«5-10-20» бағдарламасы: артықшылықтары мен шарттары

0 27

Елімізде баспана мәселесін шеше алмай отырған азаматтар көп. Оның себебі де түсінікті. Баспана бағасын көптің қалтасы көтермейді. Бұл түйткілдің өзектілігі төтенше жағдайда аса байқалды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев тұрғын үй кезегі мәселесін шешу үшін Үкіметке «5-10-20» бағдарламасын іске қосуды тапсырған болатын. Жаңа бағдарламаның негізгі шарттары қандай? Бағдарламада кімдерге басымдық беріледі? Осы жайында Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі орталық филиалы директорының орынбасары Әсел ТҮЛЕУҒАЛИЕВАМЕН әңгіме өрбіттік.– Алдымен «5-10-20» бағдарламасы аясында кімдер баспаналы бола алатынын айтып өтсеңіз…
– «5-10-20» бағдарламасын Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі Президент тапсырмасы бойынша іске қосады. Бұл бағдарламаның негізгі мақсаты – қолжетімді баспана мен үйге мұқтаж азаматтарды қамтамасыз ету.
– Бағдарламаның шарттары қандай? Кімдер қатыса алады?
– Бағдарламаның жалпы шарттары бойынша бастап­қы жарна – 10 пайыз, жылдық несие мөлшерлемесі – 5 пайыз, үміткердің ТҮҚЖБ шотында жинағы болуы тиіс жəне 20 жылға дейін несие рəсімделетін болады. Сондай-ақ үй алғысы келетін адамның атында баспанасы болмауы шарт. Бағдарлама аясында баспаналы болғысы келетін азаматтардың əкімшілікте тұрғын үй кезегінде тұруы міндетті. Əр жанұяның отбасылық табысы соңғы 6 ай көлемінде адам санына шаққан кезде 101 мың теңгеден аспауы қажет. Қазіргі таңда Қазақстанда үй кезегінде 540 мың адам тұр. Басымдық мемлекеттік қыз­меткерлер, әскерилер және бюджеттік сала мамандарына беріледі. Сонымен қатар кезекте тұрған толық емес, көпбалалы отбасылар және мүгедек бала тәрбиелеп отырған отбасылар да осы бағдарламаға қатыса алады.
– «5-10-20» бағдарламасы қай өңірлерді қамтиды жəне қандай үйлерді алуға болады?
– Бағдарлама барлық аймақтарды қамтитын болады. Əр аймақта өзінің шектеулі сомалары бар. Жеке құрылыс салушылар ұсынған жаңа үйлердің ең жоғары займ сомасы Қазақстанның әр аймағына байланысты өзгеріп отырады. Мәселен, Нұр-Сұлтан, Алматы және осы қалалардың маңындағы аймақтар үшін 18 млн теңгеден; Атырау, Ақтау, Ақтөбе, Түркістан және Қарағанды облыстары, сондай-ақ Шымкент үшін 15 млн теңгеден, басқа аймақтар үшін 12 млн теңгеден аспауы керек.
– Аталмыш бағдарлама бойынша алғашқы пəтер кілттерін табыстау қашанға жоспарланған?
– Бүгінде «5-10-20» бағдарламасы бойынша Үкімет тарапынан жаңа талаптар мен шарттар қарастырылуда. Жоспар бойынша бұл бағдарламаны осы жылдың маусым айында бастау көзделген.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

four × two =