту керек болды. Қарапайым халық арасында осындай орталық ашылғаны, онда қандай ауруларды емдейтіні жайлы ақпарат тарауына осы аялдаманың да үлесі бары рас.
– Сөз арасында жаңа денсаулық сақтау мәдениеті туралы айттыңыз. Осы орталық сол мәдениетті өсіруге қаншалық үлес қосты деп ойлайсыз?
– Денсаулықты сақтау – күн сайын талмай істейтін жұмыс. Ауырған адам мен дәрігерлер арасында біріккен күш болуы керек. Әр адам өз денсаулығын сақтауға күн сайын талпынуы қажет. Ал әр дәрігер жарна­машы болуы керек. Олар халық­қа аурудың алдын алу туралы түсіндіріп, соны емдеу жолын айтып отырса абзал. Біз де өз орталығымызда, мысалы, инсульт туралы қысқаша ролик жасадық. Сіз оны көргендердің бойында қорқыныш туатын шығар деп ойлауыңыз мүмкін. Бірақ көп ауру, әсіресе жиі кездесетін аурулар, олардың алдын алу жөнінде ел білгені жөн.
Байқасаңыз, біздің клиникаларымыздың көбі тек қана алдына науқас келгенде сонымен жұмыс істейді. Менің ойымша, алдын алу жұмысымен көбірек айналысу қажет. Телеарналар, ақпарат құралдары жарнамалық мақсатта емес, халықтың денсаулығын арттыру мақсатында тұрақты хабарлар жасап отыруы керек. Бұрын Ресей телеарналары Малахов, Малышева секілді мықты дәрігерлермен тұрақты бағдарлама жасап көрсететін. Менің ойымша, сондай жоба Қазақстанға да керек. Елді сауаттандыру керек. Ол көрер­меннің денсаулық сақтау мәдениетін, сана-сезімін өсіреді.
Сол секілді, халық көбіне спортпен айналысуы қажет. Жаяу жүруге, жүзуге, спорттық жаттығуларға көбірек көңіл бөліп, соны әдетке айналдырса жақсы. Қазір Астанада веложолдар салынып жатыр, жаяу серуендейтін орындар да көбеюде. Әр аулада спорт алаңы бар. Соларды тұрғындарымыз тиімді пайдаланса – ауырмайды. Біздің дәрігерлеріміз алдына келгендердің бәріне осылай түсіндіреді.

Әңгімелескен
Нәзира БАЙЫРБЕК

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды