«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

ЭКО: соңғы үміттің саудасы

0 1  003

1996 жылы елімізде репродуктивті медицина бағдарламасы іске қосылғалы бері жасанды ұрықтандыру әдісімен 14 000-нан астам  нәресте дүниеге келіпті. Ал әлемнің санағына сүйенсек, «эко-сәбилердің» саны алты миллионнан асады.

Аздап тарихтан тарт­сақ, осыдан сегіз жыл бұрын 2010 жылы ағылшын биологы Роберт Эдвардс медицина және физиология саласындағы «қолдан ұрықтандыру технологиясын ойлап тапқаны үшін» Нобель сыйлығын алды. Оның алдында ширек ғасырлық тәжірибелер болды. Шын мәнінде де адам баласының жаратылысына үлкен өзгеріс әкелген түтікшеде пайда болған тұңғыш сәбиге биыл 40 жыл толып отыр. Бұл – табиғи жолмен өздігінен бала көтере алмаған жағдайда аналық жұмыртқа клеткалары мен аталық ұрық клеткасын бөліп алып, медициналық қолайлы ортада біріктіріп ұрықтандыру тәсілі.
Біздің елімізде тоқсаныншы жылдары Алматыдағы қалалық Адам ұрпағын өрбіту орталығы негізінде экстракорпоральдық ұрықтандыру зертханасы ашылды. Одан бөлек, Астанада «University Medical Center» корпоративтік қорының Ана мен бала ұлттық ғылыми орталығы Экстракорпоральды ұрықтандыру (ЭКО) – жаңа буындағы репродуктивтік қосалқы технологиялардың барлық түрлеріне қызмет көрсетіледі. Алматыдағы Акушерия, гинекология және перинатология ғылыми орталығына қоса жекелеген жиырмаға тарта орталықтар бар. Қазақстанда мемлекет қаражаты есебінен экстракорпоральды ұрықтандыруға алғаш рет 2010 жылдан бері тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі (ТМККК) шеңберінде квота бөлініп келеді.
Әлемде бұл жаңа да жас ғылымның жақтаушылары да қарсыластары да тепе-тең деуге болады. Еуропалық елдердің ішінде Испания озық көрсеткіштерімен алға шықса, барша ислам елдерінде бұл әдісті қолдануға мүлдем тыйым салынған. Мұны проваслав шіркеуі де қолдамайды. Дегенмен, Ресейдің осы саладағы жетістіктері ғалымдар назарына ілініп отыр.

Ерназардың сегізі Ертөстіктей бола ма?

Ғалымдар бірауыздан, қазіргі ерлердің жыныстық жасушалары бар ұрығының саны азайып, жыныс мүшесінің қатерлі ісігі дендеп келе жатқанын айтады. Статис­тикаға сәйкес, соңғы 40 жылда ерлер шәуетінің саны екі есеге азайған екен. Дүние жүзінде ерлердің әрбір жасушасына дейін есептеп қойғанда, қазақ азаматтарының донор болғысы келмеуін түсіну қиын.
«Ерназардың сегізі» деп отырғаным, орталықтардың қорындағы сперманы сегіз бөліп, соншама рет қолданып, сегіз әйелдің жатырына салады екен. Заң бойынша 20 бағдарламаға дейін қолдануға рұқсат берілген. Бұл қолдың қысқалығынан, сперма қорының тапшылығымен деп түсіндіреді. Сол себепті де сперманы шетелден, соның ішінде Ресейден сатып алады екен. Демек, қолдан ұрықтануға келген әйелдің алдында таңдауы аз. Балам еңсегей бойлы, кең жауырынды, маңдайы кере қарыс, дені сау қазақтың нарқасқа жігітінен болса екен деген арманы аяқасты қалады. Қазақтың 25-35 жас аралығындағы донорларын тексергенде 50 адамның екеуінің ғана аталық ұрығы жарамды болып келеді шығыпты.
Донорға қойылатын талап ең алдымен, туабітті, созылмалы аурулары, жаман әдеттері болмауы тиіс. Бір тапсырған шәует үшін түрлі орталықтарда 15 мыңнан 30 мың теңгеге дейін төленеді. Осындай сұраныс әйелдің аналық жұмыртқа безіне де бар. Оны 18-30 жас аралығындағы әйелдерден балалы болған жағдайында ғана алынады. Донордың ұрпағынан пайда болған бала кімнен жаратылғанын ешқашан білмейді. Заң бойынша, ұрығын тапсырар алдында өз балаларын іздемейтінін, өзінен балалы болған әйелдердің дерегін сұрамауға келісімін алады. Әйел білмесе қойсын, ертең бала өскенде мен кіммін деген сұрақ мазаламай ма? Сонда оған пробиркадан туғансың деп айта ма?! Бұл да – «ЭКО-ның» күмәнді тұстары.
Ертегінің кейіпкері Ерназардың сегізі деп бекер айтқан жоқпыз. Бір адамның ұрығын оңды-солды шашқанша, бір шәуеттен бір Төстік тудырса кәнекей? Емдеу барысында Ресейден әкелген спермаға тәуелді болғанша, әйелдің күйеуі жағынан туыстарын қолқалап, сол әулеттің ұрпағын неге жалғастырмасқа? Тағы да қорқыныштысы, алда-жалда бір азаматтан алынған спермадан пайда болған балалар өсе келе бірін-бірі тауып, көңіл қосып тағы да бір зиянды іске бастаса не болады?! Бұл – әлі шешімін тапаған нәрселер.
Байыптап қараса, бұл тек бедеулікті емдеудің тәсілі емес сияқты. Әріден ойлансақ, адамзаттың жаратылысында табиғи жолдың, әйел мен еркектің орнын жоққа шығарудай көрінеді. Қазынасы кең құдайдан үміт етпей, баланы қолдан жасаудың қандай қажеті бар деп, ғылымнан теріс айналуға болмас. Ал ғалымның етегінен ұстасақ, ендігі бір он-жиырма жылда адамзаттың нәзікжандылары күйеуі үшін үш мезгіл тамақ дайындап, жағдайын жасаудан жерініп, онсыз да қайранға кетіп бара жатқан азаматтың қара басын құрдымға жіберіп, жіңішке иненің ұшындағы тамшы мен пробирканың қоймалжыңын артық көрсе, кім қой дер екен?! Сөзімнің дәлелі ретінде батыс түгіл шығыста белең алып бара жатқан құрсақ аналар мен баласыз ерлі-зайыптылар арасында бизнестік мақсатты көздеп делдалдық жасайтындардың, әйелдердің жұмыртқа бездері мен ер адамдардың спермаларын сау­далайтын орталықтардың кең тарағандығы баршаға мәлім. Егер ғылым жаратылыстың заңдарына қарсы жұмыс істесе ғылым деп айтуға бола ма?! Бедеулікті сылтау етіп, адам баласының азғындалуының төріне тақаған жоқпыз ба?!
Тамыры жоқ, тарихы пробиркадан бастау алған аз ғана бала үшін әзірге алаңдауға болмас. Дегенмен, бұл істе ұлтымыздың оңтайына келмейтін жайттарын түзетіп, перзентсіз отбасын да шаттыққа бөлеп, ілеуде бір кездесетін бедеуліктің де жолын кесуге болады емес пе?! Әйтеуір, көңілге дем беретіні – тәулігіне 60-қа жуық бала дүние есігін ашып жатқан елорданың перинаталды орталықтарынан жетіп жатқан жағымды жаңалықтар.

«Еkomed»  табысты бизнес пе?

Солай деуге де болады. Бір қызығы, жақсы жолға қойылған жарнаманың нәтижесінде белгілі ғалым, репродуктолог-эмбриолог Салтанат Байқошқарова соңғы жылдары көпке танымал болды. Өте қарапайым, өз ісіне де, сөзіне де мығым, ер тұлғалы әйелдің атқарған ісіне көңілің марқаяды. Сәби сүюге зар болғандарға үміт сыйлап, қалың көпшілікке бедеу­ліктің ауыр кесім емес екенін жалықпай түсіндірді. Соның арқасында арасында өз ісінің қыр-сырын да, алғашында құлаққа ерсі естілетін атауды да санамызға сіңдіріп, халықтың көзайымына айналды. Он жылда Астана, Алматы, Тараз, Шымкент, Атырау, Ақтау қалаларында клиникасын ашып тастап, қазақтың экстракорпоральдық ұрықтандыру ғылымына үлесін қосып келеді.
Егер гинекология және акушерлік саласында дәл осындай бірнеше Байқошқаровалар болса, нұр үстіне нұр болар еді. Олар талмастан репродуктивтік денсаулықты қорғау саласын жетілдіру, бедеуліктің алдын алу мәселелерін көтере білсе, жағдай біршама түзелер еді. Әйелді бедеулікке жеткізетін жайттарды жайып салып, жас қыздарымыз бен жігіттерімізді жаман қылықтан сақтап, ыстық-суықтың ұрпақты дүниеге алып келудегі зиянын жеткізе білсе, көп мәселе кейінге кетер еді. Әзірге амал жоқ, пробиркадан бала тілегендер «тар жол тайғақ кешуге» жеңін түрініп жеке шыққан сияқты.
Жалпы, бедеулік мәселесі ұрандайтындай жайт емес. Рас, бұрында болған, әлі де бедеулік маңдайына жазылғандар бола береді. Соңғы кезде мұның белең алып кетуі алаңдатқан. Өйткені оны экология, қаланың стресстік жағдайы, ішкен асымызбен де байланыстырамыз.
Ең бастысы, адамдардың өз өміріне, денсаулығына немқұрайлы қарауынан (бәлкім, білместіктен), жасөспірім арасындағы жыныстық қатынастың ерте басталуы (14 жас!) жастардың бейберекет жыныстық қатынас­қа түсуі, он екіде гүлі ашылмай жатып түсік тастап, жұқпалы ауруларға шалдығуы ерлердің белсіздігіне, әйелдердің бедеулігіне алып келіп отыр.
Жақында Салтанат Байқош­қарова елордалық клиникасының он жылдығын атап өтіп, осы жылда 2 мың бала дүниеге келді деп хабарлады. Біз де қуаныштымыз. Ғылымның дамуына, қоғамның алға озуына қарсылығымыз жоқ. Және осындай орталықтардың елімізде ашылып, заңды түрде рұқсат берілгені де оң шешім. Өйткені мына ақпараттандырылған заманда қаншама әйел шетел асып, сәбилі болудың жолын іздер еді.
Осы мақала арқылы бедеулік жабысқан әйелдердің соңғы үмітін өшіріп, олардың көрер қызығына да қарсы келгіміз жоқ. Бірақ бұл мәселенің астарында құйылып жатқан қаржы көп. Көп қаржы. Мысалы, тек қана бір орталыққа он жылда шамамен он мыңға жуық әйел көрінсе, олардың ішінен бағы жанғандарының саны жоғарыдағыдай. Демек, бұл күні-түні жарнамаланып жатқанындай бәріне бірдей бұйырған бақыт емес. Оны түсініп жатқан жан жоқ.
Ендеше, «экомен» бірге сәби сүюдің басқа да жолын қарастырған жөн болар еді. Бұрындары ағайыннан бала алып асырап алу бар болатын, оның аяғы майлы болып, өздеріне де құдай беретін. Қазір де жетімдер үйінде жәутеңдеп талай қазақ баласы жүр. Оларды да асырап алу – сауапты іс. Мұны неге ескермеске?! Бәлкім, маңдайына бала сүю жазбаған әйелдің жер бетіндегі жолы да, міндеті де басқаша болар. Сәбиге деген мейірімін басқаға жұмсау керек болар?
Сәті түскенде, Салтанат Байқошқаровадан сұхбат алып, қолдан ұрықталған жолмен туылған балалардың туабітті кеселдері бар ма, болса табиғи жолмен дүниеге келгендермен салыстырғанда үлес салмағы қандай дегенде, «Табиғи жолмен дүниеге келген балалардың ауруларымен бірдей» деп жауап берді. Әрине, оның қыр-сырын түсіндіріп, статистикасын шығарып отырған ешкім жоқ. Бас сынса, бөрік ішінде. Бас­тысы, орталыққа жүгінген 100 бедеу әйелдің, 100 белсіз еркектің отызында ғана баласы болады. Ал қалғанының тағдыры жайында, яғни, жалған үмітке сеніп қаражатын желге ұшырғандарды кім ойлапты? ЭКҰ әдісіне жүгінгендердің әрқайсысына мемлекеттен 700 мың теңге бөлінеді. Оның 400-500 мың теңгесі дәрілік препараттарға кетеді екен. Ал жасанды ұрықтандырудың өзі күрделі технологиясымен қосқанда орта есеппен 300-500 мың теңгені құрайды. Сонда бұл әдіске жүгінгендердің қалтасында кем дегенде 1 миллионға жуық қаржы болуы керек. ЭКҰ-ны бір жасағанда жүкті болу мүмкіндігі небәрі 30-40 пайыз екенін ескерсек, көп жағдайда ерлі-зайыптыларға бірнеше жыл қатарынан осы әдістен үміттенуге тура келеді. Соған сай қаржы көлемі де өседі деген сөз. Соңғы үміттің бағасы тым қымбат емес пе деген сұрақ туындайды…

Айгүл УАЙСОВА

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды