Тіл игерудің «креативті» бастаулары

0 393

Кеше Қазақ гуманитарлық заң университетінде «Қазақ тілін креативті оқытудың үздік тәсілдері» атты мектеп мұғалімдері мен жоғары, орта арнаулы оқу орындары оқытушыларының арасындағы республикалық байқау өз мәресіне жетті.

Білім беру саласындағы за­ма­­науи технологияларды иге­ріп, шетел тәжірибесіне көбірек жүгінетін аталмыш оқу орны­ның Қазақ тілін креативті оқыту орталығы мен Қазақ және орыс тілдері департаменті ұйымдас­тырған байқау­ға елі­міздің түкпір-түкпірінен 300-ге жуық ұстаз қатысып, екінші кезеңге 30-ға тарта сайыскер жолдама алыпты. Екі күнге созылған қорытынды байқау барысында олар академиялық талаптарға сай эссе жазудан сынға түсіп, алдын ала дайындап әкелген бейнедәріс роликтерін әділқазылар мұқият сараптаудан өткізген.
Әсілі, «тіл игеру тың игеруден қиын». Мұндай ұрымтал сөз, ұтымды ойды жеңімпаздарды марапаттау рәсімінде халық ақыны, Ш.Шаяхметов атындағы Тілдерді дамыту­дың рес­публикалық үйлес­тіру әдістемелік орталығы директорының орынбасары Қонысбай Әбіл ағамыз айтты. Оның пікірінше, тіл – өте нәзік, ой-қыры көп күрделі дүние. Сондықтан тілдің қолданыс аясын кеңейтіп, оны жас ұрпақтың бойына сіңіруге еңбектеніп жатқан мұғалімдердің еңбегі елеулі. Осынау ойды Ыбырай Алтын­сарин атындағы Ұлттық білім академиясы Орта білім беру институтының директоры Қайыржан Рақымжанов сабақтады. Оның айтуынша, тіл оқытудың креативті тәсілдерін меңгеру – заман талабы. Бұрынғыдай 45 минуттың басым бөлігінде мұғалім сөйлеп, балаға мүмкіндік қалдырмау, тіл білімін жаттанды-құранды тест арқылы бағалаудың орнына, қазір оқушыны сыни тұрғыдан ой­лау­ға баулу, оқы­лым, айтылым, жазылым, сөйлеу дағдысын қалыптас­тыру арқылы үйретуге басымдық берілуде. Осы тұрғыдан алғанда, өз пәнін қызықты қылып өткізу үшін ізденіс жолына түскен мұғалімдерді әдіскер-ұстаз деп атауға болады. Сондықтан да болар, байқау ұйымдастырушылары алыстан сапарлап келген мұғалімдердің қай-қайсысын да марапатсыз қалдырмады. Сонымен қатар, жекелеген аталымдар бойынша демеу­шілердің атынан арнаулы сыйлықтар берілді. Мысалы, «Elorda Aqparat» медиа компаниясы атынан арнаулы сый­­лық шығысқазақстандық Қали­маш Нүсіповаға («Үздік эссе») берілсе, Астана қаласы Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының атаулы сыйлығына Айгүл Батырханова, Меруерт Зиятбек, Жанар Әділбекова ие болды. Ал байқаудың басты үш орны Г.Озғанбаева, Қ.Дүйсенова, Ә.Айдарбекова (III орын), Г.Ра­қымбаева, Ж.Сейсенбаева (II орын), Н.Тұрғынбаеваға ­(I орын) бұйырды. Байқауға белгілі тіл жанашыры, жергілікті қаламгер Ә.Нәбиевтің тұяғы, «Он олжа» корпорациясының президенті Марат Әскенұлы мен Мемлекеттік тілді дамыту қорының директоры Азат Шәуеев демеушілік жасады. Айта кету керек, «Қазақ тілін креативті оқытудың үздік тә­сілдері» республикалық байқауы осымен екінші мәрте өт­кі­зіліп отыр. Оның басы-қа­сын­­да ҚазГЗУ-дағы Қазақ тілін креативті оқыту орталығының жетекшісі, белгілі тілтанушы Күләш Шәймерденова жүрді.

Әділбек ЖАПАҚ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

seventeen − five =