«5-10-20» бағдарламасы: кімнің пәтер алуға мүмкіндігі бар?

0 75

Үкімет үйіндегі брифингте Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов «5-10-20» жаңа тұрғын үй бағдарламасының басты талаптарын түсіндіріп берді. 11 мамырдағы мемлекеттік комиссия отырысында тұрғын үй құрылысы саласындағы мәселелерді шешуге қатысты тапсырма берілгені мәлім. Соның ішінде Ұлттық даму институтын құру және «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкін» «Отбасы банкі» алғашқы баспанамен қамтамасыз ету орталығына айналдыру туралы мәселелер де бар.Бейбіт Атамқұлов «Отбасы банкінің» басты идеясы меншігінде үйі жоқ әр қазақстандықтың осы орталыққа хабарласып, өз табысына қарай қолжетімді баспана алуға мүмкіндікке ие болатынын түсіндіріп берді. Министрдің айтуынша, үй алуға өтініш білдірген азаматтар санаттарға бөлінбей, нақты табыстарына қарай іріктеледі. Мәселен, отбасының әр мүшесіне есептегенде табыс мөлшері 1 ең төменгі күнкөріс көлеміне (31,2 мың теңге) дейінгі азаматтар жалға берілетін тұрғын үй алады. Отбасының әр мүшесіне есептегенде табыс мөлшері 2 ең төменгі күнкөріс көлеміне дейінгі азаматтар «Бақытты отбасы», «2-10-20» бағдарламалары бойынша 2 пайыздық мөлшерлемемен баспана ала алады. Отбасының әр мүшесіне санағанда табыс мөлшері 3,1 ең төменгі күнкөріс көлеміне де­йінгі (96,7 мың теңге) тұрғындар жаңа ­«5-10-20» бағдарламасы бойынша үй алады. Ал отбасының әр мүшесіне санағанда табыс мөлшері 3,1 ең төменгі күнкөріс көлемінен жоғары табысы бар азаматтар екінші деңгейдегі банктердің бағдарламаларына («7-20-25», нарықтық ипотека) қатыса алады.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

2 × 4 =